Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған конференцияға қатысты

0
407

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан және Мысыр ғалымдары баяндама жасады және өзара ғылыми байланысты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев алдымен түркіден шыққан даңқты билеушінің тұлғасы мен өмірін дәріптейтін ауқымды жиынды жоғары деңгейде өткізгені үшін Мысыр басшылығы мен халқына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын және жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ Сенат Спикері Қазақстан мен Мысырдың ортақ тарихи-мәдени мұрасын әрі қарай зерттеп, дәріптеу жолында осындай ғылыми конференциялар өткізудің маңызы зор екенін айтты.

«Әл-Азһар – әлемдегі ең көне және бүгінге дейін үздіксіз қызмет етіп келе жатқан бірегей жоғары оқу орны. Бұл – мұсылман әлемінің ғана емес, жаһандық ойды өлшеусіз байытқан, адамзат көшін ілгерілеткен білім шаңырағы. Өз дәуірінде Бейбарыс сұлтан университетті күрделі жөндеуден өткізіп, оған екінші тыныс бергені тарихтан мәлім. Сондықтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған конференцияның Әл-Азһар қабырғасында өтуін өте орынды деп қабылдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол қазақ даласында туып, Мысырдың сұлтаны болған Бейбарыс түркі және араб жұртына ортақ аса көрнекті тарихи тұлға екенін айтты. Соған байланысты әйгілі қолбасшының өмір жолын зерттеу әлемдік ғылым үшін де өзекті әрі маңызы жоғары іс екені сөзсіз.

«Біздің тарихи-мәдени байланысымыздың тамыры тереңнен бастау алады. Бейбарыс сұлтанның тұлғасы соның жарқын дәлелі. Ол қазақ даласында туып-өсіп, араб жерінде айтулы басшыға айналды. Бейбарыс секілді тұлғаның өмірі тарих ғылымы үшін өте маңызды екені сөзсіз. Сондықтан оның зерттеу және дәріптеу жұмыстарын одан әрі жалғастырудың маңызы зор деп есептейміз», – деген Мәулен Әшімбаев бұл бағытта Қазақстан бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.

Палата Спикері ортақ тарих екі елдің байланысын арттыра түсетінін айтып, алдағы уақытта Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдение-гуманитарлық қарым-қатынас нығая беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндеріне арналған іс-шараға қатысты. Атап айтқанда, Каир қаласындағы «Cairo Opera House» опера театрында қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Онда «Астана Опера» театрының солистері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртістері, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің бишілері және тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетті. Кеш барысында қазақ композиторларының белгілі туындылары орындалды.

Одан бөлек, еліміздің мәдениет күндері аясында қазақ халқының дәстүрі мен өнерін дәріптейтін қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here