Алып қояндар, балықтар мен жылқыларды ұстайтын шаруашылық

0
2314
Дене тұрқы 2 метрден асатын, салмағы 80 келіге дейін жететін бекіре балықтары, еті, сүті мен терісі де бағалы, салмағы 60-75 келіге дейін баратын заанен ешкілері, оңтүстік-америкалық алып үйректер, украиндық қаздар, башқұрт үйрегі мен қырғауылдары, африкалық құстар, теңіз күркетауығы мен әлемнің түкпір-түкпірінен алынған жануарлар көптеп кездесетін «Дібек» фермасының негізгі қазынасы – асыл тұқымды араб жылқылары...

Еліміздің оңтүстік астанасынан жетпіс шақырым жерде бірегей ферма орналасқан. Дегенмен, көпшілік жануарлар әлемі үшін «жұмақ мекенге» айналған шаруашылықтың бар екенінен хабарсыз. Мұнда аң-құс пен жан-жануарларға жақсы жағдай жасалып қана қоймай, кейбір жойылып бара жатқан түрлерді сақтауға да күш салынып жатыр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Алатау аңғарындағы «Дібек» фермасына тоқталады.

Қазақстанда Каспий теңізінде және Еділ мен Жайық өзендерінде тіршілік ететін әрі Қызыл кітапқа енген бекірені теңіз деңгейінен шамамен 800 метр биікте орналасқан шаруасы шираған шаруашылық тоғанда өсіреді…

АЛАТАУ
БӨКТЕРІНДЕ
«БАҒЫ»
ЖАНҒАН БЕКІРЕ

Іле Алатауының жотасы, Есік өзеніне жақын маңда «Дібек» деп аталатын ферма бар. Мұнда ферманың негізгі «тұрғындары» араб жылқыларынан бөлек Жер шарының әр аймағынан әкелінген түрлі жануарларды кездестіруге болады. Аталған орталықтың басты бағыты – жылқы шаруашылығы. Алайда, мұнда бекіре тұқымдас балық шаруашылығы да жолға қойылған.

Географиялық тұрғыдан ферманың тұрғылықты жерін нақтылайтын болсақ, шаруашылық Алматы қаласынан шығысқа қарай қырық шақырымда, Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының оңтүстік-батысында орналасқан. Теңіз деңгейінен шамамен 800 метр биікте орналасқан таулы аймақ тау мен тасты мекендеген жануарларға жайлы болғанымен, теңіз бекіресін де бауырына басып отырғаны таңғалдырады. Десек те, «Дібек» фермасының білікті басшылары мұны ақиқатқа айналдырып отыр.

Бұл жерде қызықты жайт балықтардың таулы аймақта өсіп-өнуі ғана емес, шаруашылық аумағында 250 метр тереңдіктегі жер қойнауынан мөп-мөлдір, таза су келетін құдық бар. Елдегі өзге шаруашылықтар ішінде мұндай тұнық су шығаратын құдық кемде-кем. Осы артезиан суы бекіре балығы шаруашылығының тасын өрге домалатып, оны жандандыруға себеп болып отырған бірден бір фактор деуге негіз бар.

Жерасты сулары еліміздің көптеген аймағында пайдалы қазба көзі ретінде пайдаланылады. Қаншама тереңдіктен тікелей келетін мөлдір судың игілігін таулы аймақтар ғана емес, жартылай далалы аймақтар да көріп отыр. Десек те, олардың әрқайсының құрамы құдық ішін қоршаған ортаға орай өзгеріске ұшырайды. Табиғи сүзгі, судың минерализаторы қызметін атқаратын топырақ, одан қалса аймақтың климаттық ерекшелігі де судың құрамына айтарлықтай әсер етеді.

