Аралдан көз жазып қалған қазақ Жайықтан да айырылып қалмай ма?

0
3912
Жылдан жылға суы тартылып бара жатқан Жайық өзені. Орал, Батыс Қазақстан облысы. Фото: Аzattyq.org

Жайық – Ресей мен Қазақстан жеріндегі өзен. Біздің елге тиесілі 1 084 шақырым Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан өтіп, Еуропа мен Азия дүние бөліктерін бөлуші Орал тауларымен бірге шекара болып есептеледі. Төлегенді өткізіп Жібекті сүйдірген, Исатай мен Махамбет найзамен қорғап, жылқысын суарған, Бөкей хан Ішкі Орданың негізін құрған алашордалық Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерді дүниеге әкелген Жайықтың бүгінгі жағдайы алаңдатады. Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын су алабының таяздануы толғандырады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Жайықтың жыларман жайын жазады.

Экологтар Қазақстанның батысындағы екі облысты басып өтетін, көлемі жағынан Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын Жайықтың таяздануын экологиялық апатқа балайды. Жайық өзені. Үлкен Шаған ауылы, Батыс Қазақстан облысы. Фото: Аzattyq.org

ӨЗЕНГЕ ҚАУІП ҚАЙДАН ТӨНЕДІ?

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап өзеннің жай-күйін зерттеумен айналысып келе жатқан ресейлік ғалым Александр Чибилев көп қателіктің орын алғанын жасырмайды. Қазіргі кезде бүкіл Орал бассейніне зиян келтіріп отырған өнімсіз және өнімділігі төмен жерлерді игеру, су электр станциясының салқындатқышы ретінде салынған Ириклин су қоймасы (Ресей), сондай-ақ су қоймаларын улап жатқан өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылысы – барлығы табиғат ресурсына зиянын тигізіп жатыр. Өзен бассейніне 12 ірі су қоймасы мен күрделі құрылысты 80-ге жуық гидроэлектрлік кешен салынып, кішігірім өзендерде 3 100-дей топырақ бөгеттері ретсіз орнатылғаны тағы бар.

«Бұл әрекеттерден келетін қауіп пен қатерді ешкім есепке алған жоқ. Су айдынына түскен ластаушы заттар шөгінді болып жиналады. Су түбінде қаншама улы зат жатқаны да белгісіз. Қазір біз ХХ ғасырдағы адам қолымен жасалған қастандықтың «жемісін» жеп жатырмыз. Экологиялық залал жыл өткен сайын жағдайды ушықтырып барады», – дейді Жайықтың жайын бес саусағындай білетін ғалым.

2017 жылы Қазақстан-Ресей ғалымдар тобы Жайық өзенін зерттеп, арнайы баяндама жасаған болатын. Қазақстан мен Ресей ғалымдары дайындаған сараптамада «Орал бассейнінде 20 млрд тонна өнеркәсіптік қалдық жиналған. Аталған көрсеткішке байыту фабрикаларының қалдықтары мен тау жыныстары кіреді. Мыңдаған гектар жер өндірістік қалдықтарды сақтау үшін қоқыс орнына бөлінген» делінеді.

Бассейн дегеніміз – Жайық өзеніне ағатын аумақтың ауданы. Оралда барлығы 58 өзен бар, ең ірілері – Сакмара, Елек және Шаған. Оралдың жоғарғы ағысында Ириклин су қоймасы салынғаннан кейін қазір судың 80%-ы Сакмарадан келеді.

БӨГЕТ – ЖАЛҒЫЗ МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Су қоймалары өзен экожүйесін сақтауды назарға ала бермейді. Алаптың жоғарғы және орта бөліктерінде салынған қоймалар тиімсіз пайдаланылады. Жайық арнасындағы осындай құрылыс пен оның салалары өзеннің таяздануының бірден-бір себебі болуы мүмкін.

Академик Чибилевтың айтуынша, өзендегі су деңгейінің төмендеуі ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында байқала бастаған. Сәйкесінше, дәл осы кезде өзеннің жоғарғы ағысында су электр станциялары мен ірі су қоймаларының құрылысы басталғанын есепке алсақ, ғалым тұжырымымен келіспеуге болмайды. Қазір Орал бассейнінде Ириклиннен басқа әрқайсысының көлемі кем дегенде 10 млн текше метр болатын 12 су қоймасы бар.

Трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша құрылған мемлекетаралық комиссия өзенді сақтап қалуды көздейді. Бірақ, арналарға салынып жатқан су қоймалары мәселені ушықтырып жатқаны рас. Жайықтың Еуропа жазығының оңтүстік беткейіндегі Дон, Днепр, Днестр, Еділ сияқты өзендерден артықшылығы төменгі және орта ағыстарында қоймалар мен бөгеттердің болмауы еді. Ендігі Еділ орнын су қоймалары басқандай.

Жайық өзенін ортаюдан сақтаудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Жобалардың ішіндегі ең танымалы – су түбін тереңдетуге қаражат бөлу. Алайда, ғалымдар тобы бұл ұсынысты қолдамайды.

