Мерекесі һәм демалысы көп әлемдегі жетінші мемлекет

0
2915
Биыл барлығы 365 күн болса, қазақстандықтар соның 120 күнін демалыспен өткізеді

Әлемнің 197 елінің ұлттық және мемлекеттік мерекелер туралы заңнамасын талдаған Resume.io порталы аталған елдердің мейрамға байланысты қанша күн демалатынын жариялады. Көш басында Иран, көш соңында Ливия тұр. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алғашқы ондыққа енген. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін әлем елдеріндегі мерекелік демалыс күндеріне тоқталады.

БИЫЛ
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР
120 КҮН
ДЕМАЛАДЫ

Мерекесі һәм демалысы көп елдер санатына жататын Қазақстанда 10 мемлекеттік және ұлттық мереке бар. Жаңа жылда екі күн, Ұлыстың ұлы күнінде қатарынан үш күн, қалған мейрамдарда бір күннен демалыс. Жоғарыда аталған мемлекеттік және ұлттық мерекеге жатпайтын мұсылмандардың Құрбан айтында, православтардың Рождествосында да бір күн демалыс беріледі. Содан биылғы күнтізбе бойынша аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 120 күн демалады.

Мереке және демалыс күндерін есепке алғанда Қазақстан халқы мамыр айында 11 күн демалады. Өйткені, осы айдың басында үш бірдей мерекені атап өтеміз. Олар:

  • 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні;
  • 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні;
  • 9 мамыр – Жеңіс күні.

1 мамыр дүйсенбіге түскендіктен, сәуір айының соңғы демалысы үш күнге созылды. Алдағы 7 мамыр жексенбіге түседі. Қолданыстағы заң бойынша мереке күні демалысқа түссе, демалыс келесі жұмыс күніне ауыстырылады. Сөйтіп, жексенбі күнгі 7 мамырдың орнына дүйсенбі 8 мамыр да демалыс. Ары қарай 9 мамыр күні тағы демаламыз. Осылайша, бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін 1, 6-9, 13-14, 20-21, 27-28 мамыр күндері демалыс саналады.

МЕРЕКЕ
КҮНДЕРІ ЕҢ КӨП
ДЕМАЛАТЫН
ЕЛДЕРДІҢ КӨШІН ИРАН
БАСТАП ТҰР

Енді Resume.io порталы жүргізген жаһандық зерттеуге тоқталайық. Әлем елдерінде жылына орта есеппен 12 мерекелік демалыс күні бар. Көш басында Иран (27 күн) тұр. Ал, Қазақстан 19 мерекелік демалыс күнімен 197 елдің ішінде Оңтүстік Америкадағы Гайанамен жетінші орынды бөліскен. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы жиырмалыққа Азияның 13 мемлекеті енген.

Еуропада Сан-Марино халқы ең көп демалады. Айналасын Италия қоршап жатқан алақандай елде 20 мерекелік демалыс күні бар. Әрине, дәулетті тұратын халыққа қанша күн демалса да жарасады. «Кәрі құрлықта» Сан-Маринодан кейінгі орындарға Исландия (16 күн), Латвия (15), Литва (15) және Словакия (15) жайғасқан. Ал, еуропалықтар арасында гректер ғана (6 күн) аз демалады.

Еуропадан Африкаға ойысайық. «Қара құрлықта» ең көп демалатын елдердің көшін Танзания бастайды. 17 мерекелік демалыс күні бар Африканың шығысындағы мемлекет жаһандық рейтингте 13-орынды Грузия, Шығыс Тимор елдерімен бөлісіп тұр. Әлемде мейрамы жоқ жалғыз ел Африкада орналасқан. Ол – Ливия.

Алыстағы Солтүстік пен Оңтүстік Америкада Гайана (19), Колумбия (18), Аргентина (16), Тринидад және Тобаго (16), Белиз (14) елдерінің халқы артық демалғанды құп көреді. Тізімнің соңынан Чили (5), Мексика (8), Канада (9) халқы төбе көрсетті.

Халық саны мен жер көлемі бойынша әлемде бірінші орынды алатын Азия құрлығында азаттығын БҰҰ мойындаған 49 мемлекет бар. Соның ішінде 13 ел мерекелік демалыс күндері бойынша жаһандық рейтингте алғашқы жиырмалыққа енетінін жоғарыда жаздық. Қазақстанның көршілеріне тоқталсақ, Ресейде 14 күн, Түркіменстанда 12 күн, Қырғызстанда 12 күн, Қытайда 11 күн, Өзбекстанда 10 күн артық демалады. Оңтүстік Азиядағы Үндістан халқына 3 күн, Таяу Шығыстағы Ливан халқына 2 күн ғана қосымша демалыс беріледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мерекелік демалыс күнінің көптігі бойынша Қазақстан әлемде жетінші, посткеңестік кеңістікте екінші орында тұр. Биыл барлығы 365 күн болса, қазақстандықтар соның 120 күнін демалыспен өткізеді. Шілде айында төрт күндік жұмыс аптасы енгізілгеннен кейін демалыс күндерінің саны тағы артады. Сонда елімізде демалыс аз ба, көп пе?! Кезінде Зейнолла Қабдолов «сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы» атаған Қадыр Мырза Әлі көзі тірісінде «мерекесі көп елдің берекесі болмайтынын» айтқан еді. Халық жазушысының пікірімен келісу не келіспеуді оқырманның еншісіне қалдырайық.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here