«Дібек» фермасының орналасқан жері ерекше. Ондағы топырақ құрамы өте күрделі. Бұл өз кезегінде қойнаудан шыққан су құрамын химиялық элементтермен толықтырып отыруға оңтайлы. Нәтижесінде тау бөктерлеген тап-таза су ондағы тіршілік еткен жан мен жәндікке түгелдей шипалы. Осыны ескерген арнайы мамандар бұл аймаққа 2015 жылы алғаш рет бекіре тұқымдас балықтарды жерсіндіре бастады. Одан бері арада бірнеше жыл өтті. Яғни, ғалымдар су құрылымының балықтарға қалай әсер ететінін толық зерттеп үлгерді. Бүгінде мөлдір суда тайдай тулаған бекіре балықтары – үлкен әрі қарқынды еңбектің нәтижесі.

Тағы бір айта кетерлігі, мамандар бұл шаруашылықта жұқпалы яки паразит таратушы аурулардың тіркелмегенін айтады. Тіпті, жер-жерден түрлі тіршілік иесін алдырып, жерсіндіру жұмыстары кезінде де ауру тарап, әуреге салған жағдайлар орын алмаған. Оның басты себебі – мұндағы табиғаттың саф тазалығы.

БАЛЫҚТАРЫ
ТАЙДАЙ
ТУЛАҒАН ФЕРМА

Ферманың тау бөктерінен орын тебуі мұндағы тіршілік иесінің әркез пайдасына шешіле бермейді. Географиялық орналасқан жерінің өз кезегінде ферма «тұрғындары» үшін жайсыз тиетін тұстары да бар. Мысалы, бекіре балығын өсіру үшін судың орташа температурасы кемінде 18 градус цельсийге жетуі қажет. Ал, тау бөктеріндегі су температурасы әдетте салқын болатыны белгілі. Тіпті, жаздыгүні қажетті көрсеткішке әрең жететін температура жыл бойына төмен болады.

Арнайы мамандар мәселенің шешімін тауып, балықтарға қолайлы орта жасау үшін жабық циклді бассейндер салған. Бұл балық шаруашылығын жандандыру үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады. «Дібек» фермасы аумағында салынған жабық циклді зауыттар температураны бірқалыпты ұстап отыруға, судағы оттегі мөлшерін бақылауға және құрамын талдауға мүмкіндік береді. Осылайша, балық тұқымдарына қолайлы ортаны қолдан жасап, теңіз өнімін жабық бассейнде де өндіруге мүмкіндік бар.

Мұндағы балық шаруашылығының ұтымды ұйымдастырылуының тағы бір дәлелі – балықтардан кез келген уақытта уылдырық алынуы. Балық өсірушілер бұл процесті еуропалық тәжірибені қолдана отырып, балықтарға еш залал келтірместен жүзеге асырады. «Бұл қалай» деп таң қалып отырған боларсыз. Бірақ, расында мұнда сіз бен біз көрген тәжірибедегідей балықтан уылдырық алу үшін оны пышақтаудың қажеті жоқ. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, арнайы құрылғының көмегімен уылдырықты балық бойынан бөліп алған мамандар аналықты қайтадан теңізге жібереді. Бұл балық басын кемітпей, уылдырықтан да өз пайдасын көре беруге оңтайлы. Техниканың қолданылуы бекіре тұқымдастарын өсіруде үлкен маңызға ие. Себебі, бекіре баяу жетіліп, жай өсетін балық санатына жатады. Сондай-ақ, кемінде бес жылдық бекіре ғана уылдырық шашуға қауқарлы. Бес жыл дегеніміз тек бергі жағы. Балықтың кей түрлерінде бұл мерзім 15-17 жылды құрауы мүмкін.

Фермадағы балық шаруашылығы саласында жүргізілген инкубация нәтижелері көңіл қуантарлықтай нәтиже берген. Уылдырықтан салмағы бір грамға дейін жететін 42 мың біркүндік дернәсіл алынған. Оның 35,5 мыңы тіршілікті жалғастыра алса, қалғаны жарамсыз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Өйткені, әдеттегі жағдайда бұндай дернәсілдердің 30-50 пайызы жарамсыз күйге түседі. Бұл да таулы аймақтың мөлдір тұнық суының «шипасы».

