Путиннің жолымен Мирзиёев те жүргісі келеді

0
995

1992 жылдан бері Өзбекстанның қолданыстағы Конституциясына оннан астам түзетулер енгізілгені белгілі. Соның басым бөлігі депутаттар арқылы жүзеге асса, Ташкент бұған дейін бір рет қана референдумға жүгінді. Айталық, 2002 жылы халықтың қатысуымен бір палаталы парламенттің орнына екі палаталы парламент және президенттің өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту туралы мәселелер шешілді. Өзбекстан кеше 21 жылдан кейін референдум арқылы Конституцияға қайта өзгерістер енгізді.

30 сәуір күні Өзбекстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаевтың айтуынша, Өзбекстан Конституциясының жаңа редакциясы туралы заң жобасын референдумға қатысушылардың 90 пайызы қолдады. Яғни, 36 млн халқы бар оңтүстіктегі көрші елдің негізгі заңы 65 пайызға жаңарып, бап саны 128-ден 155-ке, ал тарау саны 26-дан 27-ге дейін артты. Күшіне енетін өзгерістердің ішінде 2016 жылдан бергі Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзиёевтің осыған дейінгі президенттік мерзімін есептен шығарып, оған 2040 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік беретін норма да бар.

Расында, президенттік өкілеттілік мерзімін ұзарту – посткеңестік кеңістіктегі Латвия, Литва, Эстония елдерінен басқа елдер үшін қалыптасқан дағдыға айналды. Алысқа бармай-ақ солтүстіктегі көрші елді алайық. 2020 жылы Ресей Федерациясының Конституциясына түзетулер енгізіліп, Путиннің президенттік мерзімі нөлге теңестірілетін заң күшіне енді. Билік басында 2000 жылдан бері отырған 70 жастағы Владимир Путин 2024 жылдан кейін де Ресей президенттігіне қайта сайлана алады. Енді бұл жолмен 66 жастағы Шавкат Мирзиёев те жүргісі келеді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here