Биліктегі бикештер: Әлемде қанша әйел-президент бар?

0
2912

Wikipedia мәліметіне сенсек, өткен және осы ғасырда әлем бойынша 65 әйел ел тізгінін қолына ұстаған. Бұл тізімге үкімет басқарған 75 әйел кірмейді. Сол 65 әйелдің 15-і әлі «тақтан түскен» жоқ. Олар: Сандра Мейсон (Барбадос), Сахле-Ворк Зевде (Эфиопия), Саломе Зурабишвили (Грузия), Халима Якоб (Сингапур), Катерина Сакелларопулу (Грекия), Цай Инвэнь (Тайвань), Пола-Мэй Уикс (Тринидад және Тобаго), Сиомара Кастро (Гондурас), Самия Сулуху (Танзания), Бидхья Деви Бхандари (Непал), Дина Болуарте (Перу), Майя Санду (Молдова), Зузана Чапутова (Словакия), Каталин Новак (Венгрия) және Вьоса Османи (Косово). Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті «бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен» әйел-президенттерге тоқталады.

ЖЕТПІСТІҢ
ЖЕЛКЕСІНЕ ШЫҚҚАН ҮШ
ӘЙЕЛ-ПРЕЗИДЕНТ

Бүгінде жетпістің желкесіне шыққан үш әйел-президент бар. Олардың арасында жасы ең үлкені – Сандра Мейсон. Жер көлемі біздің Өскемен қаласымен шамалас шағын елдің тізгінін 2021 жылы 30 қарашада қолына ұстаған ол 17 қаңтарда 74 жасқа толды. Мамандығы – заңгер. Оның есімі Барбадос тарихында елдің тұңғыш президенті ретінде қалады. Өйткені, Кариб теңізінің шығысындағы аралда орналасқан ел осыдан 1,3 жыл бұрын президенттік басқару формасына өтіп, президент лауазымы пайда болды. Президентті парламент 4 жылға сайлайды. 1966 жылы Ұлыбританиядан азаттығын алған Барбадос елінің мемлекеттік тілі – ағылшын, астанасы – Бриджтаун.

Африканың шығысында жер көлемі бойынша әлемде 28-орын алатын Эфиопия орналасқан. 120 млн халқы бар елді бес жылдан бері Сахле-Ворк Зевде басқарады. Эфиопияның 6-шы президенті күні кеше 73 жасқа толды. 735 жылдық тарихы бар Монпелье университетінің (Франция) түлегі. Бұған дейін дипломат ретінде Африка Одағы жанындағы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің арнайы өкілі және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары деңгейінде Африка Одағы жанындағы БҰҰ филиалының басшысы болды. Ана тілінен басқа француз, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Екі баланың анасы. Бір айта кетерлігі, Африканың дәстүрлі христиан дінін ұстанатын жалғыз елінде 32 пайыз мұсылман тұрады.

Жасы жетпістен асқан үшінші әйел-президент – Саломе Зурабишвили. Алдағы 18 наурызда 71 жасқа келетін ол 2018 жылғы Грузия президенті сайлауының екінші турында сайлаушылардың 60% дауысын алып, елдің бесінші басшысы атанды.

Бір қызығы, Грузия президенті Франция астанасы Парижде дүниеге келген. Президенттің ата-әжесі, әке-шешесі Грузияда кеңес билігі орнаған 1921 жылы Францияға қоныс аударған. Өйткені, Саломе Зурабишвилидің атасы саясаткер болған. Большевиктер жеңіске жеткенге дейін 1918-1921 жылдары өмір сүрген Грузия Демократиялық Республикасының үкіметінде қызмет атқарған. Яғни, қызыл империяның қаһарынан қауіптеніп, Францияға жан сауғалаған. Болашақ президент еңбек жолын Францияның сыртқы істер министрлігінде бастаған. Әр жылдары Францияның Италиядағы, АҚШ-тағы, Чадтағы елшіліктерінде қызмет еткен. Францияның НАТО-дағы, Еуропалық Одақтағы ресми өкілі де болған. 2004 жылы тарихи Отанына оралып, Грузияның сыртқы істер министрлігін басқарды. Ресейдің әскери базасын Грузия жерінен шығару туралы шешімінен кейін оның грузиндер арасындағы беделі арта түскен.

