Түрмедегі тіршілік: Колониядан кәсіп ашудың кемшілігі мен артықшылығы

0
3106

Жазасын өтеп жатқандар күні бойы тар қапаста отырмайды. Өйткені, темір тордың арғы жағында да тіршілік бар. Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі 300-ге жуық кәсіпорын 12 мыңнан астам жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отыр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін түрмедегі тіршілік пен колониядағы кәсіпкерлікке тоқталады.

ТҮРМЕДЕГІ ТАБЫС

Қазақстанда барлығы 63 түзеу мекемесі бар. Онда 30 мың сотталушы жазасын өтеп жатыр. Соның 20 мыңын еңбекке жарамды жастағылар құрайды. Жоғарыда жазғанымыздай, 12 мыңнан астам жазасын өтеуші жұмыс істейді. Қалғанына түрмеден «екі қолға бір күрек» табылмай жүр. Себебі, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен кәсіп ашудың кемшін тұстары да бар. Сондықтан түрмеде кәсіп ашудың артықшылығы барына қарамастан, кәсіпкерлердің көбі тәуекелге бара бермейді.

ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) дерегінше, еліміздің түрмелерінде ірілі-ұсақты 282 кәсіпорын бар. Онда бас бостандығынан айырылғандар көбіне тоқыма өнімдерін, жиһаздар, ағаш пен темірден бұйымдар істейді. Істі болғандар құрылыс нысандарда, фермалар мен жылыжайларда да жұмысқа тартылады.

«Әкімдікпен де ынтымақтасып жұмыс істейміз. Сотталғандар аумақты тазартады. Мысалы, істі болғандар Қонаев қаласын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысады», – деп нақтылады Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №49 мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Марат Сағандықұлы.

Әрине, сотталғандар еңбегі үшін заңға сәйкес ақы алады. Еңбекақы ең төменгі жалақыдан, яғни 70 мың теңгеден кем болмайды. Көбіне кәсіпкерлер темір торда отырғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы төлейді. Дегенмен, жұмыс көлеміне байланысты қосымша ақы да төленеді. Мұндай жағдай тапсырыстарды көп алатын тігін цехында жиі кездеседі. Мысалы, «Еңбек-Жауғашты» бөлімшесінде жұмыс істейтін қыз-келіншектердің айына 600 мыңнан астам табыс тапқан кездері де болған.

Бір атап өтерлігі, жазасын өтеушілердің айлығы қолына толық тимейді. Тең жартысы бостандықта мемлекетке немесе біреуге келтірген залалын, алиментін, айыппұлын өтеуге ұсталады, екінші жартысы оның жеке қажеттіліктеріне қалады. Кейбірі түрмеден тапқан табысын отбасына аударады. Демек, сотталғандардың темір тордың ішінде жүріп-ақ қарыздарынан құтылуға, жаңа кәсіп түрін игеруге, отбасына көмек көрсетуге мүмкіндігі бар.

«Түрме тұтқындары жұмысқа кіріскенде, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынас басталады. Олардың өткен өміріне, жасаған қылмысына, темір торда отырғанына мән берілмейді. Ол – өзінің құқығы мен міндеті бар толыққанды жұмысшы», – деп түсіндіреді «Еңбек-Жауғашты» бөлімшесі директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қуаныш Кемелов.

Рас, «Еңбек-Жауғашты» бөлімшесі қарайтын «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны кәсіпкер, түрме басшысы мен жазасын өтеушілер арасындағы алтын көпір саналады. Аталған мекеме еліміздегі түзеу колонияларының аумағында бизнес алаңдарын құрумен айналысады.

КОЛОНИЯДАҒЫ КӘСІП

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен кәсіп ашудың екі әдісі бар. Біріншісі – колонияның ішінде өндіріс орнын құру. Бұл әдіс тұтқындарға түрме аумағынан шығуға рұқсат етілмеген мекемелер үшін қолжетімді.

Екінші әдіс –  түрмеге жақын жерде өндіріс ашып, сотталғандарды жалдау. Бұл әдіспен кәсіп ашу жеңіл баптармен сотталғандар отырған жалпы ұстау режиміндегі түзеу мекемелерінде мүмкін болады. Ол жақта жазасын өтеушілер түрменің жолақты киімін кимейді, түрменің аумағынан шығуға (мысалы, дүкенге бара алады) және колониядан тыс жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеуге құқылы.

Кәсіпкерлер үшін түрмелермен ынтымақтастық екі негізгі себеп бойынша тиімді саналады. Бірінші себеп – ғимараттарды жалға алу ақысының болмауы, екінші себеп – арзан әрі қатаң тәртіптегі жұмыс күші.

«Бізде жұмысқа кешігу немесе жұмыстан қалу деген болмайды. Тәртіп, жұмыс кестесі мен ережесі бұзылмайды», – дейді «BSD Construction» зауытының сапаны бақылау инженері Виталий Ковалев.

Пластикалық құбыр шығаратын зауыт жұмысшылардың жетіспеушілігіне байланысты Алматы облысының Заречный кентіндегі колониямен ынтымақтаса жұмыс істеуге шешім қабылдаған. Зауыт өкілдері күн сайын таңертең сотталғандарды колониядан қол қойып алып шығып, кешке қатаң белгіленген уақытта кері қайтарады.

Медальдің екі беті болатыны сияқты түрме жанынан кәсіп ашудың кемшілігі де бар.

