«Арыстан» лицейін бітірушілер 2033 жылғы түлектерге жолдау қалдырды

0
392

Биыл «Арыстан» мамандандырылған лицейін 80 бала бітіріп шықты. Оның ішінде 64 түлек еліміздің күштік құрылымдарының әскери оқу орындарына түсуге ниет білдіріп отыр.

Түлектерге аттестат тапсыру салтанатты жағдайда өтті. Дәстүр бойынша тоғызыншы, оныншы сынып оқушылары, олардың туыстары мен жақындары плацқа сап түзеді.

Лицей бастығы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев балаларды оқу орнын сәтті аяқтауымен құттықтап, лицей түлегі атағын мақтанышпен алып жүруге тілек білдірді.

«Арыстан» мамандандырылған лицейі 2011 жылы ашылған. Лицей қабырғасында оқу тегін, қабылдау конкурсы өте жоғары. Бүгінгі таңда оқу орнында көп балалы отбасылардан 88, толық емес отбасылардан 55 бала білім алуда. Талапкерлердің бұл санаты оқуға қабылдау кезінде басым құқыққа ие.

Әскери тәртіп, алғашқы әскери дайындық бойынша мамандандырылған бағдарлама лицей оқушыларының бойында көшбасшылық қасиеттерді, жоғары тәртіпті, ұйымшылдық пен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға оң ықпал етеді.

 – Лицейге қабылданғанда мен тұйық едім. Бұл жерде көптеген достар таптым. Шығармашылығымды дамыттым, дене дайындығы тұрғысынан қатайдым. Төзімді, шыдамды болуды үйрендім, өзіме сенімді болдым. Енді мен Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсемін. Үлкен ағамның жолымен жүремін, – деп бөлісті болашақ жоспарларымен жас түлек Ильяр Тұрғанбек.

Жыл сайын лицей түлектері Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының, ҰҚК Шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, ТЖМ азаматтық қорғаудың әскери институттарына, сондай-ақ Ресейдің, Түркияның және басқа да елдердің беделді әскери жоғары оқу орындарына түседі.

Биыл оқу орнын бітірген 80 оқушының біреуі «Алтын белгі» иегері және сегіз түлек үздік нәтиже көрсетті. ҰБТ орташа балы 98,55 құрады. Бұл нәтиже мектеп түлектеріне еліміздің барлық беделді жоғары оқу орындарына есік ашады.

Лицеймен қоштасқан түлектер арыстандықтардың келешек ұрпағына «уақыт капсуласын» салды. Бұйырса, бұл жолдауын 2033 жылғы түлектер он жылдан кейін ашатын болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here