«Ұлттық қор – балаларға» – байыпты бастама

0
1041

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын» деген болатын. Жуырда Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы Заңға қол қойды.

ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылмақ. Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша: «2023 жылғы 1 қазандағы ресми деректер бойынша елдегі 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 7 млн адамды құрап отыр.Парламент қабылдаған Заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген».

Ұлттық қордан жиналған қаражатты 18 жасқа толған қазақстандықтар екі мақсатта пайдалана алады. Біріншіден, баспана сатып алады. Алайда тұрғын үйді тек Қазақстан аумағынан ғана сатып алуға рұқсат етілген. Немесе тұрғын үй жағдайын жақсарта алады. Екіншіден, білім алады. Елдегі жоғарғы оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде оқуға мүмкіндік мол.
Ұлттық қордан жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынған. Ал 17 жастағы жасөспірімге бір жылда 100-150 доллар түседі. Мәселен, 2024 жылы туған баланың шотына 18 жыл ішінде 3500 АҚШ доллары жиналуы тиіс деген болжам бар. Алайда бұл Ұлттық қордың кірісіне байланысты болады. Теңгенің құнсыздануы мен девальвациялық тәуекелдерге байланысты шоттағы ақша доллармен есептеліп, доллармен берілмек. Айта кететін жайт, Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.

18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүріп, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелеттік жасқа толғанша ақша аударыла береді. Ал егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және отанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады. Заңда қаржыны емге жұмсау қарастырылмаған. Ұлттық қордан балалар шотына аударылатын ақшаны ата-аналары пайдалана алмайды. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады.

Қаражатты алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы бақылай алады.

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысу үшін ата-аналарға ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеген болатын.

«Жобаға барлық балалар қатысады. Ешқайда хабарласудың, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлық процесс автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, интеграциялық жұмыс жүргізеді. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражат есепшоттарға аударылады. Кейін бұл қаражатты алдын ала белгіленген мақсатта пайдалануға болады», – деді ол.

Сондай-ақ бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде де аударуға мүмкіндік берілмек. Қазақстан азаматтары екі санатқа көшеді. Оның алғашқысы – 18 жасқа толғанға дейін – «Қатысушылар», екіншісі – «Алушылар».
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталып, түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, одан түскен табыс та балалар шотына аударылып тұрады.

Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі, яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады. Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады. Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі. Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
Осындай ұқсас жоба көрші Ресей Федерациясында да бар. «Ана капиталы» деп аталатын жобаға бірден 10 мың доллар бөлінеді, оны бала 18 жасқа толғанша қолдана алмайды. Бұл қаржы да білім алуға немесе тұрғын үй алуға жұмсауға беріледі.

Жаңа жылдан бастап Ұлттық қордан ұлттың ұрпағына арналған қаржы бөлінбек. Бұл жаңа жоба жас буынның болашағының жарқын болуына септігін тигізбек.

Жансая Шыңғысхан

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here