Қазақ тілінің графикасы мен орфографиясы мәселелері талқыланды

0
1106

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазіргі қазақ тілі: графика және орфография» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Тілші-ғалымдар бас қосқан шараның мақсаты – қазіргі қазақ тілінің графикасы мен орфографиясына қатысты мәселелерді талқылау, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша нақты шешімдер ұсыну.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде бүгінгі таңда жаңа әліпбидің лингвистикалық базасы мен оның емле ережелері қалыптасқанын, бұл бағытта табысты тәжірибе жинақталғанын, толықтырулар мен жаңартулар енгізілгенін атап өтті.

Ректор сондай-ақ, әлі шешімін таппаған, ғалымдардың назарын талап ететін бірқатар мәселелерге тоқталып, тілге қатысты кейбір сұрақтар бойынша өз көзқарасын білдірді.

Дөңгелек үстелде белгілі тілші-ғалымдар баяндама жасап, ой-пікірлерін ортаға салды:
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Нұргелді Уәли, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Элеонора Сүлейменова, түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі Раушан Авакова, қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Анар Салқынбай, Түркітану және алтайтану ҒЗИ атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова, профессор Зейнеп Базарбаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Айманкүл Алдаш, KIMEP  тіл орталығының директоры Жұлдыз Смағұлова және т.б.

2022 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары қазақ тілінің жаңа орфографиялық нұсқаулығы мен латын әліпбиіне негізделген үлкен орфографиялық сөздігін әзірлеп, сонымен бірге жиілік сөздік жасауда көп жұмыс атқарды.

Қазақ графикасы мен орфографиясын жаңғырту мәселелерін зерттеуде ҚазҰУ-да айтарлықтай тәжірибе бар. Бүгінде оқу орнының ғылыми-зерттеу мәртебесін алуына және университетте Түркітану және алтайтану институтының ашылуына байланысты тіл мәселелері бойынша әртүрлі мамандардың күш-тәжірибелерін біріктіру қажеттігі туындады.

Дөңгелек үстел отырысы жетілдірілген әліпби жобасын сараптауға, латын әліпбиінің сапасын бағалау критерийлерін анықтауға, латын әліпбиіне көшу мәселелерін жаңа көзқараспен талқылауға мүмкіндік берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here