Баспана жыры: Үй кезегінде қанша жетім бала тұр?

0
1722

«Қазақ халқы жетімін жылатпаған» деп кеуде керетініміз бар. Бірақ, бұрынғылардың бұл ұстанымына бүгінгілер пысқырып та қарап жатқан жоқ. Сөзіміз бен ісіміз қабыспай тұрғанын статистика да растайды. Елімізде 62 мыңнан астам жетім бала үй кезегінде тұр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жетімдердің баспана жырын жырлайды.

СҰМДЫҚ
СТАТИСТИКА:
ЕЛІМІЗДЕ
62 МЫҢ ЖЕТІМ БАЛА ҮЙ
КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Сәуір айының соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова жетімдерге арналған баспана кезегін сынға алып, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Жеті жылдан бері Мәжіліс төрінде отырған халық қалаулысының мәліметінше, бүгінде елімізде кәмелет жасына толған 62 351 жетім бала баспана кезегінде тұр. Өкінішке қарай, азаттық алған жылдары оларға бар болғаны 8,4 мың баспана бөлінген. Былтыр 586 жетім бала қоныс тойын тойлаған.

«Бұл тек тегін баспана ғана емес, арасында сатып алынатын үйлер де бар. Яғни, кезекте тұрғандар дәл қазіргі жағдайда түрлі бағдарламалар бойынша тек 100 жылдан кейін ғана баспаналы болу немесе оны сатып алу құқығына ие болады», – деп жетімдердің жанайқайын жеткізді Ирина Владимировна.

Жаға ұстатарлық статистиканы жариялаған депутат тағы бір мәселенің ұшын шығарды. Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға арналған тұрғын үйлерді мемлекеттік қызметкерлерге заңсыз беру фактілері көбейіп келеді. Мысалы, Петропавлда жетім балаларға арналған 1,5 мың пәтерді шенеуніктер иеленіп алған, Қарағандыда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді мемлекеттік қызметкерлерге заңсыз бөліп берген. Әрине, ертеден «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ұлағатты бойына сіңіріп өскен халық үшін ұятты жағдай.

«Осыған байланысты Қазақстанның халық партиясы тұрғын үй жолдамасы, тікелей баспана, жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй және басқа да әдіс арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігін жедел қарастыруды ұсынады. Мемлекет өз балаларының алдындағы қарызды өтеуі керек», – деген 63 жастағы депутат шетелден қайтарылған 670 млрд теңгенің есебінен жетімдерді баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі табылатынына сенім білдірді.

ҮКІМЕТ
ЖЕТІМДЕРДІ
ҚАЛАЙ
ЖАРЫЛҚАЙДЫ?

Халық қалаулысының депутаттық сауалына Үкімет басшысының қалай жауап бергенінен бейхабармыз. Дегенмен, Халықаралық балаларды қорғау күні Астанадағы Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына бас сұққан Әлихан Смайылов жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту шаралары туралы сөз қозғады.

Әлихан Асханұлының айтуынша, бүгінде осы санаттағы балалардың бірінші кезекте үй алуға құқығы бар. Коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе әкімдіктердің жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған үйлердің кемінде 20 пайызы заңды түрде осындай санаттағы балаларға бөлінеді.

«Биыл республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражаттың кем дегенде 20 пайызы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Әр өңірде бюджеттен тыс және демеушілер қолдауы есебінен осы санаттағы балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да көзделген», – деп түсіндірді 50 жастағы премьер.

Осы арада қарапайым ғана арифметикаға жүгініп көрейік. Әлихан Асханұлы жоғарыда 100 млрд теңгенің 20 пайызы, яғни 20 млрд теңгесі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінетінін айтты. Баспана бағасы аспандап тұрған Астана мен Алматыдағы пәтер құнын алмай-ақ қояйық, облыс орталығынан 20 млрд теңгеге құны шамамен 10 млн теңге тұратын қанша бір бөлмелі пәтер сатып алуға болатынын есептеп көрейік. Бұл қаржыға екі мың пәтер келеді екен. Демек, әкімдіктегілер Ирина Смирнова айтқан қулық пен ұрлыққа бармаса, биыл 2 мың жетім бала баспаналы болады деген сөз. Сонда бұл көп пе, аз ба?!

Айта кетейік, Президент жетім балаларды әлеуметтік қорғау және оларды отбасында тәрбиелеу мәселелеріне ерекше назар аударатынын алға тартқан Үкімет басшысы соңғы 10 жылда республикадағы балалар үйлерінің саны 41 пайызға, ал ондағы балалар саны 65 пайызға төмендегенін, қазір  елімізде 3,7 мыңға жуық бала тұратын 116 мекеме барын тілге тиек етті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жетімдердің несібесін жегендер, осы санаттағыларға арналған арнайы мамандандырылған мекемелердегі былықтар туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Милосердие» еріктілер қоғамдық қорының негізін қалаушы Аружан Саин да үнемі айтып келеді. Жемқорлар жетім балалардың тамағынан да, киімінен де жеп жүр. «Жетімнің ақысын жегендер оңбайды» деуші еді. Жетім балалардың несібесіне қол салғандар осыны ұмытпаса керек-ті.

Ерасыл ТӨРЕҚҰЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here