Елімізде соңғы бір жыл ішінде болған маңызды бес өзгеріс

0
681

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір жыл ішінде Қазақстанда болған бес өзгерісті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ерлан Тынымбайұлының жазуынша, былтыр 16 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасынан кейін бір жылға жетпейтін уақытта Қазақстанда бұрын-соңды болмаған кең көлемді өзгеріс жасалған.

«Біріншіден, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық референдум өтті. Халқымыз конституциялық реформаға қолдау білдірді. Ата заңдағы 9 тараудың 8-іне, 98 баптың 33-іне түзету енгізіліп, басты құжаттың үштен бірі жаңартылды. Сондай-ақ, 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», – деп жазды Ерлан Тынымбайұлы.

Мемлекеттік кеңесші Қазақстанда жаңа саяси реформалар қолға алынып, енді президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланатынын, сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайтынын еске салды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі күшейгенін, Конституциялық сот жұмыс істей бастағанын да атап өтті. Бұл ретте аталған сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болатынын жазды.

«Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады», – деп санайды Ерлан Тынымбайұлы.

Мемлекеттік кеңесші Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өткенін, 19 наурызда жаңа аралас жүйе бойынша Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайланатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгеріп, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылғанын, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілгенін жазды.

«Бесіншіден, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы әріптестік орнату жұмысы жалғасты. Бабалар жолымен Ұлттық құрылтай шақырылуын осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді. Ең бастысы, Президенттің бастамасымен іске асқан саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне тың серпін берді. Сондай-ақ, азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне атсалысуына жол ашты», – деп қорытындылады Ерлан Тынымбайұлы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here