Қазақ халқының бойындағы кеңдік пен дархандық қасиеті қонақжайлығынан айқын көрінеді. Қай ұлт болмасын, оның жүрегі ақ, көңілі пәк, ниеті түзу болса, құдайындай күтеді. Құшағына алады. Бұл жай ғана құр сөз емес, Сталин тұтас ұлттарды жерімізге күштеп көшіргенде қазақ халқы оларды бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін тарих растайды. Бүгінде елімізде жүзден аса ұлт өкілі бір шаңырақ астында жарасымды ғұмыр кешіп келеді. Бір қуаныштысы, қазақ тілін өзінің ана тіліндей меңгеріп алған өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соның бірі – Устинья Гостеева. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Қатонқарағай қызын аз-кем әңгімеге тартқан едік.
«МЕНІҢ БОЛАШАҒЫМА
НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАҒАН АНАМ
БАЛАБАҚШАНЫҢ
ҚАЗАҚ ТОБЫНА БЕРДІ»
– Устинья, Өзіңіз туралы айтып берсеңіз…
– Мен 2004 жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда балдәурен балалық шағым өтті. Мектепті де туған ауылымда аяқтадым. Ұлтым орыс болса да, қазақы ортада өскеніме қуанамын.
– Қазақ тіліне деген қызығушылық қалай басталды? Мемлекеттік тілді меңгеруде қиындықтар кездесті ме?
– Қазақ тілін үйренуіме анам әсер етті. Менің болашағыма немқұрайлы қарамаған анам балабақшаның қазақ тобына берді. Содан мемлекеттік тілді кішкентай кезімнен меңгере бастадым. Қазақ мектебінде білім алып, қазақы тәрбиені бойыма сіңірдім. Тілді меңгеру аса қиындық тудырмады. Әрине, бастапқыда қазақша бәрін түсінсем де, ойымды еркін жеткізе алмайтын едім. Кейін жақсы сөйлейтін болдым. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан-Американдық еркін университетінің шет тілі мамандығы бойынша 2-курс студентімін. Қазір ағылшын, түрік тілдерін де үйреніп жүрмін.
– Қазақ тілінде қандай кітаптарды оқыдыңыз? Қай қаламгер жаныңызға жақын?
– Әу баста қазақ тіліндегі кейбір сөз тіркестерін дұрыс айта алмайтынмын. Содан қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысым артты. Сөздік қорымды көбейту мақсатында алғаш заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқудан бастадым. Кейін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын, Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын оқыдым. Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты қаламгерлердің де шығармашылығымен етене таныстым. Қазақ әдебиетін сүйіп оқимын.
«ӘКЕМ ДЕ, АНАМ ДА
ҚАЗАҚ ТІЛІН ЕРКІН МЕҢГЕРГЕН»
– Отбасыңыз қазақ тілін еркін меңгерген бе? Жақындарыңызбен қазақша көп сөйлесесіз бе?
– Менің отбасымда қазақ тілін білуге, қазақтың мәдениетін құрметтеуге баса мән беріледі. Әкем де, анам да қазақ тілін еркін меңгерген жандар. Дегенмен, өз арамызда көбінде ана тілімізде сөйлесетініміз рас. Бауырларыммен қазақша сөйлесуді жөн көремін. Бос уақытымда оларға қазақша ертегілер оқып тұрамын.
– Өмір жолыңызда қазақ тілінің пайдасы көп тиді ме?
– «Көп тіл білгеннің көкжиегі кең» дейді ғой. Қазақ тілін еркін меңгеруімнің арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Мемлекеттік тіл менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Ең алдымен адамдармен қарым-қатынас жасауда көмегін көп тигізеді. Қазақ тілін босқа үйренбегеніме талай рет көзім жетті. Жалпы, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Сондықтан мен отандастарымды қазақ тілін үйренуге шақырамын.
– Әңгімеңе көп рақмет!
Біз танысқан Қатонқарағай аруының мемлекеттік тілге деген құрметі сөйлеген сөзінен-ақ байқалып тұр. Қазақ тілінде ана тіліндей еркін сөйлейді. Қосымша түрік, ағылшын тілдерін меңгеріп жүрген қызға қызыға қарадық. Шын мәнінде, көп тіл білетін Устинья қыздың болашағы жарқын, келешегі кемел. Өзі айтқандай, қазақтың жерінде тұрып, нанын жеп, суын ішіп, ауасын жұтып жүрген әрбір өзге ұлт өкілі қазақ тілін білуге міндетті. Алдымен бұл олардың қазаққа деген құрметін білдірсе керек. Одан кем болып қалмайды. Қайта Устинья қыз сияқты қайда жүрсе де, қазақтың ортасында жүзі жарқын болады.
Индира БІРЖАНСАЛ