Биліктің барлық институттары жаңарды – Президент

0
630

29 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысып, сайлауда жеңіске жетіп, депутат мандатына ие болғандардың қызметіне табыс тіледі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен маңызды тұстарын оқырман назарына ұсынады.

ЕЛІМІЗДЕ
БІР ЖЫЛДА БЕС САЯСИ
НАУҚАН ӨТТІ

Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге тоқталып, жүзеге асырылған реформалар  «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін атап өтті.

«Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз  еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сайланған депутаттарды ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып, Отанымызды өркендету жолында жасалатын өзгерістер әлі де жалғасатынын айтты.

«Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Оның бәрі, ең алдымен, ел болашағы үшін айрықша маңызды», – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін, яғни әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екенін атап өтіп, олардың маңызды шешімдер қабылдайтынын және сол үшін жұрт алдында жауап беретінін айтты.

ЖИЫРМА
ТӨРТ ЖЫЛДАН КЕЙІН
ОРАЛҒАН АТАҚ

Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керектігін айтқан Президент бүгінде бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын, биыл Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын сүйіншіледі.

Расында, «Қазақ АКСР халық әртісі» деген атаумен 1920 жылдан беріле бастаған бұл атақ 1991 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атауына өзгертілді. Ал, 1999 жылғы шілде айынан бастап оны беру тоқтатылды. Яғни, 24 жылдан кейін «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта оралып отыр.

КҮЗДЕ 700 МЫҢНАН
АСТАМ АДАМНЫҢ
ЖӘРДЕМАҚЫСЫ АРТАДЫ

Президент әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі екенін тағы қайталады.

«Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады. Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталып, елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар екенін айтты.

«Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

МЕМЛЕКЕТ
БАСШЫСЫ КӨТЕРГЕН
МӘСЕЛЕЛЕР

Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады.

* * *

Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді.

* * *

Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық.

* * *

Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті.

* * *

Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген.

* * *

Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейгенін, қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here