ҰКҚМО 2023 жылғы конкурс мәселелері бойынша брифинг өткізді

0
749

11 мамырда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2023 жылғы киножобалар конкурсын өткізуге байланысты мәселелер бойынша онлайн-брифинг өткізді. Брифинг барысында ҰКҚМО Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Шөкенов пен басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Мақсат Мерекенов алдағы уақытта өтетін киножобаларды қорғау, 2023 жылғы конкурстық іріктеуге байланысты проблемалар туралы егжей-тегжейлі айтып, Киноорталыққа келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Атап айтсақ, 22-25 мамырға жоспарланған киножобаларды ашық қорғауды жүргізу регламентіне тоқтала келе, спикерлер қатысушыларға киножобаларды қорғауға тағайындалған уақыттан кемінде 30 минут бұрын келуі тиіс екенін тағы да еске салды. Өздерімен бірге жобаның презентациясы жазылған электронды тасымалдаушы болғаны жөн. Бұл бейнеролик, слайдшоу немесе PowerPoint презентациясы болуы мүмкін. Қорғауға киножобаның режиссері мен продюсері қатысқаны дұрыс. Әр жобаға 10 минутқа дейін уақыт беріледі. 4-5 минут ішінде қатысушылар өз жобалары және оның ерекшеліктері туралы айтады. Келесі 4-5 минутта Сараптамалық кеңес мүшелері қатысушыларға сұрақтар қояды.

– Презентацияда жазылғанның бәрін қайталаудың қажеті жоқ – жобаның ерекшеліктеріне, оны басқалардан артықшылықтарына назар аударуға тырысыңыз, – деп кеңес берді қатысушыларға Бауыржан Шөкенов. – Сіз қысқа уақыт ішінде Сараптамалық кеңес мүшелері үшін сіздің фильміңіз неге қаржыландырылуы керек екенін дәлелдеуіңіз керек!

Брифинг барысында нормативтік-құқықтық базада болған өзгерістер де атап өтілді. Алдыңғы жылдары кинематографистермен келісім-шарттар мемлекеттік сатып алу порталында жасалды, бұл көптеген киноөндірушілерге үлкен қиындықтар туғызған қаржылық тұрақтылық талаптарын сақтау қажеттілігін тудырды. Осы жылдан бастап бұл норма кино өндірушілерге қолданылмайтын болды.

– 2022 жылғы қыркүйекте «Кинематография туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді, олар, атап айтқанда, шарттар жасасу рәсімін де қамтиды, – деп түсіндірді Мақсат Мерекенов. – Осы өзгерістерге сәйкес «Қазақстан Республикасының кинематография туралы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар мен ұлттық фильмдерді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау ұсыну бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды».

Өтінімдерді беру кезінде жекелеген киноөндірушілерде туындаған проблемаларға қатысты спикерлер Киноорталық өкілдері кинематографистерге конкурстық құжаттаманы ресімдеу кезінде жіберілген бұзушылықтар бойынша бірнеше рет қажетті түсініктемелер бергенін еске салды. Осылайша, өтінімдері қайтарылған барлық кинокомпанияларға тиісті түсіндірмелері бар ресми хаттар жолданды. ҰКҚМО-ның ресми медиа ресурстарында басқарма және комплаенс-қызмет атынан бірқатар ақпараттық хабарламалар жарияланды, ал бұқаралық ақпарат құралдарында Орталық басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевтың сұхбаттары жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан кинематографистер одағымен, Ұлттық Академиямен және басқа да кинематографиялық бірлестіктермен жұмыс кездесулері өткізілді, онда туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Бұл мәселе Мәдениет және спорт министрлігінің ерекше бақылауында. 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here