Жауһар жырдың жампозы

0
2031
Қазақ-Жуңго әдебиетінің көрнекті өкілі Шарғын Әлғазыұлының туғанына – 120 жыл

Тар жол, тауқыметті тағдырды бастан өткізіп, өмірінің ақтық деміне дейін туған елі мен жерін емірене жырлап, елі үшін еңіреп, ақиқат жолына ұмтылып, осы заман қазақ әдебиетінің уығын шаншысқан, ағартушылықтың дамуына үлкен үлес қосқан ақиық ақындардың бірі – Шарғын Әлғазыұлының туғанына биыл 120 жыл толып отыр.

Шарғын Әлғазыұлы 1903 жылы Алматы облысының Шонжы ауданындағы Диірмен деген жерде туған. Талапты да зерделі бала 1911 жылдан 1917 жылға дейін қазақ және орыс мектептерінде білім алған. Қаршадай бала кезінен ауылдағы әңгімешіл, шежірешіл, от ауызды, орақ тілді қарттардан ертегі, өлең-жыр естіп өседі. Халықтың ұшан-теңіз ауыз әдебиетінен, Абай поэзиясынан үлгі-өнеге алады. Орыс тілін білуі оған орыс әдебиетімен де танысуға жол ашады. Ол сонау 15-16 жасынан қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. Бұған оның өлең-жырға деген табиғи зердесі, халық ауыз әдебиетінен нәр алуы басты себеп болған. Қазан төңкерісі ақынға идеялық жағынан үлкен ықпал еткені де рас. Осыдан кейін ол қаламын қайрай түсіп, алғабасар төңкерістің идеяларын үгіттеп өлеңдер жазған.

Отызыншы жылдардың ойранында Шарғын үй ішімен шекарадан өтуге мәжбүр болып, Қазақстан жерінен Іленің Чапшал өңіріне қашып өтеді. Өкінішке қарай, ол Қытайға барғаннан кейін де бейбіт өмір сүре алмады.

1931 жылы Нақысбек ақалақшының ұсынысымен Чапшалдан Текеске көшіп барып (Қытайдағы Іле облысының аудандары), оның Шиліөзен ауылының Шолақсай аузындағы Ақши мектебінде мұғалім және мектеп меңгерушісі болады. Ол 1934 жылға келгенде өз талабы бойынша Құлжа қаласында ашылған Іле гимназиясынан мерзімді білім алып, Іледегі Таңжарық Жолдыұлы, Дәулеткелді Құсболатұлы қатарлы әйгілі зиялылармен танысып араласады. Гимназиядан білім алған Шарғын Текес ауданына келіп, ұзақ жыл мұғалім болып, оқу-ағарту қызметін басқару жұмысына араласады.

Журналист, ақын Мәди Әбдірахманов «Ақын Шарғын» мақаласында: «Ақын Шарғынның көп өлең, толғау, дастан жазғаны, айтысқа түсіп, арынды шығармалар жазғаны жұртқа мәлім. Үш аймақ төңкерісі кезінде «Одақ» атты журналда, «Төңкеріс таңы» , «Алға» газеттерінде жарияланған шығармалары өте мол еді. Кейін «Шыңжаң», «Іле» газеттерінде де, «Шыңжаң әдебиет искусствосы» журналында да талай шығармалары жарияланған. 1957 жылы Автономиялы аудандық жазушылар одағының қаулысымен өлеңдер жинағын баспаға жолдаған болатын. Бірақ, кейінгі аласапыран жағдайға байланысты бұл топтамасы басылған жоқ. Біздіңше, «Төртінші май» қозғалысынан кейінгі қазіргі заман қытай әдебиетшілерінің қатарына Шарғын Әлғазыұлы да қосылуы тиіс. Көп ұлтты қытай әдебиетінің бір бөлігі – Шыңжаң қазақ әдебиеті тарихында Шарғын Әлғазыұлы да Таңжарық Жолдыұлы қатарында аталуға, оның әдебиетінің асыл мұрасы жинақталуға тиіс» деп жазады.

