Сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымы табылды

0
351

Қызылорда облысындағы Шірік-Рабат және Сығанақ қалашықтарынан табылған Сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымы реконструкцияларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды.

2004-2005 жылдарда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шірік-Рабат қалашығына археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция нәтижесінде Сақ жауынгері табылған. Қабірден ер адам мүрдесімен бірге ұзындығы 1 метрден асатын, сабы ағашпен қапталған семсер, белдіктің қалдықтары, қанжар сынығы, парфяндық жазуы бар қыш құмыра-көнек, хош иістендіргіш культтік бұйымы, әртүрлі пішіндегі алтын жапсырмалар көзге түсті.

Елге белгілі реставратор Қырым Алтынбеков «Шірік-Рабат сақ жауынгері» реконструкциясын жасап шықты. Мүсін Шірік-Рабатта жерленген адамның бойының ұзындығына сәйкес жасалған. Артефактілер ежелгі өркениеттің материалдық және рухани мәдениетінен мағлұмат береді.

Атап айтқанда, олардың қатарында сақтардың аң стилі негізінде жасалған 2388 алтын жапсырма, 7 алтын жалатылған жебенің ұшы, тас моншақтар бар. Мүсін қоғамда белгілі бір мәртебеге ие, беделді адамның статикалық сенімді кейпінде бейнеленген.

«Сығанақ ханшайымы – Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы даланы мекендеген ақсүйек әйелдің образы. Сығанақ ханшайымы 2019 жылы ортағасырлық Сығанақ қалашығына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Өзбекстандағы Орталық Азия халықаралық институты бірлесе жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде Сығанақтың №3 қазба нысанынан (сағана) табылған. Кесенеде сән-салтанатымен жерленген әйел адамның қаңқасымен қатар маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы бойтұмар, тамшы формасындағы түймелер және маржан моншақтар табылды», – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі, PhD Әзілхан Тәжекеев.

«Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі, PhD Ә.Тәжекеев пен қазба авторы, Өзбекстан Республикасындағы Я.Гулямов атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері А.Искендированың ғылыми жетекшілігімен жасалды. Реконструкция мүсінін және алтын мен қоладан жасалған әшекей бұйымдарын Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы мамандары және өнертану ғылымдарының магистрі А. Назаровтың жетекшілігімен орындалды.

«Сығанақ ханшайымы» реконструкциясының киімдерінің материалдары Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы тапсырыспен алынған. Қазіргі уақытта Татарстандағы мамандардың тарапынан ХІҮ-ХҮ ғғ. Алтын Орда кезеңіндегі киімнің үлгісімен (бас киім, көйлек, етік т.б.) тігілген.

Биыл алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жасалды. Алдағы 8-9 желтоқсанда Астана қаласындағы өтетін Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері аясында «Сыр елі – Түркі өркениетінің бесігі» тақырыбындағы көрмесінде алтын адамдар коллекциясы халық назарына ұсынылады.

Еске салсақ, Қызылорда облысында Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер қоршалып, қолға алынды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here