Алақандай Ақбұлаққа алыстағы Антальядан инвестор тартқан кәсіпкер

0
4017

Күні кеше Ресей Федерациясы сүт одағының басшысы Людмила Маницкая ресейлік сүт өнімдерінің негізгі тұтынушысы Қазақстан екенін, 2022 жылы көрші елге жалпы экспорт көлемінің 43,6 пайызы тиесілі болғанын мәлімдеді. Расында, Зеңгі баба түлігінің саны 4,5 млн басты құрайтын, жылына 6,5 млн тоннаға жуық сүт сауылатын елімізде сүт өнімдерінің 15 пайызы сырттан келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2025 жылдар аралығында жалпы өндірістік қуаты жылына 597,7 мың тонна сүт өндіретін 106,8 мың басқа арналған 169 сүт-тауар фермасын іске қосуды жоспарлап отыр. Оның сыртында отандық нарықты толықтай сүт өнімдерімен қамтуға жекелеген зауыттардың қосып жатқан үлесі бар. Сондай сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың бірі – «Натур Продукт». Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Хан» сауда белгісімен сүт өнімдерін шығаратын зауыттың өткені мен бүгініне тоқталады.

ТУҒАН АУЫЛДАН
БАСТАЛҒАН
КӘСІП ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ

Елімізде сүт өнімдерін айналымға шығарып, отандық нарықтың өркендеуіне үлес қосушылар қатары көп. Алайда, олардың бәрі дерлік сапалы өнім өндіреді деп айтуға әлі ерте. Қазіргідей экологиялық мәселе өршіп тұрған кезеңде кез келген адам тағамды еш қоспасыз табиғи қалпында тұтынғысы келетіні анық. Сапалы дүние көбіне қолжетімді бола бермейді. Дегенмен, сапасы мен бағасы келісіп тұрса құба-құп. Отандық нарықта «Хан» сауда белгісімен танымал сүт өнімдері осы талаптардың үдесінен шығады. Аталған өнімдер Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылында өндіріліп, тұтынушыларға жол тартады.

Әрине, отандық өнімнің тұтынушы қолына түскенге дейінгі қызығы мен шыжығы жоқ емес. Мәселен, «Хан» сүт өнімдері нарыққа сапалы өнім шығарып, тұтынушыға ұсынғанымен, халықтың көп бөлігі арзан өнімдерді таңдайды. «Арзанның сорпасы татымас» десек те, айлығы шайлығынан аспайтын тұрғындардың осылай жасамасқа амалы да жоқ.

Тағы бір мәселе бар. Сүт өңдеу саласына инвестор тарту да азабы көп шаруа. Осындай ірілі-ұсақты мәселелерге кезіккен кәсіпкер Камалиддин Шараванов 16 жыл бұрын «Натур Продукт» компаниясының негізін қалады.

Алдымен кейіпкеріміздің өмір жолына тоқталайық. Камалиддин Нематжанұлы – Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылының тумасы. 1999 жылы Түркиядағы Сельчук университетінің Экономикалық және әкімшілік ғылымдар факультетіне оқуға түседі. Университетті аяқтаған 2004 жылы елге оралып, Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінде қаржы мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады.

Әр кәсіпкердің белгілі бір кәсіпті бастар алдында құратын жоспары болады. Шетел көрген Камалиддин Нематжанұлының кәсіпкерлік жолы 2007 жылы туған ауылынан басталады. «Туған жерге туыңды тік!» деген осы.

«Әкем зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауылда ағасымен бірге сүт жинайтын. Олар таңғы бес-алтыда оянып, тұрғындардан сүт сатып алып, оны сүт зауытына өткізетін. Бір күні мен де қызығып, әкем мен ағама көмектесу үшін сүт жинауға бардым. Күн өткен сайын қызығушылығым арта түсті. Кейін осы шаруаны қолға алуға бекіндім. Сол кезде «Сонда ірімшік жасау үшін қанша литр сүт керек екен» деген сауал мені мазалады. Сауалыма «Он литр сүттен бір келі ірімшік шығады» деген жауап та алдым. Осы бір ақпарат менің сүт әлеміне сүңгіп кетуіме, үлкен зауыт ашуыма жеткілікті болды», – дейді Камалиддин Нематжанұлы.

Кәсіпкердің сөзінше, о баста сүттің литрін ауылдан 15 теңгеден сатып алып, оны 35 теңгеден өткізген. Он литр сүттен түсетін пайда – 200 теңге. Бұл сома 1 келі ірімшікке жұмсалады. Оны зауыт 700 теңгеден сатады. Сонда одан түсетін пайда аз болмай шығады.

