Сенат Төрағасы Ұлытау облысының жұртшылығымен кездесті

0
546

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлытау облысының мәслихат депутаттары, ақсақалдары және жастарымен кездесті. Кездесулер кезінде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың өңірде орындалу барысы, Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының жаңа форматы және ақсақалдардың қоғамның рухани дамуы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлі кеңінен сөз болды.

Палата Спикері Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының басты міндеті ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылуын заңнамалық деңгейде сапалы қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев жергілікті өкілді органдарды осы бағытта белсенді жұмыс істеуге шақырып, өңірдегі маңызды проблемаларға назар аударды.

«Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу. Мұндай проблемалар аз емес. Олардың басым бөлігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қатысты екені белгілі. Ұлытау облысында осындай мәселелерді шешу үшін өңірдің 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін кешенді жоспар қабылданғанын білеміз. Еліміздің дамуын және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету – біздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде мәслихаттармен өзара байланысты одан әрі нығайта береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы сенаторлар мен мәслихат депутаттарының бірлескен жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Бұл ретте заңнамалық жұмысқа мәслихат депутаттарын тартудың маңызды екені айтылды. Сенаторлар өңірлерді дамыту мәселесін әрдайым назарда ұстап, проблемаларды жүйелі шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал ететін болады. Аталған бағытта «Өңір» депутаттық тобы және алғашқы отырысы мамыр айында болған Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Кездесу барысында басқару жүйесін орталықсыздандыру мәселесіне де баса мән берілді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқаны белгілі. Мұндай әкімшілік трансформация мәслихаттардың құзыретін кеңейтеді және рөлін арттырады, сондай-ақ өңірдің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Жиынға қатысушылар депутаттар арасында тәжірибе алмасудың және оқыту тренингтері мен семинарлары ұйымдастырудың маңызы зор екеніне де назар аударды. Мұндай өзара іс-қимыл жергілікті өкілді орган қызметкерлерінің біліктілігін арттыра түспек.

Облысқа сапары кезінде Сенат Төрағасы Ұлытауға арнайы барып, жергілікті ақсақалдармен кездесті. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға үлкен үлес қосып келе жатқан аға буынға алғыс білдірді. Ол облыстың бұл бағыттағы әлеуетін одан әрі арттыру жолында ел ағаларының алдағы уақытта да белсенділік танытатынына сенім білдірді.

«Ұлытау – ұлтымыздың ұясы. Біздің мемлекеттілігіміз осы киелі жерден бастау алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлытау облысын құру туралы шешімі өңірдің дамуына тың серпін берді. Бұл өлкеде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер, тарихымыздағы ұлы тұлғалардың кесенелері бар екені белгілі. Оларды лайықты қорғау және сақтау – ортақ жауапкершілік. Осы бағыттарда жүйелі жұмыс атқару – ұлтымыздың мүддесін қорғау, жоғын түгендеу, тарихи тұлғаларымыз бен мәдени мұраларымызды ұлықтау болары анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері Палатаның осы бағыттағы жұмысына тоқталып, «Ұлттық мүдде» алаңының маңызы жөнінде айтты. Одан бөлек, ұлттық құндылықтар тақырыбына арналған Үкімет сағаты мен Парламенттік тыңдаулардың нәтижесі жайында сөз қозғады.

Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің берері қашанда мол екені сөзсіз. Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастарымен кездесуде осы мәселеге көңіл бөлді. Өз сөзінде Сенат Төрағасы талантты, білімді жас буын еліміздегі өзгерістердің және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі қозғаушы күші екенін тілге тиек етті.

«Сіздердің әрқайсыңыз еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында өз салаларыңызда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Мемлекет мақсаты айқын, патриот жастарға қолдау көрсетуді және олардың әрі қарай дамуына жағдай жасауды жалғастыра береді. Сіздердің креативті идеяларыңыз бен ұсыныстарыңыз еліміздің болашағына әсер ететіні сөзсіз. Осы жауапкершілікті әрқайсыңыз сезініп, мемлекетіміздің дамуына үлкен үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін», – деген Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушылардың назарын Абай мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасын тиімді рухани бағдар ретінде ілгерілетудің маңыздылығына аударды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы жастарға Палатаның заң шығару қызметі, жас буынды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және азаматтық әлеуетті жандандыру жөніндегі жұмыстары туралы айтып берді. Өз кезегінде Ұлытау жастары Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының және Талдау мектебінің қызметіне қызығушылық білдірді.

Одан бөлек, өңірге сапары аясында Мәулен Әшімбаев Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының және «Ұлытау технологиялық университетінің» ұжымымен кездесті. Сондай-ақ ол «Ұлытау» визит-орталығының қызметімен танысып, «Жошы Хан», «Домбауыл», «Алашахан» және «Алтын шоқы» тарихи-мәдени кешендерін және кесенелерін зиярат етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here