Айтпақшы, тәжірибе аясында «Дібекке» жақын маңнан, Түрген шатқалы тұсынан, тағы бір шағын шаруашылық іске қосылған. Тау арасында орналасқан шаруашылық қажетті суды Түргеннің мұздақтарынан бастау алатын бұлақтан алады. Бір қызығы, таудың ұшар басынан ағып келіп жатқан бұлақ болса да, су құрамы «Дібек» суындай таза емес. Бірақ, аталған шаруа қожалығында бастапқыда балық өсіру жоспары мүлде болмаған. Жоғарыда айтып өткендей, бекіре тұқымдастарының «отаны» – су температурасы неғұрлым жоғары Каспий теңізі. Бастапқыда бұнда бекіре тұқымдастары пайда болмай тұрып, шағын тәжірибелік тоған болған. Онда майда тұқы балықтарын жіберіп, тоған тәжірибе алаңына айналған. Бұл фермадағы жануарлар әлемін кеңейтуге тағы бір қадам болғаны белгілі. Бүгінде фермада балық шаруашылығы тұрақты жолға қойылған. Жасалған жұмыстың нәтижесі де мол.

«АРАЛДЫҢ
БЕКІРЕСІ» НЕМЕСЕ
ТАБЫСТЫ
ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ

Әдетте, ветеринария ғылымы мен жануарлардың, оның ішінде балықтардың жұқпалы ауруларын біріктіре қарастыратын ихтиопатология ғылымы тұқы балықтарының түрлі ауруларға бейім екенін растайды. Десек те, «Дібек» су қоймасындағы балықтарда типтік аурулар әлі күнге кездеспеген. Бұл мамандарға қуаныш сыйлап, өз кезегінде үлкен жоспарларға жол ашып отыр.

Тұқы балықтарына жасалған тәжірибе сәтті өткен соң мамандар мұнда арнайы бекіре балықтарын алғыза бастаған. Арада уақыт өтіп, мамандар өз қызметін мүлтіксіз атқаруының нәтижесінде бұл тәжірибеден оң нәтиже алына бастаған.

Енді ферма аумағында арнайы қоймалар салу жоспарлануда. Ол өз кезегінде фермадағы балықтарды сыртқы факторлардан қорғап қана қоймай, ерекше микроклимат қалыптастыруға сеп болмақ. Аталған құрылыс судың да, ауаның да температурасын арттыруға ықпал етеді. Тіпті, бұл қадам қысқа мерзім ішінде өндіріс көлемін өркендете де алады деп жоспарлануда. Осы орайда алдағы бірнеше жылдың көлемінде ерекше жағдайда өндірілген бекіре балықтарын айналымға шығару көзделуде.

«Дібек» тоғандарында тек бекіре тұқымдас балықтар ғана емес, жойылып кету қаупі бар балық түрлері де кездеседі. Оның ішінде Арал мұртты балығы да бар. Оны «Арал қаязы» деп атайды. Балықтың ерекше бұл түрін былайғы халықтан бұрын кей балықшылар да біле бермейді. Себебі, кезінде Арал теңізі ғана емес, Қызылорда өлкесінің бірден-бір байлығы саналған қаяз балығының саны бүгінде саусақпен санарлық. «Аралдың бекіресі» атанған балық түрін қазір «Қызыл кітаптан» ғана кезіктіре аласыз. Десек те, сирек кездесетін табиғат тамашасын әлі де сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Арал қаязы өзге балықтардан денесінің ірілігімен және бірі қысқа, бірі ұзынша келген қос мұртымен ерекшеленеді. Денесі жолақ тәрізді, бұл ерекшелік қаяз балығын өзге туыстарынан анық айқындап, ерекшелеп тұрады. Олар 15 жылға дейін өмір сүре алады және салмағы 12-14 келіге дейін баруы мүмкін. Бір қызығы, қаяз уылдырығы үлкен, екі жарым миллиметрге дейін барады әрі улы болып келеді. Сондай-ақ, шабақтары жылдам өседі, тіпті бір-екі айда дене тұрқы көлемді балықпен бірдей болады. Десек те, тіршілік үшін күресте қаяз шабақтары да өз жауының құрбанына айналып кетіп жататын жайттар жиі кездеседі.

