Жауынгерлік даярлықта үздік көрінген сарбаздар тегін оқуға сертификат алды

0
245

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мен Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқыту үшін өткізілген алғашқы іріктеудің қорытындыларын жеткізді. 

Байқауға биылғы көктемде запасқа шығарылған азаматтар қатысты.

Қорғаныс министрлігінің өкілі түсіндіріп өткендей, іріктеу әскери қызметшілер рейтингінің нәтижелері бойынша жүргізілді. Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер министрлік сайтының «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркелді.

Қолданыстағы ресурс іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ете алды және деректерді ауыстыру мүмкіндігін болдырған жоқ.

– Регламентке сәйкес взвод командирлері жауынгерлік дайындық журналдарын жүргізіп отырады. Онда әр жауынгердің нормативтерді орындау нәтижелері, тәртібі ескеріледі. Соның негізінде ай сайын барлық оқу пәндері бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағаларының рейтингі шығарылып отырады. Барлық деректер электронды платформада тіркеледі, – деп түсіндірді министрдің кеңесшісі.

Сарбаздарды жоғары оқу орындары мен мамандықтар бойынша бөлу «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесінің көмегімен де автоматты түрде жүргізіледі.

Тікелей эфирдегі брифингте сарбаздарды олардың жеке рейтингіне қарай бөлу жүргізілді. Конкурстық іріктеуге барлығы 12 548 мерзімді қызметтің сарбазы қатысты.

– ҰБТ сертификатына ұқсас QR-коды бар сертификаттар автоматты түрде жасалды. Оның қандай да бір жалған көшірмесін жасау мүмкін емес. Сарбаздар жоғары оқу орындарына түсу үшін берілген өз сертификаттарын «Срочники 2.0» платформасынан ала алады, – деп толықтырды Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы.

Барлығы 1500 орын бөлініп отыр. Әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылғандар үшін келесі іріктеу 2023 жылдың күзінде өтеді.

Брифингке қатысушыларға іріктеуден өтпеген сарбаздардың қызметі аяқталған соң екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі бар екені туралы хабарланды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here