Спорт ешқашан еркелікті көтермейді – Жамиля Бақбергенова

0
1249

Кәсіп пен мамандық жынысқа бөлінбейді. Әсіресе, спорттың әйелдер аяқ баспаған түрлері сиреп барады. Нәзік жанды әрі табиғатынан талдырмаш арулардың талай тартыстарда топ жарып, туымызды биікте желбіретіп, әнұранымызды әуелеткенін көріп те жүрміз. Қыр гүліндей құлпырып тұрғанымен, тепсе темір үзетін қара күші де бар қыздар спорттың әртүрлі саласында өздерін мойындатып жүр. Бағыты айқын, болашағы мен қадамы нық бұрымдының бірін бүгін сұхбатқа шақырдық. Әйелдер күресінен Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері мен Азия чемпионын әңгімеге тартудағы мақсатымыз – асқан төзімділікті талап ететін салада жүрген жастарға дұрыс жол сілтеу болды.

«Жетістік пен жеңіс деген ешқашан оңайлықпен келмейді»

Жамиля, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, үш дүркін Азия чемпионы және Әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегерісіз. Біз айтпай кеткен басқа да жеңістеріңіз жетерлік. Небәрі 27 жастағы арудың бүгінгі жетістігінің сыры неде?

– Мен үнемі бір қағидамен өмір сүремін. Есімің аталғанда, сенің кім екеніңді адамдар осы күнге дейінгі жасаған жұмысың арқылы таниды. Алған асуың, бағындырған белесің көп болса, елге сыйлы, сөзің де өтімді болады. Сондықтан өзімді үнемі қамшылап отырамын, бос уақытымның болмауын қадағалаймын. Бір тауды бағындырамын десең, алдыңа мақсат қой да еңбек ет. Міндетті түрде жемісін көресің. Спорт ешқашан еркелікті көтермейді. Жаттығу залына адамдар көңіл көтеру үшін бармайды. Мысал келтірейінші, жарысқа дайындалғанда, жеңуге бел байласаң, сен сол ниетіңе қарай қимылдайсың. Күндіз-түні дұғада жүресің, өзіңе артық нәрсе ойлауға рұқсат етпейсің, фокусты тек сол мақсатқа ғана қоясың. Міне, жетістік пен жеңіс деген ешқашан оңайлықпен келмейді. Айтады ғой, «алынбас қамалы, еңбегімен адалы» деп. Бір рет өзіңе рұқсат беруің керек, мен сол биікті бағындырсам, демек, бекер жүрмегенім. Керісінше, бос жүрісті мұрат тұтып, сайыста шыңды бағындырамын десең, қатты қателесесің. Сондықтан өсемін деген адам, ниеті бен пейілін түзегені абзал.

Спортшылардың күн тәртібі баршаға аян. Күнделікті қатаң тренировкалар, жаттығулар, салмағын бірқалыпты ұстану, белгілі бір ұстанымдар, артық тамақ жемеу сынды қағидаларыңыз бар. Осы бірыңғай тәртіптен жалығатын сәттер болады ма? Спортшы болмағанда, қай саланы игеретін едіңіз?

– Иә, өз салмағыңды ұстап тұру үшін қажыр-қайратың мықты болу керек. Спорт – адамның ерік-жігерінің қаншалықты мықты екенін сынайтын сала ғой. Әркімнің өз жолы бар, дегенмен қазір шашын өсіріп, қыздармен жарысып сұлулық салондарында жүретін жігіттерге қарап ойлаймын, отбасында дүниеге келген әрбір ұл баланы жастайынан спортқа баулу керек шығар. Бұл қайтпас қайсар мінез тек жігіттерде ғана болуға тиіс дегенім емес. Әр істі соңына дейін жеткізетін табандылық кез келген адам баласына керек қасиеттер. Ал, спорт адамды тұрақтылыққа, жылдамдыққа, табандылыққа, тез ойлануға, тынымсыз еңбек етуге баулиды. Осы саланы игеріп, өзіме ұнайтын іспен айналысып, қара басымның ғана емес, елдің абыройын арқалап жүргеніме ешқашан өкінген емеспін.

