Акуланың қай түрі адамға шабуылдауға бейім келеді?

0
1214

Әлем бойынша жыл сайын акуланың адамға шамамен 50-70 шабуылы тіркеледі, 5-10 жағдайда өлімге душар етеді. Олардың шамамен 30 түрі өз бетімен шабуылға бейім болады. Көбіне ақ акула, жолбарыс акула және доғалтұмсық акула адамға шабуыл жасайды.

МЫСЫРДА
РЕСЕЙЛІКТІ СҮЙІКТІСІНІҢ
КӨЗІНШЕ
АКУЛА ЖЕП ҚОЙДЫ

8 маусым күні Мысырдың курортында жан түршігерлік қайғылы оқиға орын алды. Атап айтқанда, Хургада қаласында сүйіктісінің көзінше ер адамды жолбарыс акула жеп қойды.

Оқиға «Dream Beach» қонақ үйінің жағалауында болған. Қайғылы жағдайдың кейбір куәгерлері теңіз жыртқышы жағаға жақын жүзіп, жігітті сүйреп әкеткенін, қыз жағаға шығып үлгергенін айтады. Ал, әлеуметтік желіде жарияланған кадрларға қарағанда, жергілікті тұрғындар ер адамға көмектесуге тырысқанымен, бәрі кеш болған. Акула оны тістеп өлтірген.

Кейін акуланың құрбаны 23 жастағы ресейлік турист Владимир Попов болғаны анықталды.

РЕСЕЙ
АЗАМАТЫ ЖЕМТІГІНЕ
АЙНАЛҒАН
АКУЛА ҚОЛҒА ТҮСТІ

Оқиғаға байланысты Мысыр билігі жергілікті жағажайларды жауып тастады. Жексенбіге дейін суда жүзуге және басқа да су спортына толық тыйым салынды. Жергілікті биліктің пікірінше, суда қалған қан жаңа жыртқыштарды тартады және туристер акуланың кезекті құрбанына айналуы мүмкін.

Содан Мысыр теңіз полициясы жергілікті тұрғындардың көмегімен орыс жігітін жеп қойған акуланы аулады. Ақыры акуланың қолға түскені туралы видео тарады.

Мысырдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі акуланың эвтаназияланғанын және зертханада екенін хабарлады. Ғалымдар үлгіні зерттеп, шабуылдың себептерін анықтауға тырысады.

Айта кетейік, Хургада – Қызыл теңіздің батыс жағалауында, ел астанасы Каирден оңтүстік-шығысқа қарай 400 шақырым жерде орналасқан курортты қала. Былтыр 200 мыңнан астам халқы бар қала 4 млн туристерді қабылдаған.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here