1946 жылы Үрімжі абақтысынан қайта оралған Таңжарық ақын өзінің қаламдас досы Шарғынға былай деп сәлем жолдайды:

«Қол тимей әр жұмыспен әне-міне,
Айналдым арты қысқа әлеміне.
Шәкеңнің көз қолқасын жаз қайтарып,
Былай деп жауап жаздым сәлеміне:
Жүрмісің аман-есен тәтті жолдас,
Жолдастың татуында баға болмас.
Ренжіспей айырылып кетіп едік,
Тамыр тартқан қарағай қарда солмас,
Алдымен замандастың жайын айтшы,
Аман ба, бұдан соң түгел мал бас?!
Текестің тойып бозасына,
Шәкең бір хат жолдапты жолдасына.
Мінуге көтеретін ат табылмай,
Еруге жігіті жоқ әм қасына.
Ашылар Тянь-Шаньнің тұмандары
Көңілдің көтерілер мұң-арманы.
Алтайдың ақиығы аспанға ұшса,
Іленің ілмей түспес қырандары.
Деп жазып хатты Үрімжіде,
Жоқтығым менің саған білінді ме.
Сағындым Шақпы өрлеген сол бір көшті,
Ау кенім, естен қалай шығар менің.
Әсейін, Әбілхамит кемеңгерім,
Тар жолда жота жондай жаттым аңсап,
Шарғыным, қайран Іле, аяулы елім».

Таңжарық ақын туған еліне өз сағынышын досы арқылы жеткізеді.

Шарғын Тәкеңнің түрмеден шыққан сәтіне орай «Таңжарыққа сәлем» атты өлеңінде былай жазады:

«Іленің келдің бе аман Таңжарығы,
Түскен соң алтын таңның шам жарығы.
Серпілді түн түріліп қара тұман,
Қарашы ой көзіңмен жан-жағыңа.
Ілініп жауыз жаудың тырнағына,
Жыладың жеті жыл зынданында.
Зарлатып жас пен кәрі күндіз-түні,
Боп тұрды тілеуіңде мұндағы да.
Халықтың білімдісін қойдай қырды,
Қалдырып тірі жетім ұл мен қызды.
Сұр жылан түсі суық зәһар шашып,
Әркім-ақ шыбын жаннан күдер үзді.
Саналы сарбаздардан не кемеңгер,
Неше мың қырып салды, неше жүзді.
Сақтаған құдай өзі көрістірді,
Өлеңмен аман-есен сіз бен бізді.
Қозғады езілген жұрт қару алып,
Қосылып ынтымақпен бәрі барып.
Берген соң Алла нүсірат тоқтайық па,
Жауыздан азат болды қуып салып.
Отанға атамекен болды ие,
Қолдасып дін мұсылман барлық халық.
Қамалған темір торда сіз қыранды,
Аспанға тік ұшырдық бауыңды алып.
Қайратты халық түбі қайтпас берік,
Біріне-бірі сүйеу болып серік.
Қаһарман елдің ері тас жүректер,
Халқына шықты қайта антын беріп.
Мінеки, өстіп күшпен теңдік алып,
Масайрап қалдық, халық болып ерік.
Істелік кел енді біз қол ұстасып,
Иншалла көрсеткен соң аман келіп.
Еліміз нысанаға созды қолды,
Мәдени алда жүрген елді көріп.
Жатуға енді берік дәт шыдамас,
Істелік ақиқатқа көз жіберіп».

Осылайша, ақын досының аман-есен оралғанын қуана қарсы алып, ағынан жарылады.

Шың Шы Сайдың зұлымдық саясаты бүкіл Шыңжаң халқының басына қара тұман болып қаптады. Шарғын ақын досы Таңжарықпен бірге әділетсіз қоғамға қарсы өлең жазды. Бұған оның «Гоминдаңға» деген мына өлеңі куә болады:

«Ысқырып арбап сұр жылан,
Салмақ болса елге лаң.
Қомағай қу, аш қасқыр,
Секілденіп жалмаған».

Шарғын 1945 жылдан 1947 жылға дейін Текес ауданында оқу-ағарту мекемесінің бастығы болып, ұлттық оқу оқыту істерінің дамуына ерекше үлес қосқан. 1947 жылдан 1951 жылға дейін аудандық халық үкіметінде істеген. Содан 1954 жылға дейін Текес сахарасында мектеп ашып, ағартушылықпен айналысқан.

1949 жылы еліміз аспанын торлаған қара бұлт айығып, азаттықтың арайланған таңы атты. Ақын идея, саяси жақтан тіпті серги түсіп, өнер өлкесіне арындап құлаш сермеді. Партияны, үкіметті, халықты, туған елі мен жерін емірене жырлап, жаңа өмірді өзінің отты өлеңдерімен қарсы алды. 1953 жылы Үрімжі қаласында өткізілген әдебиет көркем өнершілердің өлкелік жиынына абыроймен қатынасса, 1957 жылы Шыңжаң жазушылар құрылтайына қатысып, оның ең беделді мүшелерінің бірі болды. Осы тұста ол арнайы сапармен келген академик, жазушы Ғабит Мүсіреповпен танысып, ұзақ сырласады.