Саломе Зурабишвили – Париж саяси зерттеулер институтының және Колумбия университетінің (АҚШ) түлегі. Полиглот. Алты тіл біледі. Грузин, француз, ағылшын, итальян, неміс, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Екі рет тұрмысқа шыққан. Ұлы – дипломат, қызы – журналист.

МҰСЫЛМАН
ӘЙЕЛ-ПРЕЗИДЕНТТЕР
НЕМЕСЕ
МЕГАВАТИДІҢ ҮШ «СІҢЛІСІ»

Беназир Бхутто және Мегавати Сукарнопутри! Ислам әлемінде екеуінің де аты қалады. Біріншісі – мұсылман елінде үкімет басқарған тұңғыш әйел, екіншісі – ислам елінің тізгінін қолына ұстаған тұңғыш әйел. Пәкістан да, Индонезия да әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекеттер. Мұсылмандар саны бойынша алғашқысы екінші, соңғысы бірінші орын алады.

Қазір 230 млн мұсылман тұратын Пәкістанның үкіметін Беназир Бхутто екі мәрте басқарды. Ол – Пәкістанның 1988-1990 жылдардағы 14-ші және 1993-1996 жылдардағы 17-ші премьер-министрі. Ал, 255 млн мұсылманның басын қосқан Индонезияның тізгінін Мегавати Сукарнопутри 2001-2004 жылдары ұстады. Нидерландтан азаттығын алған Индонезияның тұңғыш президенті Сукарноның қызы Мегавати елдің 5-ші президенті болды.

Бүгінде Халима Якоб, Самия Сулуху және Вьоса Османи Мегаватидің жолын жалғап келеді.

Әңгімені Мегаватидің «сіңлісі» Халимадан бастайық. Төрт жыл Сингапур парламентін басқарған Халима Якоб 2017 жылғы президент сайлауына ешбір кандидат ресми тіркелмегендіктен, автоматты түрде елдің басшысы атанды. Бұл сайлауға бастапқыда төрт кандидат тіркелген болатын. Дегенмен, төртеуі де «кандидаттың мемлекеттік қызметте кемінде 7 жыл еңбек өтілі болуы тиіс» деген талаптарға сай келмеді. Қазіргі президенттің ұлты – малай. Мұсылман. Отбасылы. Бес перзенттің анасы. Ал, жергілікті халықтың 77%-ын қытайлар, малайлар тек 14%-ды ғана құрайтынын ескерсек, хиджап киген әйелдің 6 млн халқы бар қала-мемлекеттің тізгінін қолына ұстауы мақтанарлық жағдай.

Танзанияның тұңғыш әйел-президенті Самия Сулуху да хиджап киеді. Дегенмен, оған да Халима Якоб сияқты халқының басым бөлігі мұсылман саналмайтын елді басқаруға кедергі болмады. Шығыс Африкадағы Танзанияда 68 млн халық тұрады. Соның 60 пайызын христиандар, 30 пайызын мұсылмандар құрайды. Мұсылмандар азшылықты құрайтын Танзанияның «тағына» Самия Сулуху екі жыл бұрын отырды. Танзанияның 6-шы президенті 30 жылдан астам уақыт бойы саясат сахнасынан түспей келеді. Әр жылдары министр, депутат, вице-президент қызметтерін абыройлы атқарды. 45 жылдан бері тұрмыста. Отағасы екеуі төрт перзентті тәрбиеледі. Екінші қызы Мвану анасының жолын қуған. 40 жастағы саясаткер Занзибар Өкілдер палатасының мүшесі.

Оңтүстік-шығыс Еуропада ішінара мойындалған бір мемлекет бар. Ол – Косово. Сербиядан тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 89-ы немесе 46 пайызы мойындаған елде 2 млн халық тұрады. Соның 96 пайызын мұсылмандар құрайды. Осы елді екі жылдан бері Вьоса Османи басқарады. Дегенмен, ол Косоводағы тұңғыш әйел-президент емес, оған дейін мұндай жоғары лауазымда Атифете Яхьяга болды. Ол – 2011-2016 жылдардағы Косовоның 4-ші президенті. Ал, Косовоның 6-шы президенті Вьоса Османи әр жылдары парламент спикері, депутат, партия төрағасы, президенттің міндетін атқарушы сияқты қызметтерді атқарды.

Вьоса Османи – әлемдегі ең жас әйел-президент. 40 жастағы мемлекет басшысы албан, ағылшын, испан, түрік, серб тілдерінде еркін сөйлейді. Мамандығы – заңгер. Тұрмыста. Егіздердің анасы.

