ҚазҰУ Франция мамандарымен жаңартылмалы энергия мәселелерін талқылады

0
617

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде француз университеттері делегациясының қатысуымен «Жаңартылмалы энергия көздері: Қазақстан мен Франциядағы энергетикалық ауысудың дағдысы мен білімі» атты халықаралық конференция өтті.

Жиынға қатысушылар алдымен ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми-инновациялық әзірлемелері көрмесін тамашалады.

Делегация назарына наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар, энергияны үнемдейтін шамдар, микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар, Қазақстанның табиғи шикізаты негізіндегі дәрілік препараттарды өндіру, қан тамырлары патологиясының алдын алу және емдеу және т.б. инновациялық жобалары таныстырылды. Әрі қарай конференция ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. «Бүгінгі шараға Реймс-шампан-Арденна, Гавр және Лотарингия университеттерінен келген қонақтар қатысып отыр. Бұл кездесу – біздің әріптестік қарым-қатынасымыздың нәтижесі. Біз француз жоғары оқу орындарымен мұнай және газ, ақпараттық технологиялар, биотехнология және баламалы энергетика саласында қос диплом бағдарламасын енгіздік. ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» Қазақстан-Француз ғылыми-білім беру орталығы құрылды. Университет француздық «Total Energy» компаниясымен бірлескен бірнеше жоба дайындауда», – деп атап өтті ректор.

ҚазҰУ Францияның 20 жоғары оқу орнымен тығыз ықпалдастық орнатқан. Химия факультетінде Лотарингия университетімен бірлескен «Мұнай-газ ісі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Енді физика-техникалық факультетінің студенттері Total компаниясында ғылыми тағылымдамадан өтеді.

Жиында сөз алған Реймс-шампан-Арденна университетінің бірінші вице-президенті Кристоф Клеман  «Біз ҚазҰУ факультеттерін аралап, өзара ынтымақтастық аясындағы жұмыстарды көзбен көруге мүмкіндік алдық. Мен мұнда көптеген жылдан бері танитын ғалымдарды кездестірдім. Олар білімі мен күш-жігерін ғылымның дамуына жұмсауда. Біз ортақ мақсатты жүзеге асыру жайын талқыладық. Енді әріптестігімізді жаңа бағытта жалғастыратын боламыз», – деп атап өтті.

Лотарингия университетінің Еуропалық және халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті Стефан Лоувик Жамбыл облысындағы электр сақтау станциясының перспективалары жайлы айтты.

«Бұл жел электр станциясы 2030 жылға қарай елдегі жаңартылмалы энергияның ірі нысанына айналады. Осы орайда «Total Eren» компаниясының «Total Energy» компаниясын стартегиялық серіктес ретінде қарастыратынын және 2023 жыл ішінде ортақ жобаға қосылатынын атап өткім келеді», – деді Стефан Лоувик.

Сонымен қатар шарада Лотарингия университетінің вице-президенті Карл Томбр: «Екі жақты серіктестік білім мен ғылым саласындағы ортақ мақсаттарды орындауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз Қазақстанның жетекші университетімен ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен үлкен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деген пікірімен бөлісті.

Басқосуда Францияның бас консулы Фабрис Невё, «Total Eren» компаниясының Орталық Азия бойынша вице-президенті Тьерри Плезан және өзге де делегация мүшелері, ғалымдар екі ел қарым-қатынасындағы энергетикалық ауысу барысын саралап,  ұсыныстарын ортаға салды.

Конференция жұмысы ары қарай «Баламалы энергия Франция мен Қазақстандағы жаңа ғылыми және өнеркәсіптік сын-тегеурін ретінде», «Оқытуды энергетика саласындағы мамандардың жаңа қажеттіліктеріне бейімдеу» атты секциялық отырыстарға ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here