Бүгін, 24 сәуірде Жаңаөзен қаласында мұнай компанияларының басшылары жергілікті әкімдікпен кездесіп, жұмыссыздық мәселесін талқылады. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу мәселесі төрт жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан «ӨзенМұнайГаз» АҚ және Жаңаөзен қаласы әкімдігі бірлесе құрған алгоритм бойынша «ӨЗЕНИНВЕСТ» ЖШС, «Тазасу» ЖШС, «БН» ЖШС, «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниялары бүгінге дейін 4 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтыған. Ал, сирек қолданыстағы мамандық бойынша 146 адам қызмет етіп жүр. Алайда, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, алгоритмге сәйкес әлі де 9 996 адам жұмысқа орналасуға кезекте тұр.
«Қазіргі таңда 9 996 адам кезекте тұрғанымен, оның ішінде 415 адам жеке кәсіпкер, ал 4 333 адамның зейнетақы қорына аударымдары үздіксіз түсіп тұр. 2 603 жұмыссыз азамат алгоритмге сәйкес кезекте тұр. Жұмысқа орналасқысы келген адам алдымен «Өзенинвест» мекемесінде уақытша қызмет етіп, аутсорсинг бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на тұрақты жұмысқа орналаса алады», – деді Ұлбазар Орынбаева.
Жиында мекеме басшылары өз ойларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды.
«ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлының айтуынша, «ӨзенМұнайГаз» компаниясы 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан артық адамды жұмыспен қамту компанияның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сол себепті «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз жандарға алгоритм аясында «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниясына қарасты еншілес мекемелерге жұмысқа орналасуға ұсыныс білдірді.
Айта кетейік, осы мәселені тез арада шешу мақсатында қала әкімінің арнайы тапсырмасымен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, компания және кәсіподақ өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, жан-жақты зерделеп шешім қабылдайды.