Ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек – Президент

0
494

Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп» отырғанын, «осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз» екенін,«әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін» болатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев жеті бағытқа басымдық берді. Енді оған жеке тоқталып жату артық болар. Дегенмен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқан бюджет саясаты мәселесін шешпей, өңірлердің әлеуетін толық пайдаланбай, даму мүмкін болмайды.

«Келесі мәселе – бюджет саясаты. Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды.  Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Расында, Президент бюджет саясатын текке көтеріп отырған жоқ. Күні кеше Қазақстанның алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеті қабылданды. Алдағы жылғы республикалық бюджеттің шығысы – 21 трлн теңге, кірісі – 17,8 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Яғни, мемлекеттің кірісінен шығысы көп болғандықтан, қоян жылында республикалық бюджеттің «тесігін бітеуге» қосымша 3,2 трлн теңге керек. Өкінішке қарай, бюджет тапшылығы жылда қайталанатын жағдай. Өйткені, еліміздегі 20 өңірдің 17-сі өз–өзін «асырай» алмайды. Содан республикалық бюджет дейтін «ортақ қазанға» қол салады. Бұл тақырыпты өткенде қозғадым. (Оқимын десеңіздер, сілтемесі: http://qazaq1913.com/2022/12/08/aza-standa-y-20-irdi-17-si-zin-zi-asyraj-almaj-ma/ ). Мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы алатын аймақтардың көшін әдеттегідей Түркістан облысы бастап тұр. Болжам бойынша келесі жылы аталған облыс 976,7 млрд теңге субвенция алады. Биыл 2 млн халқы бар облысқа республикалық бюджеттен 402,3 млрд теңге бөлінді. Яғни, қоян жылы субвенция көлемі екі есе артады. Демек, дотацияда отырған өңірлердің әкімдері бюджет қаражатын қажетсіз дүниеге жұмсауды доғарып, Президент айтқандай, «ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек».

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here