Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Конституциялық Соттың судьяларын қызметке тағайындады, бірқатар заң қабылдады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Палата депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ерлан Сәрсембаев, Асан Ескендіров және Айгүл Қыдырбаева Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары болып тағайындалды.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, қабылдады.
Жаңа заңның нормаларында борышкерге соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдері арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылған. Көрсетілген шаралар борышкердің өтініші бойынша ғана қолданылуы мүмкін. Сенат Төрағасы атап өткендей, заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданды және олар осы бағыттағы мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешуге арналған.
«Заңда борышкер мен кредитордың құқықтары мен міндеттері, уәкілетті орган мен қаржы басқарушысының өкілеттіктері нақты белгіленеді. Қабылданған заңдар халықтың борыш жүктемесінің төмендеуіне және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Құжатта қаржылық бақылау тетігі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараны едәуір күшейту ұсынылған. Бұл қадам мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың, олардың жұбайларының кірістері мен шығыстарына толық талдау жүргізуге мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап мұндай адамдарға мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан шығарылғанға дейін әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады. Сондай-ақ осындай себептер бойынша жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметші үш жыл бойы мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдарында қызмет атқара алмайды.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қабылданды. Бұл заң тазы және төбет тұқымдарын сақтауға арналған. Соған байланысты осы құжат арқылы тиісті салада жұмыстарды жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленеді, сондай-ақ уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.
Сенаторлар экологиялық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді, оның ішінде заңсыз шөп шабу және мал жаю, орман фаунасын жою немесе бүлдіру, орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру және басқа да тәртіпті бұзушылықтар үшін айыппұл санкцияларын ұлғайтуды көздейтін Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске түзетулер енгізу мәселесін қарады. Талқылау нәтижесінде «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Бақытжан Байахметов электр энергиясы бағасының өсуіне байланысты проблеманы көтерді және елдегі энергетикалық кешенді дамыту шараларын ұсынды. Одан бөлек, депутат Энергетика министрлігіне қуаты аз қазандықтарды бақылау құқығын беру арқылы бұл саланы күшейту қажет екенін айтты.
Рысқали Әбдікеров Үкіметті қант диабетімен күрес жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеуге және эндокринолог-дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешуге шақырды.
Әли Бектаев Қостанай облысының Торғай өңірінде пойыздар мен теміржолдардың әбден тозғанын назарға алып, инфрақұрылымның ескіруіне және саланың сын көтермейтініне алаңдаушылық білдірді.
Айта кетейік, бұл – Сенаттың биылғы қорытынды отырысы. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Палатаның бір жылдық жұмысын түйіндеп, негізгі нәтижелерге тоқталды. Сенат Төрағасы өз сөзінде Палата жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау екенін айтты.
«Биыл Парламент 86 заң қабылдады, оның 13-іне депутаттар бастамашы болды. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Заң шығару кезінде әрбір заң жобасы Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланды. Халықтың пікірі мен көпшіліктің үні ескеріліп отырды. Конституцияға, соның негізінде бірқатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы конституциялық заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің және Үкіметтің құқықтық жағдайын белгілейтін конституциялық заңдарға да өзгерістер енгізілді», – деді Сенат Спикері.
Палата Төрағасы Сенаттың тұрақты Комитеттері заң шығару қызметімен қатар жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара өткізгенін де тілге тиек етті.
«Сенат қабырғасында «Жаңа Қазақстан: Жастар және жаңғырту» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізілді. Биыл 4 үкімет сағаты ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Комитеттер 50-ге жуық көшпелі отырыстар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Әріптестеріміз өңірлерде, оның ішінде шалғай ауылдарда жергілікті тұрғындармен 650-ге жуық кездесу өткізді. Сонымен қатар биыл сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады», – деп қорытындылады Мәулен Әшімбаев.