Абай университетінде жаратылыстану ғылымдары мен білім беруді дамыту мәселелері талқыланды

0
743

30 қарашада Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Тұрақты даму мақсаттары аясында жаратылыстану ғылымдары мен білімінің даму мәселелері» тақырыбында ІІ Халықаралық жастар ғылыми форумы өтті. Іс-шараға шетелдік және отандық ғалымдар, университет оқытушылары, жас зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар, география пәнінің мұғалімдері қатысты. Форумның мақсаты – тұрақты даму идеяларына сәйкес қазіргі жаратылыстану ғылымдары мен білім берудің даму тенденцияларын талдау.

Пленарлық отырыста Абай университетінің стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева мен Жаратылыстану және география институтының директоры Күләш Каймулдинова сөз сөйледі. Олар тақырыптың өзектілігін атап өтіп, қатысушыларға табысты жұмыс тіледі.

Форумда білім мен ғылымның негізгі аспектілері, соның ішінде климаттың өзгеруі және өңірлік даму, сондай-ақ қоршаған ортаны басқару және «жасыл» технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған стратегиялар мен серіктестіктерге тоқталды.

Negeri Surabaya университетінің профессоры Eko Hariyono (Индонезия) біздің елдеріміз арасында климаттың өзгеруі мәселелері бойынша білім беру саласында тәжірибе алмасуды кеңейтуді ұсынды. Ол Индонезияда осы мәселе бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттырудың Азиялық негіздерін енгізудің маңыздылығын атап, бағдарламаның ерекшеліктері мен оқыту әдістерін талқылады. Профессор сонымен қатар Абай университеті мен Negeri Surabaya университеті арасындағы байланыстарды ғылыми ынтымақтастық, маңызды қоғамдық бағдарламалар, студенттердің тағылымдамадан өтуі және оқытушыларды шақыру арқылы нығайтуды ұсынды.

Тұрақты даму мақсатында білім беруді ілгерілету бойынша пленарлық сессияда Okayama University докторанты Khalifatulloh Fiel’ardh (Жапония), PhD, Environment Education орталығының Климат өзгеруі бойынша бағдарламасының директоры Sweta Purohit (Үндістан), Environment Education орталығының бағдарламалық үйлестірушісі Priyanka Sinsinwar (Үндістан), Қазақстан-Герман университетінің тұрақты университеттер жобасының үйлестірушісі Екатерина Горшкова және басқа да сарапшылар баяндама жасады. Олар тұрақты даму контекстінде жаратылыстану ғылымдары мен білім берудің қазіргі даму тенденцияларына өз талдауларын ұсынды.

Форумның секцияларында Түркия, Жапония, Индонезия, Үндістан, Әзербайжан және Қазақстанның жас ғалымдары баяндама жасады.

Халықаралық форум Тұрақты даму мақсаттары аясында жаратылыстану ғылымдары мен білім беруді дамыту бойынша білім мен тәжірибе алмасуға оң әсерін тигізді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here