Арал қаяздары біздің елде жойылуға ұшырағанымен, көршілес Өзбекстанда көп кездеседі. Балықтың ерекше бұл түрін қайта жаңғырту үшін қаяздың «отаны» Аралды қалпына келтіру қажет. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің құрылысы да Қазақстан қаязының жойылуына ықпал етті» деген де пікір кездеседі. Жол салуға қажетті қиыршық тастарды алу үшін өзен арнасына карьер салуға рұқсат берілген. Нәтижесінде балық түрлері уылдырық шашуға жайлы ортаның жоқтығынан жойылуға ұшыраған. Бұл да бір себеп болса керек. Десек те, шөбі шұрайлы, суы құнарлы «Дібек» тоғандарында аталған балық түрінің де бірнеше үлгісі сақталған. Демек, қаяздан біржола күдер үзуге негіз жоқ.

ТӨРТ
ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ
ЖӘНЕ
ИППОТЕРАПИЯ

Жоғарыда жазғанымыздай, «Дібектің» негізгі қазынасы – асыл тұқымды араб жылқылары. Мұнда асыл тұқымды жылқыдан бөлек, қарапайым жылқы да қолға үйретілген. Жалпы саны 60 басты құрайды. Оның ішінде жетеуі таңдаулы айғыр болса, олардың кейбірі дүйім елге танымал жануар.

Ең атақтысы – Байсанғұр. «Дібекке» қоныс аударып, осы жаққа тұрақтағанына 14 жыл болған тұлпардың қазіргі жасы – 17-де. Осы уақытқа дейін ақылды жылқы тұқымы талай бәйгеде топ жарып, егелерінің мерейін үстем етіп жүр. Ең бірінші бәйгесі – Алматыдан, бір жарым шақырым қашықтықты бағындырып алған алтыны. Содан кейін «Анилин» сыйлығына да лайық деп танылды. 2007 жылы республиканың бас жүлдесі «Дербені» жеңіп алып, кейін ел Президентінің жүлдесін де иеленген. 2008 жылы Алматыдағы «Элита» мен «Жокей клубының» жүлдесін, Пятигорсктегі (Ресей) «Оңтүстік федералды округінің» жүлдесін жеңіп алып, «жеңілмейтін тұлпар» атанды. Сөйтіп, Байсанғұрдың атағын әуелете түсті. Ал, 2009 жылы «Афинс Вуд» жүлдесінде үшінші, Чемпиондар кубогінде екінші тұғырдан төбе көрсетті.

Лианито айғыры – айғырлардың ішіндегі ең қыңыр мінездісі. Ол бес жасында ҚР Президентінің 2005 жылғы кубогін жеңіп алса, 2006 жылы Алматы қаласында өткен қалалық сайыста күміс жүлдегер атанған. Ал, егелері «Keep Distance» деп атаған жануар екі жасында-ақ Ростов қаласында (Ресей) өткен бәйгеде оза шауып, жүйрік шыққан. Үш жасында «Гиней-2000» сыйлығында күміс жүлдегер атанса, «Анилин» сыйлығының алтын жүлдесін жеңіп алған. Асыл тұқымды тұлпардың атағы осылайша жер жарып келеді.

«Дібектің» негізгі «тұрғындарына» айналған ақалтеке мен ағылшын-араб айғырлары ашық сайыстарда әзірше бақ сынамаған. Десек те, қазіргі таңда иппотерапия кең таралғанын да айта кеткеніміз жөн. Жылқы малын ертеден төрт түліктің төресі деп білген қазақ халқы жылқының шаруашылықтағы пайдасымен қоса адам денсаулығына зор көмегі барын білген. Жылқы мінген адамның жүйке жүйелері тынышталып, омыртқасы түзереді. Жылқы мінудің емдік қасиеті барын жантану ілімінің мамандары да растайды.