Бала күнімде сот болғым келетін. Осы арманның жетегімен, Абай атындағы ҚазҰПУ-ға «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алдым. Дегенмен, спорттан қол үзбей, үнемі жарыстарда жүретінмін. Осы ретте университет ұжымына алғыс білдіріп өткім келеді. Оқу орны маған қай кезде болмасын үлкен қолдау көрсетті. Жаттығу жиындарынан қалмай, алаңсыз жаттығуым үшін барлық жағдайды жасады. ЖОО-да жүргенде де, қазір де үлкен, толағай табыстарды бағындырсам, бірден-бір себепкер сол, Абай университетінің қолдауы деп білемін. Өзім армандағандай, қара қылды қақ жаратын, әділ төрелік ететін заң қызметкері болмасам да, ниетім – үздіксіз жаттығып, тынбай еңбек етіп, еліме адал жеңістерді тарту ету.

«Ниеттің адалдығы – сені көкке көтереді»

Бүгінде жанкүйерлері көп, жастар үлгі тұтатын, спорт саласында өз орны бір төбе танымал тұлғаға айналдыңыз. Жас болсаңыз да, алған асуыңыз баршылық. Өз жолыңызбен бөлісіңізші, күресемін деген қыздар спорттық мансабын неден бастағаны дұрыс?

– Білесіз бе, спорттың жаман түрі болмайтыны секілді, жаны таза емес адам да бұл салаға аяқ баспайды. Әйелдер күресіне мен саналы түрде келдім. Сондықтан болар, өмірде қандай жағдай болса да, қолымнан келгенше әрекет етіп келемін. Спорт та өнердің бір түрі болғанымен, мұнда еркелікке де, қателесуге жол да жоқ. Барлық жаттығулар мен іс-әрекеттер ең жоғары деңгейде нақты істелу керек. Тез ойлану қабілетіңді де шыңдағаның дұрыс екеніне әр сәт сайын көзім жетіп келеді. Өйткені, турнир, олимпиада кезінде әртүрлі жағдайлар орын алып, тез шешім қабылдануы тиіс оқиғалар болады. Жүйке жүйесінің өзгерісін әрдайым өз бетіңше бақылауда ұстап отырғаның абзал. «Ішкі тірегіңнің» мықты қалыптасқаны дұрыс. Бәрі бірден болмайды ғой. Алғашқы кезеңнің қиындықтарынан өту де спортшы үшін қашан да оңай болмаған. Сондықтан өз басым психологиялық тұрғыда кез келген ситуацияға дайын отырамын.

Өзіңіз айналысып жүрген спорттағы басты мақсатыңыз қандай?

– Спортшыға фанат болу мен спортқа фанат болу деген ұғым бар. Жанкүйер болып келіп, қызығушылықпен бастаған жас қыздардың біразы кейіннен күрестің «өзінікі емес» екенін түсініп, қайтып кетіп жатқандар болған. Мұнымен айтқым келгені, қазір өзімде бардың барлығы – маған Алланың берген сыйы. Үй-ішім аман, сүйікті ісім бар. Спортты менің жан-дүнием десек те болады. Ал, жанымның тазалығы – мен үшін алдыңғы орында. Жоғарыда айтып өткенімдей, ниеттің адалдығы – сені көкке көтереді. Қалғаны Алланың құзырында.

Жамиля, күрестен әйелдер арасында Әлем чемпионын шығару үшін елімізде спортшыларға қандай жағдайлар қарастырылу керек? Осы саланың бел ортасында жүрген адам ретінде жететін-жетпейтін,  кем-кетік тұстарын байқадыңыз ба?