«Мен шамамен электр энергиясының, жалақы мен салықтың шығынын есептедім. Қалай санасам да, ірімшіктің келісі 300 теңгеден аспады. Әр келіден зауыт 400 теңге табыс тапты. Сол кезде олар 20 тонна сүт алып кеткен. Яғни, олар күніне 8 млн теңге пайдаға кенелетін», – дейді Камалиддин Нематжанұлы.

Кәсіпкер 2005-2006 жылдардағы әңгімені айтып отыр. Ол кезде 8 млн теңге аз ақша емес. 18 жыл бұрын 1 доллар – 130 теңгеге тең болды.

475 МЫҢ
ДОЛЛАРДАН БАСТАЛҒАН
ҮЛКЕН БИЗНЕС

Камалиддин Нематжанұлы кәсіп жолында көптеген тәуекелге барады. Кез келген кәсіптің өрлеуі қаражатқа тікелей байланысты. Ол кәсіпті қарызсыз, несиесіз бастауды жөн көреді. Сондықтан ақша табу үшін студенттік шағы өткен Анталья қаласына оралуды ұйғарады. Болашақ кәсіпкер демеуші іздеп жүргені туралы сайттарға хабарландыру береді.

«Анталья мен үшін туған үйімдей болды. Жатырқаған жоқ. Ол жақта мен үнемі тамақтанатын бір мейрамхана бар еді. Бірде мейрамхана иесімен сөйлесіп отырғанымда оған бизнес-жоспарымды, идеямды айттым. Кәсіп бастауға әзірге ақшам жоқ екенін де жасырмадым. Бірақ, біз бұрыннан таныс болғандықтан, мейрамхана қожайыны қаражат жағынан көмектесетін болып шешті», – деп өткен күннен естелік айтты Камалиддин Нематжанұлы.

Туған ауылында кәсіпті бастау үшін 475 мың доллар қажет болған. Кәсіпкер 200 мың доллар тауып, туыстарынан 138 мың доллар қарызға алған. Қалған шығынды Түркиядан келген серіктесі жапқан. Серіктесі құрал-жабдықтармен де қамтамасыз еткен. Елімізде маман тапшылығы тағы бар. Содан Түркиядан технолог та алдыртқан. Сүт өнімдерін жан-жақты зерттеу нәтижесінде 2007 жылы бүгінгі компанияның іргетасы қаланды. Зауыт бастапқыда күніне 200 литр сүт қабылдаса, қазір бұл көрсеткіш 20 тоннаға дейін жеткен. Туған жерінен зауыт ашқан Камалиддин Нематжанұлының кәсіптегі серіктесі 3 жылдан кейін отанына оралып, олар екіге бөлінген. Осылайша, Ақбұлақтың тумасы алақандай ауылына алыстағы Антальядан инвестор тартқан.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
КӘСІПКЕРЛІКТІ
ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК БЕРДІ

Кәсіпкерлік жол Камалиддин Нематжанұлы ойлағандай тақтайдай теп-тегіс болмай шықты. Компания құрылғалы бері қанша дағдарысқа ұшыраса да, алдағы күннің жарқын болатынына сенген ол қара нар көтермес жүкті арқалап, кәсіпкерлік айдынында еркін жүзіп, құлашын кеңге сермеп, қадамын нықтай түсті. Алдан шыққан қиындықтарға мойыған жоқ. Осы мінезінің арқасында зауытты аяғына нық тұрғызды.

«Егер мен бір нәрсені бастасам, жол қаншалықты қиын болса да, оны жарты жолда тастамай, аяқтауға міндеттімін. Егер бизнесте дағдарыс болып, ісің алға баспаса, міндетті түрде бір механизмді өзгерту керек екенін түсіндім», – деп өзінің тәжірибесімен бөлісті Камалиддин Нематжанұлы.

Жоғарыда жазғанымдай, түрлі қиындыққа қарамастан, кәсіпкер компанияны дамытуды жалғастыра берді. Үш жыл бұрын ол сүт сатып алу көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдайды. Бұл шаруа қосымша қаражатты қажет етеді. Содан кәсіпкер мемлекеттің көмегіне жүгінеді. Айталық, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Даму-Өндіріс» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бар. Камалиддин Нематжанұлы аталған бағдарлама бойынша Халық банкі арқылы несие рәсімдейді. 2019 жылдың соңында 60 млн теңге, 2020 жылдың басында тағы 60 млн теңге алады. Барлық қаражат сүт сатып алу көлемін арттыруға жұмсалған. Қазір зауытта 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнім түрі 15 атауға дейін артқан. Ал, жұмысшылар үнемі білімін жетілдіріп, заманауи технологияларды меңгеріп отырады. Себебі, сүттің тез бұзылатын өнім екені белгілі.

