Құрметті азаматтар, сот сіз келіспейтін сот шешімін шығарғаннан кейін, сіз оған апелляциялық және кассациялық сатыда шағымдануға құқылысыз.
Үкімге, қаулыға апелляциялық шағымдану құқығы сотталғанға, ақталғанға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім, қаулы жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кірген қорғаушыларға, олардың заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жеке айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талапқа қатысты бөлігінде шағымдануға құқылы. Апелляциялық шағымды іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот шешім қабылдаған құқықтары мен міндеттеріне қатысты адамдар да беруге құқылы.
Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарған сот арқылы беріледі. Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты іске қатысатын адамдардың саны бойынша көшірмелерімен бірге сотқа беріледі.
Қажет болған жағдайларда судья шағым берген немесе өтінішхат әкелген адамды іске қатысатын адамдардың саны бойынша шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін ұсынуға міндеттей алады.
Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, ҚР ҚПК белгілеген жағдайларды қоспағанда, түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде, ал сот талқылауына қатыспаған адамдар оларға шешімнің көшірмесін жіберген күннен бастап берілуі мүмкін.
Егер сіз апелляциялық сатының қаулысымен келіспесеңіз, онда оған кассациялық тәртіппен шағымдануға болады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты заңды күшіне енген қаулы шығарылған кезде төменгі тұрған соттардың іс-әрекеттерінің заңдылығын және қорытындыларының негізділігін тексеру рәсімін жүзеге асырады. Кассациялық өтінішхат кассацияны қараудың мәні болып табылады.
Кассациялық сатының судьясы өтінішхатты жеке-дара зерделейді және он тәуліктен аспайтын мерзімде өтінішхатты қайтаруға негіздердің болуы немесе болмауы туралы, сот ісін талап етуге негіздердің болуы немесе болмауы туралы, тараптарды шақыра отырып өтінішхатты алдын ала қарау күні туралы мәселелерді шешеді.
Егер қарау күні белгіленсе, онда іс, құрамында кемінде үш судья бар, кассациялық сатыдағы сотқа берілген күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс.
Қорытындысы бойынша кассациялық сатыда қаулы шығарылады, оған төрағалық етуші және сот құрамына кіретін барлық судьялар қол қояды.
Осылайша, Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейді және кепілдік береді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
заң факультетінің қылмыстық құқық,
қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының з.ғ.к., доценті Алаева Г.Т.