Алаш заңгері немесе қайта оралған қайраткер

0
2784
Қостанайда өткен «Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбай: тұлғасы, мұрасы, қайраткерлігі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Алаш қайраткерінің «Ақы заңы» шығармалар жинағы мен өзгеше форматтағы «Алаш заңгері» кітапшасының тұсауы кесілді, түрік тіліндегі «Кардеш калемлер» журналының қоғам қайраткеріне арналған арнайы саны таныстырылды

Әлихан Бөкейхан бастаған Ресейде білім алған бір топ қазақ зиялыларының озық қоғамдық ойы мен ел ішінде Ахмет Байтұрсынұлының ықпалымен қалыптаса бастаған отаршылыққа қарсылық ертелі кеш бір тоғысатыны анық еді. Сол сәт өткен ғасырдың басына сәйкес келіп, ол Қарқаралы-Қоянды петициясы арқылы қазақ даласына найзағай отындай жарқ етіп, бостандық үшін күреске жол ашты.

Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер Сейдәзім Қадырбай (1885-1938)

Ұлт азаттығы мәселесі жұрт арасында дендей түскен кезде Ресейдегі екі төңкеріс бұл үмітті күрделендіріп жіберді. Ел оң-солын таппай, тұйыққа тірелді. Ал, зиялы қауым екіге бөлінді. Бірі – таптық, екіншісі – ұлттық автономия құруға ұмтылды. Оны Қазан төңкерісшілері шебер пайдаланып, екі топты бір-біріне айдап салды. Алдымен қызылдар алашшыларды атқызды. Қалғандарын жер аударды. Сібірге айдатты. Кейін олардың кебін большевиктердің өздері де киді.

Екі жақты арпалыс ел зиялыларының ғана емес, олардың бала-шағалары мен ағайын-туыстарының да тамырына балта шапты. Қырық жылға созылған бұл террор кейінгі ұрпақты жалтақтыққа, жасықтыққа, жағымпаздыққа үйретті.

Жетпіс алты жыл үстемдік еткен кеңестік билік осы ұлттық трагедияны ұмыттырудың барлық айла-тәсілдерін қолданды. Репрессияға ұшырағандар өткен ғасырдың елуінші жылдарында заңды негізде ақтала бастаса да, бұл іске тиісті жариялылық берілмей, жеке іздеушілер мен отбасылық деңгейде бір жапырақ қағаз арқылы хабар берумен шектеліп жатты. Тіпті, кейінгі тәуелсіздік жылдарында да қандай алқалы жиындарда Алаш арыстары туралы сөз болғанда, үш адамның атын ғана атап, басқаларын елеусіз қалдыруды машық етіп алдық. Бұл әдет кейде біздің жүздеген жазушының ішінен үш классикті ғана атайтынымыз арқылы қалыптасып қалды ма деп ойлайсың.

Сейдәзім Қадырбайдың «Ақы заңы» шығармалар жинағының лентасын Сәбит Байзақов, Алмасбек Әбсадық, Сұлтанхан Аққұлұлы және Түркиедегі алаштанушы ғалым Нергис Бірай кесті

Республикамызда кең етек алған бұл келеңсіздік туралы мен өткен жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Ақкөлден шыққан алыптар» деген мақаламда да айтып өткен болатынмын. Осындай ескерусіз қалып бара жатқан Алаш ардақтыларының бір тобы бұрынғы Торғай облысына қарасты Торғай уезінің Сарықопа болысынан (қазіргі Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының Қызбел ауылы) шыққан. Олардың қатарында Сейдәзім Қадырбай, Әлмағамбет Қасымов, Маусымбай қажы, Асқар Дулатов және Бәйеке Жұмабаев болды. Бұл кісілерді қазір өздері туып-өскен Қызбел ауылындағы кейінгі ұрпақ та аса жақсы білмейді. Мысалы, Міржақып Дулатовпен үзеңгілес, мамыр айының соңында Қостанай қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде өткен конференцияға негізгі арқау болған Сейдәзім Қадырбай және оның соңына ерген Әлмағамбет Қасымов, Асқар Закарин, Баймырза Сейілов пен Мұқатай Жұрмұхамбетов менің жасымнан жадымда жатталып қалған, көкірегіме сәуле шашып, алыс арманға жетелеген тұлғалар еді. Бұлардың соңғы үшеуін Алматыда оқуда, қызметте жүрген кезімде көріп, биік деңгейдегі жұмыстары мен бойына жинаған жоғары мәдени болмыстарына таңданғаным есімде.