ЕУРОПАДА БЕС ӘЙЕЛ-ПРЕЗИДЕНТ БАР

Әйел-президенттер мен әйел-премьерлердің басым бөлігі Еуропадан шыққан. Бұрын да, бүгін де солай. Қазіргі 15 әйел-президенттің бесеуі еуропалық елді басқарып отыр. Олар – Катерина Сакелларопулу, Майя Санду, Зузана Чапутова, Каталин Новак және жоғарыда сөз болған Вьоса Османи.

Еуропадағы жасы үлкен әйел-президент – Катерина Сакелларопулу. 67 жастағы саясаткер Грекия тізгінін 2020 жылы 13 наурызда ұстады. Оңтүстік Еуропадағы елде президентті парламент сайлайды. Өйткені, Грекия – парламенттік республика. Үш жыл бұрын Катерина Сакелларопулу 300 депутаттың 261 дауысын алды. Мамандығы – заңгер. Қазір әріптесі Павлос Коцониспен азаматтық некеде тұрады. Алғашқы некеден бір перзенті бар.

Посткеңестік кеңістіктегі екінші әйел-президент – Майя Санду. Молдова басшысы қызметіне кіріскеніне екі жылдан асты. Бес тілді жетік біледі. АҚШ-та магистратураны бітірген. Дүниежүзілік банкте қызмет атқарған. Молдованың білім министрлігін басқарған. Алты айға жетер-жетпес уақыт Молдованың премьер-министрі болған. 2016 жылғы президент сайлауының екінші турында сайлаушылардың 48% дауысын алған саясаткер қарсыласы Игорь Додонға жол берді. Бірақ, қарсыласына кеткен есесін 2020 жылғы сайлауда қайтарды. 51 жастағы саясаткер тұрмыс құрмаған, перзент сүймеген.

Словакия президенті Зузана Чапутова – 50 жаста. 2019 жылдың 15 маусымында 5,4 млн халқы бар еуропалық елдің басшысы қызметіне кірісті. Президент сайлауының екінші турында қарсыласын сайлаушылардың 58,4% дауысымен жеңді. Қоршаған ортаны қорғаушы және жемқорлыққа қарсы күрескер ретінде танымал. Ажырасқан. Екі қызы бар.

Венгрияда президент сайлауға түспейді. Мемлекет басшысына Ұлттық жиналыс депутаттары дауыс береді. 2022 жылы 10 наурызда 193 депутаттың 137 дауысын алған 45 жастағы Каталин Новак Венгриядағы тұңғыш әйел-президент атанды. Бұл лауазымға дейін Отбасы істері министрі болды. Мажар, ағылшын, француз, неміс, испан тілдерін жетік біледі. Үш перзенттің анасы.

САНДРА МЕЙСОН –
ӘЛЕМДЕГІ ЖАСЫ ҮЛКЕН
ӘЙЕЛ-ПРЕЗИДЕНТ

Бүгінде Латын Америкасында төрт әйел-президент бар. Айталық, Барбадос президенті Сандра Мейсон, Тринидад және Тобаго президенті Пола-Мэй Уикс, Гондурас президенті Сиомара Кастро, Перу президенті Дина Болуарте. Осы төрттіктің ішіндегі Сандра Мейсон туралы жоғарыда жаздық. Ол – қазіргі әйел-президенттер арасындағы жасы ең үлкені.

Кариб теңізіндегі аралда Тринидад және Тобаго орналасқан. Шағын мемлекет. 1962 жылы азаттығын Ұлыбританиядан алған елде 1,2 млн халық тұрады. Халқының 38%-ын индотринидадтар (Үндістаннан әкелінген құлдардың ұрпақтары), 36%-ын афротринидадтар (Африкадан әкелінген құлдардың ұрпақтары), қалғанын испандармен шатысқан метистер құрайды. Ұлттық құрамы алуан түрлі бұл елдің тізгінін қолына 2018 жылы Пола-Мэй Уикс ұстады. Мамандығы – заңгер. Тринидад және Тобаго президенті де Молдова әріптесі сияқты тұрмысқа шықпаған.