1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылды. 1955 жылы Шарғын ақын Құлжа қаласына көшіп барып, 1958 жылға дейін Іле Қазақ автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінде қызмет істеді. Сол жылы түрлі қоғамдық себептермен тарихи Отанға оралды.

Көпті көріп, көп жасаған ақын 85 жыл ғұмыр кешіп, 1988 жылы қазан айында Райымбек ауданының Шәлкөде ауылында дүние салды. Оның артында қалған мұраларын жинаушылар 1992 жылы «Көш керуен», 2005 жылы «Ата мекен» атты жыр жинақтарын баспадан шығарды.

Тынысы таусыларын сезген ақын былай ой тастайды:

«Бір өмір деп санаушы ем,
Сендермен жүрген бір күнім.
Аман бол, туған ел-жұртым,
Осы ма екен жалған шіркінің».

Содан туған ел-жұртымен қоштасып, мәңгілік келмес сапарға аттанады.

Шарғын ақын отыз жылға жуық өмірін Қытайда өткізді. Қазақ оқу-ағартуына өшпес үлес қосты. Ол сонда терең тамыр тартып, халқына мол рухани мұра қалдырды. Уақыт өткен сайын оның мұрасы өз құнын әйгілеп, ұрпақтарына сәулелі жарығын шашты. Қазақ оқу-ағарту саласы мен мәдениетінің дамуына сіңірген үлкен еңбегі халық жүрегінен орын алып, есімі аңызға айналды.

Ақын «Қарасаңыз ғылымға» деген өлеңінде:

«Қарасаңыз ғылымға,
Адамдықты біл дейді.
Оқымаған санасыз,
Адамдықты білмейді.
Талаптылар талпынса,
Күншілдер барып күндейді.
Ынтымағы бар ауыл,
Көгереді, гүлдейді.
Асыл туған азамат,
Елдің қамын же дейді.
Ақ көңілдің жүрегі,
Отқа салсаң күймейді.
Жақсылардың белгісі,
Елді ақылмен билейді.
Жылымдардың сөздері,
Ақыл емес ми жейді.
Күншілдердің мінезі,
Аспасын менен бұл дейді.
Ондай адам тегінде,
Жақсы өмір сүрмейді.
Әдебі жоқ балаға,
Зекіген ол да мін дейді.
Надандарға сөз айтсаң,
Құлағына кірмейді.
Жаман бала есікке,
Ата басын сүйрейді.
Жақсы болса ұл-қызың,
Жемісті болып бүрлейді.
Қазымыр болса қария,
Көрінгенді тілдейді.
Үйде өсек айтқанша,
Тыныш неге жүрмейді.
Қаңқылдаған қарғалар,
Сұңқар болып ілмейді.
Жақсы достың белгісі,
Жығылсаң да күлмейді.
Өмір деген майданның,
Адамзатқа сын дейді» деп білімді мен білімсізді салыстырып, жастарға күншілдердің пасық мінезінен аулақ болуға, білім, ғылым арқылы өздерінің көксеген арманына жетуге үндейді.

Енді ақынның кесек толғауларының бірі – «Естимін десең, кел маған» атты жырына назар салайық.

«Естимін десең, кел маған,
Қуатым байтақ ел маған.
Ар-ұятты сезім бар,
Ел қатарлы мен де адам,
Сары дала сарнаған,
Үн қатады жел маған.
Жырды мініп ән қуған,
Жасымнан жырға мен маман,
Өлең мен әнге құмартып,
Өткен қазақ ер бабам.
Менде қарттың біреуі,
Өлеңімді есті кел маған.
Ақиықты көргенмін,
Көкте жүйткіп самғаған.
Әділ адам көргенмін,
Аузына арам алмаған.
Қаһарманды көргенмін,
Кегін алған жаулардан.
Қанды қолды көргенмін,
Халықты қырып қандаған.
Жалмауызды көргенмін,
Жанды сорып жалмаған.
Атты-шапты көргенмін,
Ажалдайын аңдаған.
Азапты да көргенмін,
Жанды қинар жалмаған.
Алдамшыны көргенмін,
Аларында арбаған.
Баяндамас дүние,
Еңбексіз тапсаң арзаннан.
Жырды тізген әзіл ғой,
Меруерт етіп маржаннан» деп шабыт тұлпарына мініп, түйдек-түйдек төгіп жіберіп, өзінің көрген-білгендері, өмірдің қыры мен сыры туралы үлкен философиялық ой тастайды.