– Барлық жетістікті өзі күшіңмен, абыройыңмен бағындырғанға не жетсін?! Десе де, кейде адам болған соң, анау болса екен, мынаны жасаса екен деп ойлайсың, жасыратыны жоқ. Қазір жастар арасында күрес, ауыр атлетика, дзюдо, бокс сынды спорт түрлеріне қызығушылық басым. Әрине, оның барлығы, осы салада белгілі бір ілгерілеудің бар екендігін көрсетеді. Барлығы еліктеуден, қызығушылықтан басталады ғой. Біз де алдыңғы буынға қарап өстік. Мен де солардың ізбасары болсам деп ойлайсың, сонымен карьераң осылай басталып кетеді (жымиып). Ал, спортшыларға қарастыру керек жағдайлар туралы жетістігі бір басына жетіп-артылатын, айтары мен көрген-түйгені мол үлкен буын аға-әпкелеріміз баяндай жатар. Қазірше менің негізгі міндетім – еліміздегі әйелдер күресінің деңгейін көтеруге қолымнан келгенше атсалысу. Жағдай жаса деп қарап отыратын жаста емеспін. Күш-қабілетім мен энергиямды барынша дұрыс бағытта жұмсағым келеді. Уақыты келгенде, менің пікірім тыңдалатын кезең келеді. Әзірше қолымнан не келетінін көрсеткім келеді.

«Парижде өтетін Олимпиада ойындарында бағымды сынап көрсем деймін»

Өткен жыл Сіз үшін табысты болды. Әр жеңістің артында қаншама еңбек пен төгілген тер бар. Ал, қазір немен айналысып жүрсіз? Жақын арада Сізді боз кілемнен көре аламыз ба?

– Дұрыс айтасыз. Былтырғы жылы қатысқан барлық жарыстан Алланың және жақындарымның қолдауымен жүлдесіз оралған жоқпын. Қазақстан спартакиадасында жеңіске жетіп, Әлемдік және халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алдым. Астана қаласында өткен Азия чемпионатында жанкүйерлерімді жерге қаратпай чемпион атандым. Қырғызстан және Венгрия елдерінде өткен әлемдік рейтингтік турнирлерде топ жардым. Сербия астанасы Белград қаласындағы Әлем чемпионатында қола бұйырды. Әлем чемпионатын өткізген соң, қысқа уақытта Азия ойындарына өз салмағымда шықпағаныммен, күміс алып, бағым жанды. Оңайшылықпен келмеген жеңістердің барлығы бірінші Алланың, екінші – бапкерім Нұрсұлтан Теміров мырзаның арқасында деп білемін.

Осы еңбегімді ескерген елім де мені марапатсыз қалдырған жоқ. Астана қаласы әкімдігінің сыйлаған пәтері маған үлкен мотивация болды. Спорт басқармасының шешімімен «2023 жылдың үздік спортшысы» деп танылдым. Кәсіпкер ағамыз Талғат Сақан темір тұлпар мінгізіп, төбемді көкке көтерді. Қолдаушыларым барда, мен үнемі жеңіс пен жетістік туын жоғары көтере бермекпін. Маған сенім білдірсеңіздер, мұнымен тоқтап қалмай, биылғы жылы да үлкен үмітпен біраз жоспарларды алға қойып отырмыз. Бәрі болашақтың еншісінде. Парижде өтетін Олимпиада ойындарында бағымды сынап көрсем деймін. Одан бөлек, қаншама тартыстар тосып тұр. Баршаңызды жанкүйер болуға шақырғым келеді. Қазір Түрік елінде оқу-жаттығу жиынында жүрмін. Бұл Яшар Догу турнирінің алдындағы сбор саналады.

Жеке өміріңізге қаншалықты жиі көңіл бөлесіз?

– Қазір өзіме көптеген жүк артып қойғандықтан, жеке өміріме көңіл бөлуге мүмкіндік болмай жатыр. Менің таңертең ұйқыдан оянғанымнан бастап, түскі ас, кешкі тамақтану уақытыма дейін белгіленген. Тіпті, демалыс күндеріне де жоспарланған кездесулер бар. Жаттығуларымның уақытын кешіктіруге болмайды. Дегенмен, қоғам алдындағы міндетімді де ұмыт қалдырмауға тырысамын. Соңғы уақытта әртүрлі қайырымдылық жобаларында ерекше белсенділік танытып, көңіл бөлгенге ықыласым ауып жүр. Ол менің жаныма жылулық, өзгеше сезім ұялататынын да сеземін. Болашақта ірі жобалармен айналысу да жоспарда бар. Қазірше мендегі жаңалықтар осы.

Сұхбатыңызға рахмет! Алар асуыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан Мөлдір РӘСІЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here