Мәулен Әшімбаев боччадан жеңімпаздарды марапаттады

0
240

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев боччадан ел Кубогы сарапқа салынған жарыстың жабылу рәсіміне қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.

Құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев сайыстың жоғары деңгейде өткенін және ерекше спортшылардың шеберлігі мен табандылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.

«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келесі жылы бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақтаймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика Кубогы, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты кем дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар халықаралық додаларға қатысады», – деген Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға, оларға қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан жаттықтырушылар мен ата-аналарға алғыс білдірді.

Айта кетейік, боччадан Қазақстан Республикасының Кубогы үшін жарыс 8-9 желтоқсан күндері елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Онда еліміздің 10 өңірінен келген 64 спортшы бақ сынады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here