ӘҚК бас қолбасшысы: жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен әлеуметтік қолдау жайлы

0
319

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрлігінің брифингі өтті. Әуе қорғанысы күштерінің 2023 жылғы қызметінің қорытындысымен журналистерді ҚР Қарулы Күштерінің осы түрінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов таныстырды. Ол биыл Әуе қорғанысы күштері өздерінің 25 жылдығын атап өткенін тілге тиек етті. Осы уақыт ішінде Қарулы Күштердің қазіргі заманғы жауынгерлік қабілетті, жоғары технологиялық түрі қалыптасып, табысты дамып келе жатқанын атап өтті. 

– Есептік кезеңде Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, сондай-ақ қамтамасыз ету бөлімшелері мен бөлімшелері Қарулы Күштер ауқымында да, түр ішінде де 30-дың үстінде тактикалық оқу-жаттығуға және жедел даярлау іс-шараларына қатысты. «Батыл тойтарыс-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің біріккен әуе қорғанысы жүйесі әскерлерінің жауынгерлік атысымен бірге «Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуы өткізілді, – деді Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы ұшу сағаттарының ұлғайғанын да атап өтті. Бұның бәрі ұшу, инженерлік-техникалық құрамдар мен қамтамасыз ету бөлімшелерінің дайындық деңгейін арттыруға ықпал етпек.  Егер өткен жылы ұшу экипаждары 12 мың сағаттан астам ұшуды орындаса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 13 мың сағаттан астам уақытты құраған.

Бұдан бөлек ол Үкіметтің авиациялық парк пен ӘШҚҚ құралдарын қайта жарақтандыру және жаңарту бағдарламасының орындалуына тоқталып өтті.

– Қазақстандық тарап пен Еуропалық авиациялық Airbus Military концерні арасында жасалған келісімшарт шеңберінде авиапарк С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен толықтырылды. Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауынгерлік тікұшақтары жеткізілді. Биылғы жылдың соңына қарай тағы бір «ТОР-2М» батареясын жеткізу жоспарланып отыр. Келесі жылдың басында техника құрамы алты Су-30СМ ұшағымен, «Тор-М2К» зениттік-зымыран кешенінің батареясымен және А-400М әскери-көліктік ұшағымен толығатын болады, – деп жалғастырды сөзін ол.

Спикер қазіргі ұрыста барлау құралдары, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ және ұшқышсыз басқарылатын авиацияның рөлі айтарлықтай өзекті екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұшқышсыз басқарылатын авиация паркін ұлғайту жұмыстары да жалғасып жатыр. Тамыз айында соққы беруші Anka дрондарының бірінші легі ұрыс тәжірибесіне қолдануға жеткізілді. Бүгінгі күні ұшқышсыз ұшатын аппараттар паркінде Wing Loong-1, Anka және Skylark барлау ҰҰА бар, – деп нақтылады ол.

Авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов Қазақстанның шығысындағы ТЖ жою кезіндегі әскери қызметшілердің іс-әрекетін ерекше атап өтті. Өрт ошағында болған кезде экипаждар жауынгерлік тапсырмаларға сай міндеттерді орындады.

– Ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың және квадрокоптерлердің есептоптарымен әуе барлауы үздіксіз жүргізілді. Тікұшақтармен 456 өрт ошағы сөндірілді, 3517 тонна су шашылды, – деді авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов.

Биыл өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында ұшу құрамының лауазымдық жалақысы орта есеппен 60 пайызға өсті. Әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері, өтемақылар, үстемеақылар және жәрдемақылар түрінде берілетін әлеуметтік қолдаудың басқа да шаралары көзделген.

Брифинг соңында Қорғаныс министрлігінің өкілі журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here