18 жылдан бері Мәскеуден пана тапқан Асқар Ақаев отанына орала ма?

0
459

1991-2005 жылдары Қырғызстан президенті болған Асқар Ақаев 2005 жылы 24 наурызда «қызғалдақ көтерілісі» кезінде Ресейге қашып кетуге мәжбүр болып, Мәскеуде жүріп президент өкілеттігін тапсырды. Айыр қалпақты ағайынның басым бөлігі саясатқа әйелі мен қызын, ұлын араластырғаны, азаттықтың алғашқы жылдары жемқорлық дәнін сепкені үшін тұңғыш президентке қырын қарайды. Дегенмен, қазіргі президенттің тұңғыш президентке көзқарасы түзу екені анық байқалады. Айталық, Жапаровқа дейінгі төрт президент тұсында Қырғызстанға аяқ баспаған Ақаев қазір Отанына емін-еркін келетін болды.

Соңғы рет Қырғызстанға 18 мамырда Асқар Ақаев әйелі Майраммен бірге келді. 78 жастағы экс-президент Ғылым академиясы мен политехникалық жоғары оқу орнында лекция оқуды жоспарлады. Бірақ, қырғыздардың көбі (ішінде студенттер де бар) оның лекция оқуына қарсылық білдірді. Қоғам реакциясынан кейін жоғарғы оқу орны райынан қайтты. Сөйтіп, Асқар Ақаев жоспарының быт-шыты шықты.

Күні кеше Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Асқар Ақаевтың Қырғызстанға келгеніне байланысты пікірін айтты.

«Біз оны Құмтөр ісі бойынша куәлікке шақырдық. Қамалмайтынына кепілдік бердік. Дегенмен, онсыз да Асқар Ақаевты ұстауға заңды негіз жоқ болатын. Оның куәлігі Құмтөрді алуға зор көмегін тигізді», – деді президент.

Садыр Жапаровтың сөзінше, ол – іздеудегі адам емес, үстінен ешбір қылмыстық іс қозғалмаған. Демек, 18 жылдан бері Мәскеуден пана тапқан Асқар Ақаевтың отанына оралуға еш кедергі жоқ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here