Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Орталық Азия әйелдерінің диалогы» атты халықаралық конференцияға қатысу үшін елімізге келген Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті.
Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламенті өткізіп жатқан халықаралық конференцияға қатысқаны үшін Танзила Нарбаеваға алғыс білдірді. Сондай-ақ Өзбекстанның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында Парламентаралық ынтымақтастықтың екінші жаһандық форумын сәтті өткізуімен құттықтады. Сенат Спикері Ташкентте өткен Форумның маңызына тоқталып, мұндай іс-шара Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда заңнаманы жетілдіру және парламенттік бақылау тетіктерін нығайту бағытында Парламент депутаттарының бірлескен жұмысын жандандыра түсетінін айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл маусым айында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Комиссияның жұмысына сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері белсенді қатысып келеді. Орнықты даму мақсаттарын іске асырудың және индикаторлардың ұлттық жүйесін жандандырудың тиімді тәсілдері қалыптасып жатыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Орнықты даму мақсаттарын ел деңгейінде сапалы іске асыру Парламенттің осы бағыттағы күн тәртібіне ерекше көңіл бөлуіне байланысты болып отыр. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстан өзара іс-қимылды арттырып, Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына парламенттік бақылау жүргізу бойынша тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік бар», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Танзила Нарбаева елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы ұстанымының маңыздылығына назар аударды. Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы бірлесіп әрекет етудің берері мол екенін айта келе, түрлі сала бойынша ортақ жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар жақында Астанада өткен Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі алғашқы құрылтайына да назар аударып, оның қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар аясында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту перспективаларын талқылады. Мәулен Әшімбаев әріптесін Палатаның осы бағыттағы жұмысымен таныстырып, Құрылтай Орталық Азияның әлеуметтік кәсіпкерлерінің жемісті ынтымақтастығы үшін тұрақты және тиімді алаң болатынына сенім білдірді.