«Сүт өнімдері сауыннан басталып, бүкіл Қазақстан бойынша жеткізуге дейін ұқыптылықты қажет етеді», – дейді Камалиддин Нематжанұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, бағдарлама шарттары жеңіл болмаса да, пайыздық мөлшерлеменің 6 пайызды ғана құрағаны талай кәсіпкерді тығырықтан шығарған немесе өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берген.

ҚҰНЫ БІР МЫҢ
ТЕҢГЕДЕН
ТӨМЕН ТҰРАТЫН ІРІМШІКТІ
ЖЕУГЕ БОЛМАЙДЫ

Камалиддин Нематжанұлынан «Хан» өнімдерін нарыққа шығару жолдарын сұрадық. Кәсіпкердің айтуынша, зауыт тек жоғары сортты сүтті ғана қабылдайды. Сүт дереу зертханаға жіберіледі, онда майлылығы, қышқылдығы және су мөлшері тексеріледі. Содан кейін пастерлеу жұмысы жүреді. Осылайша, ірімшік, айран, сүзбе немесе басқа сүт өнімі пайда болады.

«Хан» сауда белгісімен нарыққа шығатын сүт өнімдері алғашында Шымкент базарындағы бәсекелестіктің кесірінен сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан ол өнімдерін Алматыда насихаттай бастайды. Содан кейін басқа қалалардың нарығына шығуды қолға алады. Уақыт өте келе өнім Шымкент қаласына қайта оралғанымен, үшінші қаладағы сатылым төмен болады.

Камалиддин Нематжанұлы жарнамаға ақша құймайтынын ашық айтады. Оның өзіндік себебі де бар. Кәсіпкердің түсінігінше, тауар өзін жарнамалауы керек. Яғни, сапалы тауар брендке айналған шақта жарнаманы да қажет етпейді. Сондықтан сатып алушылар өнім туралы бір-біріне айтуы арқылы өнім өзіне-өзі жұмыс істейді.

«Хан» ірімшігінің құны 1 500 теңгеден басталады. Бұл – экологиялық таза өнім үшін арзан баға. Алайда, 1 000 теңгеге дейінгі «ірімшікті» сатып алуға дағдыланған қазақстандықтар үшін қымбат секілді. Халқымыз, әсіресе оңтүстік өңірі арзан өнімге басымдық береді. Ал, кейбір өндірушілер өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін өнімдеріне пальма майлары мен басқа да қоспаларды қосуға мәжбүр.

«Кез келген адам өзі талдау жасаса болады. Мысалы, ірімшікке 1 500 теңгенің сүті кетсе, ол қалай 700 теңге тұрады? Тұтынушылар өз ойынша арзан «ірімшік» алатындай көрінгенімен, іс жүзінде олар таза ірімшік емес, «ірімшік өнімдерін» сатып алып жатыр. «Өсімдік майы» немесе «ірімшік өнімі» деген жазуы бар өнімде пальма майы бар. Яғни, «ірімшік өнімі» – таза ірімшік емес. Оның құрамы табиғи болмағандықтан, көпшілік ірімшікке ұқсас өнімді тұтынып жүр. Ірімшіктің бағасы 1 500 теңгеден төмен болса, әсіресе оны жаз мезгілінде мүлдем сатып алмаңыз», – деп түсіндіреді Камалиддин Нематжанұлы.

Әрине, отандық сүт өнімдерінің сырттан келетін тауарлармен баға тұрғысынан бәсекеге түсе алмай жатқаны шындық. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Кәсіпкердің айтуынша, қазір мемлекет барлық сауыншылар мен фермерлерге қолдау көрсетіп келеді. 2016 жылдан бері олар субсидия ала бастады. Мемлекеттің осы қолдауын ауылдағы ағайындар ұтымды пайдаланса, отандық нарық отандық өнімдерге толады. Есесіне, баға да қолжетімді болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Табиғи сүт өнімдерін пайдалану – денсаулық пен күшті иммунитеттің кепілі. Қиындық пен бәсекеге қарамастан, табиғи сүт өнімдерін ғана шығаруды мақсат еткен Камалиддин Нематжанұлының өнеркәсіптік ауданнан жер телімін сатып алып, жылыжай салып, сүт және азық-түлік өнімдерін шығаратын шағын зауыттарды ашу жоспарында бар көрінеді. Ал, кәсібін туған ауылынан ашып, жерлестерін тұрақты жұмыспен қамтып, өз ауданына салық төлеп отырған кәсіпкердің толымды тірлігі көпке үлгі боларлықтай екен.

Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here