Абай облысындағы орман өртіне байланысты эвакуацияланған 9, 11 сынып түлектері қорытынды емтиханды Семей қаласында тапсырады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
«Қазір қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындардың арасында 64 бала бар. Олар отбасымен бірге Семей қаласындағы екі колледж ғимаратына орналастырылған. Эвакуацияланған 9, 11 сынып түлектерінің қорытынды емтиханды кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалуда. Мектеп бітіру емтихандары Семей қаласында ұйымдастырылады», – деп жазды министр.
Сонымен қатар, Ғани Бейсембаев апат салдарынан асыраушысынан айырылған отбасының балалары жаңа оқу жылында мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен және ыстық тамақпен қамтылатынын жеткізді.