Қорғаныс министрлігінің алқасында өзекті мәселелер талқыланды

0
485

Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқасы өтті. Онда ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәуір айындағы Үкіметтің кеңейтілген кеңесі мен бүкілармиялық форумда берген тапсырмалары аясында басқару органдары мен әскерлер қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.

Алқаға Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері мен әскер тектерінің қолбасшылары, құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері қатысты.

– Әлемдегі әскери-саяси ахуалдың дамуы елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды түзетуді талап етеді, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Ол ұлттық қауіпсіздікке, сыртқы саясат тұжырымдамасына, Қарулы күштердің құрылысы мен дамуына қатысты құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өтті.

Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыру мақсатымен әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу үшін жеке құрамды даярлау жалғасып жатыр.

Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған шаралар кешені іске асырылуда. Жауынгерлік даярлықтың қарқындылығын арттыру үшін жарты жылдық оқыту циклі енгізілді. Армияны полигондық жабдықтармен және тренажерлармен жарақтандыру жалғасын табуда.

Техника мен оқ-дәрілер жоспарлы түрде сатып алынуда. Қару-жарақ пен техниканы күрделі жөндеу, жаңғырту жүзеге асырылып жатыр. Әскери инфрақұрылымды дамыту және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Қорғаныс министрінің орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов өз баяндамасында қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың сипатына, әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы мәселелеріне тоқталды. Ол Қарулы күштерді дамыту жөніндегі іс-шаралардың жоспарлы орындалып жатқанын атап өтті.

Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар кезінде жоғары дәлдіктегі қашықтықтан зақымдау құралдарын, оқ-дәрілер мен ұшқышсыз авиацияға тосқауыл қоюды белсенді қолдану байқалады. Қарсыластар көбіне энергетикалық және көліктік инфрақұрылым нысандарына, қорғаныс-өнеркәсіп кәсіпорындарына, оқ-дәрі қоймаларына және мұнай қоймаларына зиян келтіруге тырысады.

– Әскерлер дағдарыстық жағдайда іс-әрекет етуге үнемі дайын болуы керек. Сержанттар құрамын дайындауға ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті Бас штаб бастығы.

Қазіргі жағдайда арнайы мақсаттағы бөлімшелерді дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, аумақтық және әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің әлеуетін нығайтуға ерекше мән берілді. Сондай-ақ Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары «Батыл тойтарыс» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының екінші кезеңін сапалы ұйымдастыру қажеттігіне баса назар аударды.

Әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін арттыру жөніндегі міндеттерді орындаудың тиімділігі көбінесе әскерлердегі құқықтық тәртіп пен әскери тәртіптің жай-күйіне байланысты. Бұл мәселелерге Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов өз баяндамасында жеке тоқталды. Ол сондай-ақ командирлердің жеке құрамды зерттеумен айналысуы, олардың әлеуеті мен моральдық-іскерлік қасиеттерін білуі, сондай-ақ офицерлер жиналысы ретінде жеке құрамды тәрбиелеуде және әскери тәртіпті нығайтуда осындай маңызды құралды толық пайдалануы керек екенін атап өтті.

Қорғаныс министрінің көмекшісі – бас инспектор Айгүл Төлембаева білім беру жеңілдіктері арқылы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру туралы хабардар етті. Бүгінгі күні еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнымен келісімдер жасалды. Олар мерзімді қызмет кезінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртіпті көрсеткендерді оқыту үшін жылына үш мың грант беретін болды.

Министрдің көмекшісінің айтуынша, қазіргі уақытта 2022 жылғы көктемде әскерге шақырылғандар үшін 1,5 мың орын берілген. Бұл ретте азаматтық жоғары оқу орындарына түсуге запасқа шығарылған 4,5 мыңнан астам сарбаз ниет білдірген. Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарынан бөлінген 186 орынға 500-ден астам әскери қызметші үміткер болып отыр.

Алқаны қорытындылаған Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқару тәжірибесінің маңыздылығына тоқталды. Бұл әскери басқару органдарының дайындық деңгейін бағалауға, әлсіз немесе күшті жақтарын анықтауға, жеке құрамның мүмкіндіктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ол барлық санаттағы командирлердің шешім қабылдау дербестігіне назар аударды.

Алқа отырысында Қарулы күштер басшылық құрамының оқу-әдістемелік жиыны шеңберінде атыс қаруынан практикалық атыс кезінде үздік нәтиже көрсеткен Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің және өңірлік қолбасшылықтардың командалары атап өтілді.

Қарулы күштер түрлерінің ішінде бірінші орынға Құрлық әскерлері, екінші орынға Әскери-теңіз күштері, үшінші орынға Әуе қорғанысы күштері ие болды. Ал әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар әскерлері арасында «Астана» өңірлік қолбасшылығы – бірінші, Десанттық-шабуылдау әскерлері – екінші және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы – үшінші орындарды иеленді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here