Сейдәзім және Әлмағамбет аталарымыз – бірі атылып кеткен, бірі айдауда өлген кісілер. Егер олай болмағанда мен оларды да көретін едім. Өйткені, 1959 жылы Алматыда оқуымды бастағанымда ағам Сайлау Әлмағамбет атамның үйіне алып барды. Есікті Меңеш әжем ашты. Ақсары, ақ шашты, бойы ортадан төменірек, шағын денелі әйел екен. Ол кезде алпыс бестер шамасында ма деп ойладым. Өз шешем: «Бұл әжең Шеген әулетінің қызы, тәрбиелі жерден шыққан, елге жазғы демалысқа іш жақтан пәуескелетіп келгенде, оны бір қырдың астына тоқтатып, қалалық киімін ауыстырып, кең көйлек пен қамзол, кебіс пен мәш киіп, басына жаулық тартып ауылға кіретін», – деп еді бір әңгімесінде.

Бұл екі алашшыл аталарым туралы зерттеу мақалаларын алғаш рет жазушы-журналист Қайсар Әлім жазды. Ал, Сейдәзім Қадырбай жөніндегі екінші мақаланы Гүлнәр Дулатова апамызға өтініш жасап, «Жұлдыз» журналына өзім шығартқыздым. Апамыздың бұл мақаласының түпнұсқасы мен өзіме жазған хаттарының үш-төртеуін көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Гүлнәр Міржақыпқызы өмірден өткеннен кейін қызы Жанна: «Мамам сізді өте жақсы көруші еді», – деп апамыздың аты-жөнінің бас әріптері ойып жазылған күміс қасығы мен шай ішетін шағын чашкасын тәрелкесімен сыйлап еді. Олар да бағалы заттар ретінде үйімде сақтаулы тұр.

Сейдәзім мен Міржақып екеуі 1885 жылы туған құрдастар. Ы. Алтынсарин мектебінде бірге оқыпты. Кейінгі кезге, яғни сотталып, Воронежге жер аударылғанға дейін бірге жүріпті. Орынборда, Семейде, Қызылордада бір-бірінен ажырамай, көрші тұрыпты. Апай Сейдәзімді «папа», ал ол кісінің жұбайы Жаңыл әжемізді «мама» деп атайды екен.

Заманның түзу кезінде, мысалы, Наурыз мейрамдары мен айттарда жиналып алып, бір-бірінің үйлерін кезекпен аралайтын көрінеді. Алдымен іштеріндегі үлкені «Ахаңюст» – Әділет халық комиссары Ахмет Бірімжановқа сәлем беріп, одан соң «Ахаңпрос» – Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының, сосын Міржақып Дулатовтың, соңында Сейдәзім Қадырбайдың үйіне барып, асықпай әңгіме-дүкен кұрып, ет жеп, қымыз бен шай ішуді әдет қылыпты.

Сейдәзім Қадырбай туралы үшінші мәліметті мен белгілі тарихшы-филолог Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя – Алаш» (2016) трилогиясынан оқыдым. Онда ол: «В истории «Алаш-Орды» одна из корневых, основательных личностей – это Сейдазим Кадырбаев. Более того, имеются косвенные сведения, что он – то и руководил некоторыми сложными акциями. Слова его абсолютно точны и не дают никакой зацепки следователям. …Его переводные работы по законодательству и по разработке казахской терминологии в области юриспруденции используется до сих пор», – деп жазды.

Ол әрі қарай осы жұмысында Башқұртстанның белгілі қайраткері Заки Валидидің «В работе нашего курултая в качестве наблюдателей участвовали Саид Газим (Сейдәзім – С.Б.) Кадырбаев и Мустафа Шокай» деген сөзін келтіреді.

Тағы бір жерде Тұрсын Жұртбай «На военном совете, где обсуждалась общая ситуация… от имени «Алаш-Орды» присутствовал Сейдазим Кадырбаев», – деп көрсеткен. Бұл Колчактың өзін Ресей үкіметінің басшысымын деген хабарды жария етіп, оны АҚШ, Англия, Франция мен Жапония мойындаған әрі оның енді ғана құрыла бастаған жас автономияларға барлық қаһарын төге бастаған кез екен. Соны толық сезіп, Алаш Орда үкіметіне жағдайдың қиын екенін білдіру үшін салған телеграммасына «Жамырағанов» деп қол қойған осы Сейдәзім Қадырбай еді деген әңгіме де бар. Бұл сөзді мен екі рет сотталып, репрессияның азабын 16 жыл бойы көрген, бір көзінен айырылып оралған, өзім көп араласқан әрі аса жоғары бағалаған Таутан (Ғалымжан) Арыстанбеков атамнан естіп едім.

