Ұлттық аза тұту күнін біз қалай бағалап жүрміз?

0
4804
Азаттық үшін атылған 25 мың ердің және 105 мың қуғын-сүргіннің азабын шеккен боздақтардың аруағына құрмет ету – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғыну

Астана. Қасиетті Рамазан айының тоғызыншы түні еді. Сәресін ішіп, ниет еткен соң, жұмыс үстеліне жайғасып, ертеңгі күннің жоспарына ой жүгіртіп отырмын. Менің бала күнімнен бергі қалыптасқан ескі ғадетім – шығармашылық жұмыс үстінде ән тыңдау немесе ән салу, өлең оқу-тын. Шопеннің «Шабытын» қосып қойып, классиканың әуенімен ойланып, толғанысқа еніп, тебіреніп кетсем керек. Сондағы ойым мені жетелеп – ұлы атыраптағы еркін қазақтың дәурені өтіп, мойнына отарлықтың қамыты түскен қиын-қыстау шағына апарған екен. Яғни, Хан Кененің байрағы құлап, басы кесілген, қазақ рухының сынған жігерсіз кезі. Ақанның ішқұса боп, Біржанның дерт құшқаны. «Мыңмен жалғыз алысып», надандықты адамдыққа айналдырамын деп жүрген хакім Абайдың күресті ғұмыры екен. Людвиг ван Бетховеннің «Жерлеу маршы» орындалғанда, қиял жетегінен оянып, «Аһ!» деп күрсініп барып, шүкір еттім!..

БӘРІ БІР
ОҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ
БОЛЫП
КЕТЕ БАРДЫ

«Жерлеу маршы» демекші, Иосиф Сталиннің ғұмыр жолын, саяси-қайраткерлік қырын бүге-шүгесіне дейін үңгіп зерттеп жүргендердің атап көрсеткеніндей, кекшіл әрі қанқұмар Кобаның сүйікті музыкасы осы – №3 симфония «Жерлеу маршы» болған көрінеді. «ЖЗЛ» сериясымен шыққан Свястослав Рыбастың Сталин туралы кітабында осы туралы қызық әрі жан түршігерлік сұмдық дерек бар. Сталин саяжайдағы үйінен Кремльге келген сәтін-де грампластинканы бар дауысына қойып, осы №3 симфонияны қайта-қайта айналдырып тыңдаған екен-мыс.

1930 жылдардың басында Кеңес билігінде ірі саяси өзгерістер белең алды. В. Ленин, К. Маркс, Ф. Энгельстің ойларын догмалау, идеяландыру үрдісі И. Сталиннің жеке басына табынумен жалғасты. Міне, осы жеке басқа табынудан соң, «Халық әкесі» атанған Сталиннің аузынан шыққан әр сөз – коммунистік партияның киелі кітабындай қасиетті болып, қоғамдық ортаға культі орнықты. Ең қиын әрі қасіретті кезең басталды. 1934 жылы қылмыстық заңдарға бірқатар өзгерістер еніп, қайта редакцияланды. Сол жылдың 8 шілдесінде «Отанды сату туралы», 1 желтоқсанында «Террористік актілер туралы» заңдары қайта жазылды. Ал, 1937 жылдың 2 қазанында «Зиянкестік пен диверсия туралы» заңға қол қойды.

Сталиндік тоталитаризмнің ең сорақы қылмысы – Ішкі істер Халық комиссариатының жанынан «Ерекше жиналыс», «Үштік», «Екілік» деп аталған соттан тыс органдарды құру болатын. Бұл органдардың жұмысы заң қолданысына енген соң, репрессиялау ісі күшейіп, соттық-процессуалдық құқықтар шектелді.

«ЕРГЕ
ТҰСАУ, ЗОРҒА
ДУМАН»
ЗАМАН ЕДІ…

Сталин режимі тұсында Қазақстан от пен оқтың ортасында тұрған-ды. Қара қазақтың жаны ыстық табада шыжғырылып жатқан шақ болатын. Оқыған, көзі ашық, интеллектісі биік, кез келген ұлт пен ұлыс оқығанымен бәсекеге түсуге қабілетті ең сүйікті деген интеллигенция өкілдері қуғын-сүргіннің тақсіретін тартып, біржола туған жері – қазақ даласынан аластатылды. Ал, олардың жар-серіктері мен балалары «Халық жауының ұрпағы», «Отанын сатқандардың әйелі» деген жаламен лагерьлерге қамалып, ауыр қара жұмысқа салынды. Ұлт көшбасшысына айналған тұлғадан екі әріптің басын қосып, хат жаза алатын сауаты бар адамға дейін, яғни сауатты қазақ баласына дейін бәрі-бәрі бір оқтың құрбаны болып кете барды. Үрей мен қорқыныштың ортасында өмір сүрген әр қазақ осы жылдары түрмеге түсуге немесе оққа ұшуға дайын еді, қатерлі шақ орнарын сезген еді. Ілияс ақынның тілімен айтқанда, «ол заман – ерге тұсау, зорға думан» еді.

Қызыл билік қантөгіспен таққа жетіп, Петерборды вандализммен басып алғанда, қазақ бадырақтарының айы оңынан туды ма дерсің! Ленинді «Күн көсем» деп, Сталинді «Халықтар әкесі» деп жер-көкке сыйғызбай мақтап, атын аспанға шығарып, жағынудан алдарына кісі салмады.

