Қайратыңды әдісіңе жолдас ет!

0
549

Астанада еліміздің Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық қызметкерлері жалпықалалық сенбілікке белсене қатысты. Үркер шағын ауданында әскери қызметшілер үй маңындағы учаскелерде, балалардың ойын және спорт алаңдарында тазалық жүргізді.

Құрал-саймандарымен қорғаныс ведомствосының құрылымдық бөлімшелерінің жеке құрамы Ақмола өңірлік гарнизонында орналасқан әкімшілік ғимараттардың, әскери бөлімдер мен мекемелердің айналасын тазартты. Әскери қызметшілер учаскелерді тазалап, ағаштардың діңгектерін өңдеп, гүлзарларды алдағы гүл отырғызуға дайындады.

Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары мен оқытушылары Тұран даңғылындағы Қорғаныс министрлігіне бекітілген аумақта сенбілік ұйымдастырды. Әскери қызметшілер Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылында, Ілияс Жансүгіров пен Адольф Янушкевич атындағы көшелерде әскери қызметкерлер тұратын жерлерді абаттандырды.

Әскери дәрігерлер іс-шараны медициналық қолдауды ұйымдастырса, ал Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің офицерлері әдеттегі қоршаған ортаны тазарту акциясына қатысушылардың еңбегін көрсететін ақпараттық, бейнесюжеттер мен фотоматериалдар түсірді.

Аты аңызға айналған қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлы: «Кішіпейілділік – адамгершілік көркі. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе. Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қыр аса алмайсың», – дейді. Әскери қызметшілер ынтымағы мен ұйымшылдығын іс жүзінде көрсетті. Нәтижесінде аула тазарып, ағаштар діңгегі мен бордюрлер ақталып қалғаны айқын көрініп тұрды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here