ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 млрд доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты жоғары деңгейге шығаруға көмектесетін «Аягөз – Бақты» темір жолының іске қосылатынына тоқталды.
«Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады», – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұнымен қатар, Президент әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 млрд долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 млрд доллардан асты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.