Швеция алты айда екінші рет Құранды өртеуге рұқсат берді

0
900

Швецияда 10,5 млн халық тұрады, соның 25 пайызын немесе халықтың төрттен бірін иммигранттар құрайды. Тұрақтап қалғандардың көбі Сомали, Иран, Сирия, Ирак сияқты азиялық, африкалық елдердің азаматтары. Себебі, Еуропаның солтүстігінде орналасқан елде жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Тең қоғам қалыптасқан. Әркім өз ойын ашық айтуға құқылы. Сөз бостандығына заң да, билік те шектеу қоймайды. Дегенмен, кейде сол демократияның кері жағы да көрінеді. Айталық, соңғы алты айда күллі мұсылманның киелі кітабы Құран екі рет өртелді. Қасақана өртеді. Бірақ, жергілікті билік оған қарсы тұра алмады. Неге десеңіз, демократиясы мықты елде халық пікірін ашық айтуға, көзқарасын ашық білдіруге құқылы.

Қаңтар айының соңында Стокгольмде әсіреоңшыл белсенді Расмус Палудан Түркие елшілігі алдында Құранды өртеген. Бұдан соң Анкара Швецияның НАТО-ға қосылу туралы өтінішін мақұлдамай қойған. Біраз уақыттан соң екі ел арасында келіссөз жалғасты, алайда Түркие Швецияны солтүстікатлантикалық одаққа қосуға келісім берген жоқ.

Енді әлем мұсылмандары Құрбан айтты тойлап жатқан күні Швеция астанасының орталығындағы Медборъярплатсен алаңында Ирактан шыққан 37 жастағы иммигрант Салван Момика Құранның парағын жыртып алып, аяқ асты етіп, артынан өртеді.

Бір өкініштісі, Стокгольм полициясы қала мешіті маңында кезекті Құран өртеу акциясына рұқсат етті. Полиция өз шешімінде Швеция әкімшілік сотының қаулысына сүйенген. Сәуір басында әкімшілік сот Швеция Сыртқы істер министрлігінің Құран өртеу акциясына тыйым салу туралы шешімінің күшін жойған. Сот жиналу еркіндігі Швецияның Конституциясымен қорғалғанын атап өткен.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here