Биліктегі ауыс-түйіс: Кеткендер мен келгендер (инфографика)

0
1866

Өткен жылы саясаткерлердің бір бөлігі саяси сахнадан кетіп, жаңа тұлғаларға жол берді. Ұлыбритания мен Израильде премьер-министр үш рет ауысты. Сондай-ақ, Ұлыбритания патшайымы қайтыс болды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін барыс жылында билікте болған ауыс-түйістерге тоқталады.

Қыркүйек айында Ұлыбритания патшайымы II Елизавета 96 жасында Шотландиядағы Балморал сарайында өмірден өтті. Былтыр патшайым II Елизаветаның таққа отырғанына 70 жыл толды. Патшайым британ тарихындағы ең ұзақ билік еткен монарх. II Елизавета 1952 жылы 6 ақпанда әкесі король VI Георгий қайтыс болғаннан кейін 25 жасында патшайым атанған-ды. Ал, мамыр айында III Карл таққа отырды.

Ұлыбританияда бір жылда үш премьер ауысты. Борис Джонсон отставкаға кеткеннен кейін оның орнына Лиз Трасс сайланды. Бірақ, 47 жастағы британ саясаткері мойнына алған міндеттерді орындай алмайтынын мойындап, 20 қазанда отставкаға кететінін жариялады. Ол премьер қызметінде 44 күн ғана отырды. Осылайша, Лиз Трасс Ұлыбритания тарихында премьер-министр қызметінде ең аз отырған саясаткер ретінде қалады. Қазір Ұлыбритания үкіметін 42 жастағы Риши Сунак басқарып отыр.

Словения, Филиппин, Оңтүстік Корея, Колумбия, Бразилия елдерінде президентті халық сайлады. Ал, Венгрияда президент сайлауға түспейді. Мемлекет басшысына Ұлттық жиналыс депутаттары дауыс береді. 2022 жылы 10 наурызда 193 депутаттың 137 дауысын алған Каталин Новак Венгриядағы тұңғыш әйел президент атанды.

Латын Америка құрлығында орналасқан Перуде президент сайлауы болған жоқ. Билік тізгіні вице-президент Дине Болуартеге өтті. Себебі, өткен айда президент Педро Кастильо ел Конгресі таратылатынын жариялады. Бұған жауап ретінде Конгресс мүшелері оны биліктен шеттетуді жақтап дауыс берді. Сөйтіп, Дине Болуарте әріптесі Каталин Новак сияқты Перуді басқаратын тұңғыш әйел ретінде тарихта қалады.

Оңтүстік Азиядағы Шри-Ланка елінде де президент ауысты. Халықтың толқуынан қорыққан президент Готабаи Раджапакса елден қашып кетті. Содан кейін парламент президенттікке премьер-министр Ранила Викрамасингхенің кандидатурасын бекітті. Ол 22 млн халқы бар аралда орналасқан елді 2024 жылы өтетін сайлауға дейін басқарады.

Африканың батысында орналасқан Буркина-Фасода былтыр мемлекеттік төңкеріс орын алды. Оны жасаған 34 жастағы Ибрагим Траоре 21 млн халық қоныстанған елде билік құрды.

Былтыр көктемде Түркіменстанда «билік транзиті» әкеден балаға өтті. Түркіменстанды 15 жыл басқарған Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов ел тізгінін 40 жастағы ұлы Сердарға тапсырды.

Аустралия, Италия, Франция, Израиль, Швеция, Болгария сияқты елдерде премьер-министрлер билік басына парламент сайлауы арқылы өркениетті жолмен келді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here