Міне, Алашқа осындай қызмет қылған қайраткерлер мәңгі ұмытылуға аз-ақ қалғанда Сұлтанхан Аққұлұлы мен Айгүл Ісмақова бастаған бір топ жас зерттеушілер бұл мәселені жаңа деңгейге көтеріп, батыл түрде қолға алыпты. Бұдан жарты жыл ғана бұрын Мырзағазы Есполов туралы монографиямен танысқан едім. Көп ұзамай Елдос Тоқтарбаймен кездескенімде, ол «Қыр баласы» қоғамдық қоры мен Ә. Бөкейхан атындағы ғылыми зерттеу институты «Алаш кітапханасы» сериясымен шығарған оншақты кітапты қолыма ұстатты. Олардың ішінде Біләл Сүлейұлы, Біләл Малдыбайұлы, Абдолла Байтасұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы секілді Алаш қайраткерлерінің өмір жолдары суреттеліпті. Сейдәзім Қадырбайдың шығармалар жинағы, «Жетісудағы Алаш мектебі», «Толағай» деген танымдық кітаптар да тартымды жазылған. Бұлардың бәрін жарты ай ішінде оқып шығып, жастардың нәтижелі жұмыстарына риза болдым. Сол заманның оқыған қазақтарының біреуінің Әлиханды өлтіріп берген адамға бес мың, ал Ахметтің көзін құртқан адамға үш мың орыс ақшасын беремін дегенін оқығанда, жағамды ұстадым. Бірақ, қалың қазақ арасынан ондай адам шықпағанын ойлап, бұқараға риза болдым.

Бірер күн бұрын Қостанайда өзіміз қатынасқан конференция да осы жастардың ықпалымен ұйымдастырылды. Бұл Сейдәзім Қадырбайға арналған алғашқы шара. Жасалған баяндамалар мен қозғалған мәселелерге көңіліміз толды. Осы алқалы жиынға арнайы алыстан келген түрік елінің ғалымдары мен Сұлтанхан Аққұлұлы, Айгүл Ісмақованың ізденістеріне ризамыз. Өткен тарихқа үңіліп, іздері жоғала жаздаған Алаш арыстарын кейінгі ұрпақпен қауыштыру жолында жүрген жастардың зерттеулерін толық қолдаймыз. Бәрінің істеріне сәттілік тілейміз! Айтылған ойлар мен келтірілген дәлелдер Сейдәзім Қадырбайдың республикалық деңгейдегі күрескер екенін анықтай түседі. Жиынға қатысқан оның туыстары мен жерлестері зұлымдық зынданында жатқан талай құпияларға көз жеткізіп, аталарының қияметтік өмір жолын тағы бір ой елегінен өткізді.

Реті келгенде айта кеткен жөн. Мұндай ірі тұлға табан астынан шыға салмайды. Оны заманы мен тегі қалыптастырады. Мысалы, Сейдәзім Қадырбайдың атасы. Ол кісі Ы. Алтынсариннің кезінде өмір сүрген. Бала, немерелерін оқуға берген. Торғай уезіне қарасты төрт болыстың үшеуінде орналасқан өз руының басшысы болған. Бұл мәлімет ұлы ағартушының академиялық үштомдығына кірген. Ал, Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет және Ғазымбек Бірімжановтар, Міржақып Дулатов, Байқадам Қаралдин, біз жоғарыда Сейдәзім Қадырбаймен бірге атап өткен алашшыл бес кісі де алғашқы әрі негізгі білімдерін Ыбырай Алтынсарин Торғайда ашқан мектепте алған.

Кәдірбай бабамыздың кісе белбеуі Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада сақтаулы тұр. Оны Ресей үкіметіне ерекше елші ретінде қызмет еткен замандасы ақтөбелік Дербісалы Беркімбаев немесе оның баласы Лайықжан апарып тапсырғанға ұқсайды.

Бір өкініштісі, Сейдәзім атамыздың сүйегі Воронеждің түбінде қалды әрі өз белінен бала жоқ. Кезінде Жаңыл әжеміз сіңілісінің Гуля деген қызын асырап алған екен. Бірақ, әзірге әжеміз жөнінде де, Гуля туралы да еш мәлімет жоқ.

Конференцияда арамызда Сейдәзімнің туған інілері Сейдахмет пен Асқарбектің ұрпақтары болды. Олар қуғын көріп, елден ауып, Қарағандының шахталарын, оның Жаңаарқа, Шет, Жезді аудандары мен елді мекендерін, Түркістан қаласын паналаған. Қазір өсіп-өнген үлкен әулет. Біз де Сейдәзімге туыстық жағынан алыс емеспіз. Ол Байқозының алты баласының бірі Кәдірбайдан, ал мен Бозаннан тараймын.

Конференциямызға Сейдәзім туып-өскен жерден бір топ ағайындары мен жерлестері, облыс әкімдігі мен маслихатының, қала жұртының өкілдері, осы университеттің жетекшілері, оқытушылары мен студенттері де қатынасып, оның нәтижелі өтуіне атсалысқанына үлкен алғыс айтып, айырықша ризашылық білдіреміз.

Сәбит БАЙЗАҚОВ, ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here