«Өзен түбін қанша тереңдеткенмен, ондағы су мөлшері өзгермейді. Арнаның мұнша ластануына балдырлар мен балшыққа айналған ағаш діңдері себеп болып, бұл да өз кезегінде үлкен мәселе туғызады. Бірақ, қоршаған орта өз-өзін үздіксіз реттеп отырады. Яғни, табиғатта түрлі табиғи механизмдер жұмыс істейді. Мысалы, көктемгі су тасқыны ағаш қалдықтарын қатты ағынмен жуып өтіп, аралдар мен жіктерді жояды. Негізінен, көк-жасыл балдырлар суды өндірістік ластанудан жақсы тазартады», – дейді Жайық-Каспий бассейні басқармасының су ресурстары ғылыми-техникалық зертханасының басшысы Серік Қайыров.

ЖОСПАР ҮЛКЕН КӨЛЕМДЕ ОРЫНДАЛМАЙ ЖҮР

Бұрынғы Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы, бүгінгі Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидоллаұлының пікірінше, өзен арнасын қолдан тазарту идеясы ақшаны желге шашумен бірдей.

«Шындығында, Жайық өзеніне құятын және ағын су арналарын тазарту қажет. Жайық-Көшім арнасына бақылау жүргізіп, ондағы бөгеттер мен қоймалар су ағынына кедергі келтіретініне куә болдық. Каналдар қамыс пен балдырға толып, тіпті су ағатын жолдар бітеліп те қалған. Жайықтағы кішігірім өзендер – Барбастау, Деркөл, Үлкен және Кіші өзен арналарында да жағдай осындай. Демек, кішігірім өзендердің жартысы енді Жайыққа құймайды. Осындай себептерден кейін ең ірі саналатын өзен деңгейінің төмендеуі таңқаларлық нәрсе емес», – дейді Ғалидолла Азидуллин.

Өз кезегінде география ғылымдарының докторы, профессор Александр Чибилев Жайықтың таяздануын тек су қоймаларымен байланыстыру дұрыс еместігін айтады. Ұзақ жылдар бойы өзеннің жай-күйін зерттеген ғалым қойма құрылысы басталғанға дейін де су деңгейінің бірде көбейіп, бірде азайған кездері болғанын, жағдай табиғи циклмен және климатқа байланысты өзгеріп отырғанын еске салды.

Жайыққа жаһандық деңгейде әсер ететін тағы бір фактор – жер шарындағы полярлық қақпақтардың еруі. Ғалымдар пікірінше, мұздықтардан бөлініп шыққан айсбергтер Еуразия ауа райына әсер ететін Солтүстік Атлант мұхитындағы жылы ағындарды салқындатуы мүмкін. Әлемдік климаттың өзгеруі – Еуразияның орта бөлігіндегі барлық өзендерге кері әсер етеді.

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАРЫН ЕСКЕРМЕСКЕ БОЛМАЙДЫ

Жылдарға созылған бұл мәселе Жайықты жағалай жайғасқан халықты алаңдатып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Оралды бойлай Башқұрстандағы (РФ) тау сілемдерінен бастап, Каспий теңізіне құятын тұсқа дейінгі аралықта 20 млн халық тұрады. Және олар өзен суын тұтынады. Сондай-ақ, табиғатта орын алып жатқан өзгерістердің басты себебі де – адам.

Жайық суын өндірістік мақсатта пайдалану да жағдайды ушықтыра түседі. Өзен ресурсын пайдаланатын зауыттар ластанған суды қайта арнаға құяды. Мұның бәрі табиғат тамашасына зиян тигізетіні айтпаса да түсінікті.

«Оңды-солды шашпай, «Судың да сұрауы бар» екенін естен шығармаған абзал. Тіршілік көзін шектен тыс тұтынудан бас тартып, кез келген жағдайға бейімделуге дайын болуымыз керек», – деп санайды Александр Чибилев.

Асау өзеннің осылайша қыр көрсетуі 1920-22 жылдары, одан кейін 1954-55 жылдары байқалып, су шекті деңгейден төмендесе, керісінше 1942, 1957 жылдары Жайық арнасынан асып, тіпті қатты ағыстан темір жол көпірлері қираған кездер де болған екен.

«Жалпы жағдайға қарамастан, өзен суы қайта толатын болады. Ғаламшарда табиғат үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан ғылыми қолдау, ұзақ және тұрақты зерттеу қажет. Өзенді фундаменталды ғылымның көмегімен қалпына келтіруге болады», – деп тұжырым жасайды Александр Чибилев.