1821 жылы Испаниядан тәуелсіздігін жариялаған Перуде президент сайлауы болған жоқ. Былтыр жыл соңында билік тізгіні вице-президент Дине Болуартеге өтті. Себебі, желтоқсан айында президент Педро Кастильо ел Конгресі таратылатынын жариялады. Бұған жауап ретінде Конгресс мүшелері оны биліктен шеттетуді жақтап дауыс берді. Сөйтіп, Дине Болуарте де Перуді басқаратын тұңғыш әйел ретінде тарихта қалады.

Бір жыл бұрын Сиомара Кастро Гондурастың билік басына келді. Ол – 2009 жылы төңкеріс арқылы тақтан тайдырылған экс-президент Мануэль Селайяның әйелі. Биыл 64 жасқа толатын президент 2013, 2017 және 2021 жылдардағы президенттік сайлауда кандидат болды. Сайлауға Бостандық және қайта құру партиясының атынан қатысты. Соңғы сайлауда жеңіске жетті. Бұрынғы мен бүгінгі президенттер төрт перзентіне үлкен өмірге жолдама берді.

БАР ҒҰМЫРЫН САЯСАТҚА
АРНАҒАН ЦАЙ ЖӘНЕ «АЗИЯНЫҢ
ТЕМІР ХАНЫМЫ» БИДХЬЯ

Тұрмысқа шықпаған, перзент сүймеген тағы бір президент – Оңтүстік-шығыс Азияда Тайвань атымен әлемге танымал Қытай Республикасы бар. БҰҰ-ның 15 мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындағанымен, 1971 жылдан бері заң жүзінде Қытай Халық Республикасының ажырамас бөлшегі саналады. Бірақ, елдегі 24 млн халық Бейжіңге бағынбайды. Іс жүзінде барлық жағынан азат ел ретінде күн көріп жатыр. Халқының 98%-ы этникалық қытайлар құраса да, өзінің валютасы бар. Өз туымен жеке мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына да қатысады. Осы елді жеті жылдан бері 66 жастағы Цай Инвэнь басқарады. Лондонда жоғары білім алған. 2012 жылғы президент сайлауында 45,6% дауыс алып, қарсыласына жол берген.  2016 жылғы сайлауда жеңіске жетіп, Қытай Республикасындағы тұңғыш әйел-президент атанды. 2020 жылы қайта сайланды.

Бидхья Деви Бхандари – Непалдың екінші президенті. Бірақ, бұдан Үндістан мен Қытайдың ортасында орналасқан мемлекетті әлемдегі жас тәуелсіз елдің бірі деп ойлап қалмаңыз. 1768 жылы негізі қаланып, 1923 жылы Ұлыбританиядан азаттығын алған елдегі бар билік 2007 жылға дейін патшаның қолында болды. Дегенмен, осыдан 16 жыл бұрын Конституцияға өзгеріс енгізіліп, билікті басқару қызметі премьер-министрдің қолына өтті. Яғни, патша елді билеу мәртебесінен айырылды. Содан 2007 жылы 30 млн халқы бар елде президент лауазымы пайда болды. Ал, қазіргі президенттің саяси жолына назар аударсақ, оның тісқаққан саясаткер екеніне көз жеткізесіз. Басқа атқарған қызметтерін айтпағанда, 2009-2011 жылдары Непал Федеративтік Демократиялық Республикасының қорғаныс министрі болғанын айтсақ та жетіп жатыр. Өз елінде «темір ханым» атанған Бидхья Деви Бхандари 1993 жылы жесір қалды. Күйеуі Мадан Бхандари елге белгілі саясаткер болған. 1978 жылы Непал Коммунистік партиясын құрған. 30 жыл бұрын жұмбақ жағдайда жол апатынан қаза тапқан. Артында әйелі мен екі қызы қалды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

2022 жылғы гендерлік айырмашылықтың жаһандық есебі әлемдегі 146 елдің дерегін қамтиды. Бұл тізімде әдеттегідей еуропалық елдер көш бастайды. Алғашқы бестікте Исландия,  Финляндия, Норвегия, Жаңа Зеландия, Швеция тұр. Сондықтан қазіргі 15 әйел-президенттің бесеуі, 13 әйел-премьердің алтауы еуропалық саясаткер екеніне таңдануға да болмайтын шығар. Ал, гендерлік теңдік бойынша Қазақстан 65-орынға жайғасқан. Мұсылмандар елдері арасында бұл Албаниядан кейінгі екінші көрсеткіш. Қазақстан үкіметінде үш әйел-министр бар. Олар – 58 жастағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, 54 жастағы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, 33 жастағы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here