Сенаторлар бала құқығын қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады

0
235

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыста қаралып, мақұлданған «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруды көздейді. Құжатта Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайларда балалардың немесе олардың ата-аналарының жеке шағымдарын қарау тетігі белгіленеді.

«Елімізде өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым басты назарда. Сондықтан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл саладағы бастамаларын толығымен қолдайды. Мақұлданған заң азаматтарымызға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдануларына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл құжат елімізде балалардың мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру үшін қосымша құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Хаттама Ресей Федерациясымен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу кезінде туындайтын жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Мақұлданған заң екі ел арасында бұл саладағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп күтілуде.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Ақмарал Әлназарова мектепте оқушыларды тамақтандыру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, мектеп асханаларының мәзірі қазіргі ғылыми ұсыныстарға сәйкес келмейді.

Дархан Қыдырәлі геологиялық барлаушылардың немқұрайлы қарым-қатынасын және пайдалы қазбаларды іздеу мен өндіру саласында «қара қазушылардың» көбеюін сынға алды. Олардың химиялық реагенттерді бақылаусыз пайдалануы салдарынан өзендер мен жағалау аймақтарының экожүйелеріне зиян келуде.

Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің ластануына, Алға ауданында химиялық зауыт қалдықтарының таралуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор Үкіметке қалдықтарды жою процесін ерекше бақылауға алуды ұсынды.

Бибігүл Жексенбай ақпараттық қауіпсіздікті нығайту үшін шекара маңындағы өңірлерде хабар тарататын отандық телеарналардың тізімін кеңейту қажеттігін атап өтті.

Алишер Сатвалдиев «Серпін» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыруға қатысты проблемаларға тоқталып, әкімдіктер мен жұмыс берушілер тарапынан бұл мәселенің сапасыз ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

Советбек Медебаев иесіз қалған электр желілеріне қатысты проблеманы көтерді. Аталған түйткілді шешу үшін сенатор оларды өңірлік энергия жеткізуші ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру тетігін әзірлеуді ұсынды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here