Шарғын Қазақ- Жуңго әдебиетінде шоқтығы биік жазба ақын ғана болып қалмастан, жүйрік тілді, суырып салма, от ауызды айтыс ақыны да болған. Бұл пікірімізге «Таңжарық пен Шарғынның айтысы», «Шарғын мен Нәсілқанның айтысы», «Шарғын мен ала аяқ аттың айтысы» қатарлы озық айтыс үлгілері дәлел бола алады.

Шарғын 1937 жылы қыркүйек айында Іле бойында бір тойда атақты ақын Нәсілқанмен айтысқан. «Шарғын мен Нәсілқанның айтысы» атты бұл айтыс үлгісінің алғашқы беташары былай басталады:

«Жаз жайлау майда салқын қоңыр желі,
Еріксіз жинағандай жайлауға елді.
Жаз жайлау жанның қандай рахаты деп,
Қазақтың айтқан бұрын кемеңгері.
Қас Күнес, Нылқы, Текес, Сүйдің, Қорғас,
Іленің Қазақ-Қырғыз жүрген жері.
Құлжаға жүз мұғалім барып едік,
Шу Си Лың шақырған соң тізімменен.
Іленің жайылмалы жағасында,
Бір Албан үлкен той ғып қызын берген.
Сол тойға елмен қатар біз де келдік,
Көз салдық жігіттерге қызып жүрген.
Үйіне Тобажанның қонақ болдық,
Ақшылдау адам екен ұзын келген.
Сыйлады малын сойып қаншамызды,
Жан екен қонағасы үзілмеген.
Сөз туды отырған соң әңгімеден,
Сол тойға бес аймақтан әркім келген.
Қараған бір даутайға Албан-Қызай,
Жиналып үлкен-кіші бәрі келген.
Бар екен тілге шешен, сөзге құмар,
Інісі Тобажанның Мәди деген.
Атақты Нәсілқан да келді деді,
Айтысар бар ма жігіт оныменен.
Байтал озып, бәйге алмас деп қалыппын,
Немене асып тұрған сол құрлы елден.
Ойбай, қиын, пәле деп жұрт шулады,
Шымырлап дуылдады тұла денем».

Бұл айтыс үлгісі – 500 шумақтан асатын тарихи құны бар әрі зерттеуге татитын кесек айтыс үлгісі болып есептеледі.

Шарғынның әрбір өлеңі өзі жасаған дәуірмен біте қайнасып, Таңжарық Жолдыұлы сынды дара талантты ақын өмірімен сабақтасып, халық жүрегіне терең тамыр тартып кеткен. Сол себепті Шарғын мұралары өзінің құнын жоймай, уақыт өткен сайын сап алтындай жарқырап құнды қазынаға айналды.

Ақынның «Қоштасу» (1930), «Албан ата» (1934), «Толғану», «Сөгіс» (1954), «Замандастарға», «Райымбек батырға», «Нәсілқанға», «Ойлану», «Үрімбекке», «Бата», «Балаларға» (1988) қатарлы өлең-толғаулары мен «Ақтас», «Абдыгер-Жұптыгер» сияқты кесек дастандары бар.

Ақын өмірінің соңғы мезгілдерінде жазған «Арманның биігі» атты толғауында оқырмандарға өз көңіл-күйін ағынан ақтарыла жеткізеді.

«Қалды талай көп жырым,
Баспа жаққа берілмей.
Алтындайын жарқырап,
Ел көзіне көрінбей.
Қадірін білген кезіксе,
Жинап алар ерінбей.
Кей сөзімнің мәні бар,
Алатаудың өріндей.
Сусаған менің сан жырым,
Шекараның шебіндей.
Екшеп алған тазалап,
Ақ тарының сөгіндей.
Күлімдеген көктемнің,
Жайқалып тұрған көгіндей.
Жетер ме екен жырларым,
Шашылып жерге төгілмей» деп сұлу сөздің маржанын тізіп, тамаша талантын байқатады.