Тау етегінде орналасқан, ауасы саф, суы мөлдір, жануарлардың «жұмақ мекеніне» айналған ферма тұрақты түрде ашық есік күнін өткізіп, көмекке мұқтаж балалар денсаулығын түзетуге үлес қосып келеді. 2013 жылы «Нұрбанк» демеушілік жасап, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №8 мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық акциясын өткізген. Ол негізде балалар екі жыл бойына демалыстарын «Дібекте» ұйымдастырған. Онда балалар атқа мінуді үйреніп әрі денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алған.

АШЫҚ
АСПАН АСТЫНДАҒЫ
«ЗООБАҚ»

«Дібек» фермасының бай зооәлемі туралы тақырыпты жалғастыра отырып, салыстырмалы түрде шағын аумақта әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген түрлі жан-жануарды көруге болатынын атап өту орынды. Мысалы, заанен ешкісі бір қараған адамды бейжай қалдырмайды. Тұрқы әдеттегі ешкіге ұқсағанымен, өзіндік ерекшелігі бар ешкі тұқымдасы алғаш рет 500 жыл бұрын Швейцарияда жергілікті тұқымдарды шағылыстыру нәтижесінде алынған. Ал, Еуропа елдерінде 1893 жылдан бастап кең таралған ешкінің ерекшелігі – мойнының төменгі бөлігінде сырғалықтарының болуы.

Нубиялық ешкілер туралы да бөлек тақырып қозғауға болады. Олардың негізгі отаны – Еуропа. Бұл түрдің ерекшелігі – ұзын құлақтарында. Ағылшын селекционерлері Африка, Үндістан, Таяу Шығыс елдерінен алынған тұқымды жергілікті сүтті түрмен шағыстыра отырып, осындай ерекше түрге қол жеткізген. Бұл ешкілердің салмағы 60-75 келіге дейін барады. Сондай-ақ, майлылығы жоғары сүті де пайдалы. Еті мен терісі де бағалы. Түрлі климаттық жағдайға төзімді болғанымен, ұнатпаса адамға шабуыл жасаудан тайынбайды.

«Дібекте» фландер асыл тұқымды алып қояндар да тіршілік етеді. Ерекшелігі – салмағының 10-12 келіге дейін баруы. Әлемде оннан астам алып қоян түрі кездеседі десек, олардың ішінде ең үлкені осы – бельгиялық фландер қояны. Бұл жануар бастапқыда жүнін өнеркәсіптік мақсатта қолдану үшін өсірілген. Десек те, бүгінгі таңда бұл түрді қолға үйретіп, үй жануары ретінде асырап отырғандар да бар.

Фермада жапон бөденесі де кездеседі. Салмағы 200 граммға дейін жетеді. Әдеттегі бөдененің салмағы 120-140 грамм болады. Жапон бөденесінің еті де, жұмыртқасы да өте пайдалы. Құстың өнімділігі де жоғары. Арғы тұқымы ХІ ғасырда қолға үйретілген жабайы бөдене болса, жапондық тип – күшті иммундық жүйесі бар қарапайым құс. Адамды еш жатырқамайды, қолға үйретілген. Тіпті, пәтер ішінде ұстауға да болады. Жабайы бөденеден басты айырмашылығы да сол.

Сонымен қатар, фермада оңтүстік-америкалық алып үйрек, украиндық қаздар, башқұрт үйрегі мен қырғауылы, африкалық құстар, теңіз күркетауығы мен әлемнің түкпір-түкпірінен алынған жануарлар көптеп кездеседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда атап өткен ерекшеліктерін бағалай отырып, «Дібек» фермасын «шағын зообақ» деп сипаттауға болар еді. Әлемнің түкпір-түкпірінен алынған жануар түрін жерсіндіріп, шаруаны ұтымды үйлестіру де оңай шаруа емес. Түрлі күтімді қажет ететін түрлі тіршілік иелерінің әрқайсының өзіне тән ерекшелігі де бар.

Иә, табиғаттың тамашасы таусылмас. Тек оны ретті пайдаланып, қажетті ресурстарды толықтырып отыру керек. Жұмысты үйлесімді жүргізгенде ғана Табиғат-Ана да тіршілік атаулыдан нәрін аямайды. Табиғат – ғажап әлем. Ал, адам – табиғаттың ажырамас бөлігі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here