«Мереке мен тексеру күндері сотталғандар жұмысқа шықпайды. Бұл – бір. Екіншіден, колония басшылығы бізге түңгі сағат онда «Ертең сотталғандарда медициналық комиссия болғандықтан олар босатылмайды» деп хабарлама жіберуі мүмкін. Осындай жағдайларға байланысты жұмыс уақытша тоқтап қалуы ықтимал. Ең басты мәселе осы», – дейді «СД и Ко» ЖШС-нің кадр бойынша менеджері Елена Волженина.

Аталған кәсіпорын Заречный кентінде жеміс-көкөніс консервілерін шығарады.

Кәсіпорын колония аумағында болған жағдайда, тексеру күндерінде жұмыс тоқтап қалу деген болмайды. Дегенмен, мұнда да бір мәселе алдан шығады.

Манарбек Мұстафин басқаратын «Luxury M» ЖШС №57 түзеу мекемесі аумағында жиһаздар, ағаш пен темірден бұйымдар шығарумен айналысады. Кәсібін кеңейтуді көздеген кәсіпкер түрме аумағында саңырауқұлақтар өсіруге тырысқанын айтады. Алайда, колония жағдайында онымен айналысу қиынға соғады. Өйткені, саңырауқұлақтарды өсіру кезінде температура режимі қатаң бақыламаса болмайды. Ол үшін технологтың тәуліктің кез келген сәтінде өндіріске баруға мүмкіндігі болуы керек. Ал, түрмеде ол мүмкін емес. Кешкі жетіден таңғы сегізге дейін түрме аумағына кіруге рұқсат берілмейді.

Түрменің аты – түрме. Оның өз тәртібі бар. Колония ерекше қорғалатын нысан болғандықтан, кәсіпкерлер оның аумағына кірудің қатаң ережелерін ескеруі тиіс.

«Мысалы, біз тексеруден еш қиындықсыз өту үшін 10-12 диван сыятын «Sprinter» көлігімен оның тек үшеуін ғана алып кете аламыз. Яғни, біз дивандардың бәрін алып кету үшін оларды колониядан тыс жерде қалдыруға, қайта кіруге және процедураны осылай бірнеше рет қайталауға мәжбүрміз. Бүкіл партияны түрмеден бірден шығару мүмкін емес», – дейді Манарбек Мұстафин.

Павлодар облысындағы колонияларының бірінде ағаш ойыншықтар шығаратын цех ашқан әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров бизнес үшін жалдау ақысының болмауы кәдімгідей жеңілдік болғанымен, түрме ғимараттарының әбден тозығы жеткенін айтады.

«Еліміздегі барлық түрмелер 1930-1970 жылдары салынған. Көбісі күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан инвестиция салу керектігін білетін шағын және орта бизнес өкілдерінің колониялардан кәсіп ашуы екіталай», – деп санайды Эмин Әскеров.

Манарбек Мұстафин де түрмедегі жеңілдіктерді пайдаланып, мол табысқа кенелудің мүмкін еместігін тілге тиек етеді. Кәсіпкердің айтуынша, тегін жалға алу және арзан жұмыс күші әлі күнге дейін күнделікті көлік шығындарын (колония Алматыдан 60 шақырым қашықтықта орналасқан) және ғимаратты жөндеуге, құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығындарды өтеген жоқ.

ЕКІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ

Мемлекет түрмеде жұмыс орындарын құру арқылы екі мәселені шеше алады. Біріншіден, түрмеден шыққаннан кейін оларды қоғамға бейімдеуге жол ашады. Неге десеңіз, түрме іші мен маңындағы жұмыс жазасын өтеушілер үшін абақты қабырғасындағы жылжымайтын уақыттың бірден-бір емі. Оның үстіне еткен еңбекке ақы төленеді. Яғни, жасаған қылмысы қоғамға шығын келтіргендер үшін бұл мемлекет алдындағы берешегін өтеудің таптырмас мүмкіндігі. Жұмыс барысында тәртіп бұзбай, өзін жақсы жағынан көрсете білгендерге абақтыдағы еңбек мерзімінен бұрын босауына сеп болады.

Еңбекке жарамды 8 мың сотталушының түрмеде «екі қолға бір күрек» таппай жүргенін жоғарыда жаздық. Олай болатын жөні де бар. Өйткені, темір тормен байланысып, табыс табуға әркімнің жүрегі дауаламасы анық. Колониядан кәсіп ашудың екі кемшілігіне де тоқталдық. Әрине, түрмеге кіріп-шығуды жеңілдету мүмкін емес. Сондықтан кәсіпкерлерге ұсынатын тегін ғимараттарды күрделі жөндеу мәселесі шешілсе, абақтыда кәсіп дөңгелетудің қиындықтарына қарамастан, онда жұмыс істеуге ынталы кәсіпкерлер қатары артар еді. Осылайша, түрмелерде өндірістік орындарды жүйелі түрде көбейтіп, екі тарапқа да пайдалы етуге болады. Сонда мемлекеттік бюджеттен түзету мекемелеріне бөлінетін қаржы үнемделеді, ал еңбек сотталушылардың қоғамда дұрыс өмір сүруіне септігін тигізеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Абай өзінің отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп, адамның кез келген уақытта өзін қолына алып, түзеле алатындығын айтады. Демек, қатесін мойындап, айыбын өтемейтін адам жоқ. Сондықтан  шалыс басқаны үшін, шарасыздықтан шатасқаны үшін айыбын өтеп, абақтыда отырғандардың тура жолға түсіп, түзу өмір сүруіне мүмкіндік беру керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here