Ақын бұл толғаудың ендігі бір бөлігінде өзінің өнер жолындағы тынымсыз ізденіспен өткен күндерін көз алдына былай елестетеді:

«Кеттім бе жыр жаздым деп тым мақтанып,
Бірақ та көрсін көзбен жыр ақтарып.
Шыр етіп мен анамнан түскенімде,
Жырменен бірге түскем шумақталып.
Барлығын талантыма тапсырамын,
Талпынып, талаптанып жырға аттанып.
Көп сөзім сол себептен қалды ма екен,
Ғылымнан ұстай алмай жырақ қалып.
Көңілдің көк тұлпарын мініп алып,
Астына түстім қанша шырақты алып.
Көрсетер ем баршылық білгендерге,
Мені кеп қысым етсең сұраққа алып.
Айтысым Нәсілқанмен өз алдына,
Халқыма кең жайылған тұрақталып.
«Құла мерген Нұрсақан» очерегі
Оқысаң ол да мәнді құлақ салып.
Алаяқ атпен тағы айтысым бар,
Қайта оңалған жерім бар құлап барып.
Бірнеше жыр толғауым жатыр үйде,
Әрбірі өз алдына жинақталып.
Қази менен Шағидың армандары,
Текеске кең жайылған тұрақталып.
Айтысым түйе күрең елге мәлім,
Үстінде түйе күрең тұрған мініп.
Абдыкер-Жұптыкер азаптары,
Роман дәптерімде тұр сақталып».

Ақынның бұл толғауы сұлу да сыршыл, жүйрік талантпен сүреттелген поэзиялық ғұмыр жолының жинақты шежіресі болып табылады.

Шарғын ақын өлеңдерінде үлкен қоламталы мәселелер сөз болып, қайшылыққа толы өмірден түйген философиялық ойларын, педагогикалық идеяларын, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы көзқарастарын бүкпесіз айтып, тіл саптау шеберлігінде көркем сөздің інжу-маржанын құлпырта қолданып, өз поэзиясында бөгенайы бөлек дара стиль байқатып, оқырмандарына эстетикалық ләззат бағыштайтын, тілінен өнеге алатын талантты сөз зергерлігі байқалып тұрады.

Талантты ақын Дүкен Мәсімханұлы: «Шарғын ақын трагедияға толы жағдайдың куәгері ретінде сол тұстағы мұң-зарды ерекше әсерлі, аянышты етіп жырлайды. Саналы да сауатты, жігерлі де намысты ақын сол тарихи кезеңнің қасіретін дәп басып көрсетеді. Сондықтан да, оның өлеңдері отызыншы жылдардағы күйзелістің көркем шежіресі секілді», – десе, қарымды қаламгер Құрманбай Толыбаев: «Шыңжаң қазақтары тарихында ағартушылық бағыттағы әдеби ойдың өрістеуіне ақыл парасатын жұмсайды. Сонысы үшін де Таңжарық пен Шарғынды егіз қозыдай көріп қошеметтейді, өлеңдерін оқып, ойларынан нәр алады. Ойлы өлеңдері мен аңғарлы толғаныстары туған халқының жүрегінен жол табады», – деп жоғары бағасын берген еді.

Жас зерттеуші Сырайыл Ысқақұлының: «Еліміз қазақ поэзиясында өзіндік ақындық болмыс-бітімі айқын, жасампаздықта өзіндік өрнек-бояуы, өзіндік үні бар талантты ақындардың бірі – Шарғын Әлғазыұлы. Оның шығармаларының өз кезінде толық жиналмауы, реттелмеуі себепті де болар, талант иесінің ақындық әлемінің сыр-сипаты бүгінге дейін бағаланбай, шығармашылық табиғаты зерттелмей келе жатқаны көңілге қаяу түсіретіні анық. Шарғын ақын қазақ әдебиетінің өркендеуіне, қалыптасып дамуына бір кісідей үлес қосқан шабыты шалқар, дарынды, қуатты ақындардың бірі еді», – деген көзқарасы әрқандай өнер иесіне құрмет етіп, қадір тұтатын азаматтарды ойландырса керек.

Ұлы сыншы Белинский өз кезінде «Ақын – қоғамның, уақыттың, заманның уәкілі» деген дана сөз айтқан. Шарғын өз заманының озық ойлы, жаңашыл ағартушы ақындарының көрнекті өкілі. Ол – Қазақ-Жуңго әдебиетінің шаңырағын көтеріп, уықтарын шаншысып, қазақ сахарасында мектеп ашып, ұрпақ тәрбиелеу сынды ұлағатты кәсіппен айналысқан адам жанының инженері. Оның ақындық өнері өз алдына зерттелетін мол бір қазына. Мақала Шарғын ақынның ағартушылығы жайлы алғашқы ізденіс болғандықтан, ақынның қатпары қалың, иірімі терең поэзиясының күрделі алтын кенін әлі қаза алмадық.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here