Міне, осы жағымпаздық кесел мерез болып, қанымызға сіңіп, қызыл саясаттың жолына араласқандар Алаш деп азаттыққа ұмтылғандарды да, коммунистік билік арқылы қазаққа пана боламын деген оқығандарды да «ұлтшыл», «фашист», «троцкийшіл», «бухариншіл», «жапон тыңшысы», «оңшыл коммунист», «саяси жат элемент», «оңшыл-уклонист» деп лек-легімен итжеккенге айдатты.

Сталинизмнің зорлық-зомбылығы қатаң болған АЛЖИР түрмесінде 7 мыңнан астам жан жазасын өтесе, соның 179-ы қазақтың қаракөз қыздары болатын. Бұл азап лагерінде қандай әйелдер отырды десеңізші! Алаш оқығандарының сенімді серігі болған біртуар арулар болатын. Осы қараңғы қапаста асыл ұрық – Алаш балалары аштықтан торығып, үзілген еді. Осындай ақылға сыймайтын қылмысты қасақана ұйымдастырған кеңестік билікті қалай іштартып жақсы көресің?!

25 МЫҢ
ҚАЗАҚ
СТАЛИНДІК
ҮЛКЕН
ТЕРРОРДЫҢ ҚҰРБАНЫ
БОЛДЫ

Кеңес үкіметінің ең бір үлкен қылмысы – 1928-1930 жылдардағы ұжымдастыру саясатына ашықтан ашық қарсылық көрсетіп, бұлқыныс тудырған халық көтерілістерін жаншып, олардың ұйымдастырушылары мен өкілдерін «банды» деп танып, олардың ұрпақтарын «бандит ұрпағы» деп қаралауы. Өкінішке қарай, біздің ұлттық ғылымда осы халық көтерілістері өзіне лайықты бағасын алмады және осы көтерілісті ұйымдастырғандардың көбі ресми ақталмай, әлі күнге дейін олардың есім-сойы қара тізімде тұр.

1937 жылдың 30 шілдесінде Қазақстан бойынша 1-ші санатпен 2 500, 2-ші санатпен 5 000 адамды соттау туралы бұйрық шығып, тапсырма берілді. Осы жылдың соңына қарай Қазақстан большевиктері Коммунистік партиясының Орталық Комитеті республика бойынша тағы да 1-ші санатпен 600 адамды атуға рұқсат сұраған-ды. Бұл – біздің еліміздегі ең үлкен орны толмас, өзекті өртер өкініш. Осы ұсыныс 1937 жылғы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросы мәжілісінде қаралып, мақұлданған. «Өз ауылымыздың иттері қауып», ақырында 25 мың қазақ азаматы сталиндік үлкен террордың құрбаны болды. Бұл – ұлттық орасан зор апат, ұлттық трагедия!

Сөзімізді түйіндейтін болсақ, сталиндік үлкен террор жылдары саяси айыппен атып тастау ісі мейлінше күшейіп, қазақ елінің бетке ұстар, сүт қаймағындай ең таңдаулы азаматтарын түгелімен жойып жіберді. Олардан қалған аманаттай болған тағдырлар – 1941-1945 жылдардағы Екінші жаһан соғысында «Халық жауының ұрпағы емеспіз!» деп кеуделерін оққа тосып, Сталиннің Кремлін жау шебінен қорғап еді…

31 мамыр жақындаған сайын жүрегің езіліп, көңілің құлазиды. Неге? Бұл – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бірақ, біз біртұтас ел болып осы күнді қалай бағалап жүрміз? Міне, бұл алаңдатарлық сауал. Ақиқатында, бұл күн – мереке емес, Аза тұту күні. Ұлттық Аза тұту күні!

Сталинизмнің бюрократиялық жүйесіне қарсы шығып, қазақ жерінің тұтастығы үшін күресіп, территориялық-шекаралық бөлінісін белгілеп, азаттық үшін атылған 25 мың ердің және 105 мың қуғын-сүргіннің азабын шеккен боздақтардың аруағына құрмет ету – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғыну мен түсіну.

P.S. Сталинмен бір дәуірде өмір сүріп, қоян-қолтық араласқан кеңес қайраткерлерінің естеліктерін оқығанда немесе Алексей Щербаковтың «Сталин против Троцкого», Арсен Мартиросянның «Сталин и репрессия 1920-1930-х годов» атты биографиялық еңбектерінде болсын Сталиннің «Жерлеу маршын» сүйіп тыңдағаны және өзіне қарсы шыққан «Халық жауларын» атуға бұйрық немесе тапсырма бергенде осы №3 симфонияны ерекше құлшыныспен тыңдап, Кремль бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүріп, айқайлайтынын атап көрсеткен екен.

Задында, Сталин жүйке-жүйесі сыр берген ауру болған-ды. Кейін оның өзі де, ұрпақтары да бордай тозып кетпеді ме?! Атылған, сотталғандардың киесі ұрған болар…

Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы

РЕДАКЦИЯДАН

Жоғарыдағы мақала «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты,  әдебиет сыншысы, жазушы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың өткен аптада оқырманға жол тартқан «Алаш сөзі» кітабынан алынды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here