БЕКІРЕГЕ ДЕ БАП КЕРЕК

Осы кезге дейін Жайық өзені теңіз өнімдері ішіндегі бағалысы – қара уылдырық пен бекіре тұқымдас балықтарды әлемдік нарыққа шығаратын негізгі көз болып саналды. Жетпісінші жылдары Оралда өндірілген қара уылдырық ғаламдық базардағы барлық өнімнің 40%-ын құраған. Ал, тоқсаныншы жылдары, ғалымдардың зерттеуінше, өзендегі бекіре тұқымдастар саны жетпісінші жылдармен салыстырғанда 40 есеге кеміген. Қазір Атырау жақ бөліктен балықтың бұл түрін мүлде кездестіре алмайсыз. Александр Чибилев осыдан елу жыл бұрын Жайықтағы бекіре уылдырық шашатын жерлердің атласын құрастырған. Әрине, бұл карта ескірді. Десек те, Жайық экологиясы мен балықтар мәселесін қалпына келтіру – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

«Өзенге балықтарды қайтару өте маңызды. Себебі, олардың болуы не болмауы өзеннің экологиялық жағдайының көрсеткіші секілді. Өмір сүру ортасы жайлы болса, бекіре тұқымдастар жайдан жай жоғалмас еді. Егер балықтар өзенге оралса, жағдай да оңалып келеді дегенді білдіреді», – деп санайды ресейлік ғалым.

Александр Чибилевтың сөзінше, ол үшін мемлекет тарапынан іс-шаралар ұйымдастырылуы қажет. Мысалы, алпысншы жылдары Еуропадағы ең лас өзен саналған Рейнде жоғалып кеткен өнімдерді көбейту мақсатында арнайы бағдарлама қолға алынып, ол жақсы нәтижеге қол жеткізген.

Жайық мәселесін жылдар бойы зерттеген ресейлік ғалым Ресей мен Қазақстан билігін Оралды қалпына келтіру үшін нақты қадамдар жасауға шақырады.

«Иә, қос мемлекет те өзенді қалпына келтіру үшін қыруар қаржы жұмсауда. Бірақ, оның басым көпшілігі конференция, форум, дөңгелек үстел ұйымдастыруға кетуде. Нақты іс-шараға көшетін кез әлдеқашан келген. Бөлінген қаржы сөзге емес, іске жұмсалуы керек. Жайыққа арнасынан асып жатқан кезін қайтару үшін атқарылуы тиіс шаруа орасан», – дейді Александр Чибилев.

Кей елдердің заңнамасында «қорықтағы өзендер» категориясы бар. Кеңес Одағы тұсында Жайықтың Барбастау сағасынан Солтүстік Каспий жағалауына дейінгі бөлік «қорық зонасы» мәртебесіне ие болған еді. Сексенінші жылдары қорғалатын аумақты Елек өзенінің сағасына дейін кеңейту жоспарланған болатын.

МӘСКЕУДІҢ БӨГЕТ САЛУ ТУРАЛЫ ОЙЫН АСТАНА ҚҰПТАМАЙДЫ

Трансшекаралық өзен мәселелері бойынша Қазақстан-Ресей комиссиясы құрылғаны белгілі. 2020 жылдың соңында қос мемлекет Орал өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру туралы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойды. Онда Жайық өзені бассейнін жақсарту жөніндегі іс-шаралар, экожүйені қалпына келтіру бойынша ұсыныстар, объектілерді қайта қалпына келтіру туралы сөз етілген.

2021 жылдың наурыз айында Орынбор облысының (Ресей) Табиғи ресурстар, экология және меншік қатынастары министрі Александр Самбурский 2023-2024 жылдары Жайық өзенінде арнасынан асатын бөгет салуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл шешімге Қазақстан жағы келіспейді. Себебі, өзен ортақ болғандықтан, ондағы атқарылатын істер де қос тараптың келісімімен жүзеге асырылуға міндетті.

«БҰҰ трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенциясы бойынша бөгеттер мен су қоймаларын салуды көрші мемлекеттермен ақылдаса отырып үйлестіруі керек. Мен бұл бөгеттің салынуына қарсымын», – деді VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Екі жыл бұрын Дүйсенбай Нұрбайұлы сол тұстағы Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлының атына депутаттық сауал жолдап, Ресей мен Қазақстанның Жайықты құтқару жөніндегі бірлескен шаралары туралы толық ақпарат сұрады.

«Мен өз сауалыма жауап алмадым. Менің ойымша, бұл Президент деңгейінде көтерілуі керек мәселе. Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісім бар, бірақ осы жылдар ішінде ешқандай шара жасалмады», – деп ашық айтты Дүйсенбай Нұрбайұлы.

Жайықтың бойында екі елді қосқанда 20 млн халық тұрады. Демек, өзенді құтқару мәселесіне қазір көңіл бөлмесек, ертең тұрғындардың тағдырына балта шапқан боламыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бір кездері осындай мәселелермен басталған Арал теңізінің тартылып, тұзға айналғанын ескерсек, Жайықтың Аралдың кебін киіп, тағдырын қайталауына жол беруге болмайды. Демек, Жайықтың жыларман жайына назар аударып, оны сақтап қалудың қамына кірісу – кезек күттірмес үлкен мәселе.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here