Бейбітшілік пен тұтастық белгісі

0
606

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік институттар мен құрылымдар секілді мемлекеттіліктің белгісі, оның ажырамас бөлігі болып табылады. Отыз жылдан астам тарихы бар тәуелсіз Қазақстан Республикасы өзінің егемендік алған алғашқы күндерінен бастап басқа да мемлекеттік құрылымдарын қалыптастырумен бірге мемлекеттік рәміздерін қабылдауға бар күшін салды. Оның өзіндік тарихы бар.

Мемлекеттік рəміздерді бекіту үшін 1992 жылдың қаңтар айында арнайы жұмыс тобы құрылады. Жұмыс тобы мемлекеттік рəміздерге бəйге жариялап, ең үздік жұмыс жобаларын таңдап алады. Тек қана Мемлекеттік Тудың 453 нұсқасы талқыланып, 142 ұсыныс -хат қаралады. Бейбітшілік пен тұтастықтың белгісі ретінде байрақ үшін көгілдір түс таңдалады. Бірнеше талқылаулардан кейін суретші Шəкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Тудың жобасы бекітілді.

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рəміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру жəне оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сəйкестендіру міндетін атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран жəне ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Геральдика дəстүрінде əрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мəселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мəдениетінде терең символдық мəнге ие.

Ежелгі түркілер аспанды тəңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді. Мемлекеттік Елтаңбаны таңдауда басты белгілер мифологиялық желі мен тарихи салт-дəстүр болды. Оны қабылдау үшін арнайы жұмыс тобы 245 жоба мен 67 жазба ұсыныстарды қарап шығып, белгілі сəулетшілер – Жандарбек Мəлібеков пен Шот-Аман Уəлиханов салған нұсқаны мақұлдайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы

«Елтаңба – мемлекеттің басты рəміздерінің бірі. Елтаңба «герб» термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мəдени жəне тарихи дəстүрін бейнелейтін символдық мəні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дəуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куəлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Əнұраны

Мемлекеттік Əнұранның ең жақсы жобасы байқауына 51 əн, 132 өлең мəтіндері қатыстырылды. 1992 жылы 4 маусымда ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, Жоғарғы Кеңес Мемлекетік Елтаңбаны, Туды жəне Мемлекетік Гимннің музыкалық редакциясын бекітті. Сөйтіп бұл күн – Тəуелсіз Қазақстан тарихында Мемлекеттік рəміздер қабылданған күн ретінде аса маңызды тарихи күн болып саналады. 2006 жылдың 6 қаңтарында еліміздің Парламенті Мемлекетік Əнұранды өзгерту туралы ұсынысты талқылап, əйгілі сазгер Шəмші Қалдыаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты əнін лайық деп тапты. Сөзін дарынды ақын Ж. Нəжімединов жазған.

Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

Егемендіктің алғашқы баспалдағы

Қолданыстағы заңнама мемлекеттік рәміздерге – туды, елтаңбны және әнұранды жатқызады. Оларды әзірлеу мен қолдану ережелерін бұзған жағдайда – әкімшілік, ал қасақана бүлдіріп-жойған ретте – қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Мемлекетті формальды таңбалауды – рәміздер дейміз, бірақ мұны мемлекеттің өмірмәнді белгілерімен (халқы, аумағы, билік жүйесі, салық және әскері) шатастырмаған жөн. Сәйкесінше оның мәртебесіне төнетін қоғамға қауіптілігі де салыстырмалы түрде жоғары емес. Бірақ бұл жағдай барлық елде біркелкі жүрмейді, ол түрлі факторлерге тәуелді екендігін көріп отырмыз.

Бірінші фактор – соғыс жағдайы. Украина заңнамасында мемлекеттік рәміздерге қатысты жауапкершілік жоғары. Құқықбұзушылықтың құрамдары мен оларға белгіленетін жаза түрлері де көп.

Екінші фактор – деколонизациялық процесс. Осы кезеңде мемлекеттік рәміздер сезімтал тақырыпқа айналып, қоғамда тұрақты түрде резонанс тудырып отырады. Посткеңестік елдерге, соның ішінде Қазақстанға да таныс жағдай.

Үшінші фактор – мемлекеттердің даму деңгейі. Дамушы елдермен салыстырғанда дамыған елдерде мемлекеттік рәміздердің қорғалу жайы жиі көтерілмейді және жазалау саясаты да жұмсақтау келеді. Бұдан орта тапты қалыптастырудың – егемендік туралы көңіл-күйге де жағымды әсер ететіндігін байқаймыз. Қоғамның да, мемлекеттің де құқықтық иммунитеті мен сенімі күшті.

Осы айтылғандардан шығатын қортынды: мемлекеттік рәміздерге қатысты отандық жаза саясаты «жұмсақ» пен «қаттының» арасында болуы тиіс.

Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!

Ашып айтсақ, мемлекеттік рәміздердің құтты болуы дегеніміз:

– соғысы жоқ ел;

– орта тап өкілдері қоғамның басым көпшілігін құрайтын ел (70%-тен асатын байлық 167 адамның ғана қолында болмауы тиіс);

– билік органдарының егемендігі (әсіресе парламентаризм) дамыған мемлекет.

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,
заң ғылымдарының кандидаты

Ұрпаққа мұра болар бағалы руханият

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – еліміздің тәуелсіздік символы. Қақ ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран біздің терең тарихымызға ой салады. Қазақ халқы дәл сол қыран құстай ғасырлар бойы еркін, мықты әрі батыл болған. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек біздің өз мәдениетімізді, өнерімізді құрметтеу нышаны. Туымыз тек биіктен көрініп, барша әлемге танымал болғай!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Шаңырақ қазақ халқы үшін киелі зат, себебі аспан мен киіз үй арасын жалғайтын бөлік болыр саналған. Сол шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі өз бойына Уақыт пен Кеңістікті біріктіреді. Ол — мәңгілік өмір үлгісі және біздің елтаңбамызда шексіз даму, рухани байлық және Қазақстанда бір шаңырақ астында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың әр түрлілігін бейнелеп тұрады. Дәл осындай терең мағынасы мен тарихы бар Ұлттық рәміздеріміз мәңгі болсын! Жастар, келешек ұрпаққа мұра болып қалатын бағалы руханиятымыз. Ұлттық рәміздер күні құтты болсын!

Әлия АКТЫМБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here