«Forbes» америкалық журналы 2022 жылы ең көп табыс тапқан шоу-бизнес өкілдерінің үздік ондығын жариялады. 105 жылдық тарихы бар атақты журналдың рейтингінде өткен жылы 230 млн долларға кенелген «Genesis»* тобы көш бастады. Осыдан 55 жыл бұрын негізі қаланған британ тобының құрамында Тони Бэнкс, Майк Резерфорд, Фил Коллинз бар.
Аталған тізім бойынша екінші орында тағы бір британ әншісі 71 жастағы Стинг тұр. Үштікті америкалық актер, режиссер Тайлер Перри қорытындылайды.
Алғашқы ондыққа «Оңтүстік Парк» анимациялық сериалын жасаушылар Трей Паркер мен Мэтт Стоун*, «Симпсондар» мультсериалын жасаушылар Мэтт Грейнинг пен Джеймс Брукс, 59 жастағы америкалық актер Брэд Питт, «Rolling Stones»* британ тобы, 68 жастағы канадалық режиссер Джеймс Кэмерон, 33 жастағы америкалық әнші Тейлор Свифт және 28 жастағы пуэрторикандық орындаушы Бэд Банни енген.