Қазақстан мен ТМД елдерінің үздіктері анықталды

0
317

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ТМД-ға мүше мемлекеттер достық армиялары арасындағы армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат пен Қазақстан Қорғаныс министрінің кубогы үшін қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Ауқымды жарыстардың ашылу салтанатына министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты. Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің сүйемелдеуімен төрешілер мен командалар сап түзеді.

Жарысқа қатысушыларды Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтады. Ол спорттың бұл түрінің танымалдылығы артқанын атап өтті.

– Қоян-қолтық ұрыстың қарумен де, қарусыз да қарсыласқа қарсы тұра алатын әскери қызметшілердің дене шынықтыру бағдарламасына енгізілуі кездейсоқ емес. Ол жауынгердің бойында қарсыласқа қарсы тұрып, қорғануда және жекпе-жекте қажетті дағдыларды қалыптастырады. Бұл спорт адам бойында батылдық, өзіне деген сенімділік сияқты қасиеттерді дамытады. Жарысқа қатысушыларға табандылық пен жеңіске деген құлшыныс тілеймін. Кіл мықтының ішінде шын мықты анықталсын! – деді ол турнирдің ашылуында сөйлеген сөзінде.

ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубы ұйымдастырған жарысқа Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 180-нен аса спортшы қатысуда. Қорғаныс министрінің кубогына еліміздің күштік құрылымдарының 16 құрама командасы таласады. Ерлер сегіз салмақ дәрежесінде, әйелдер үш салмақ дәрежесінде күш сынаспақ.

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров спортшыларға ақжол тіледі.

– Достастық елдері әскери қызметшілерінің қатысуымен өтетін жарыстар оларға өздерін барынша сынауға және жауынгерлік мінезін көрсетуге молынан мүмкіндік береді. Баршаңызды жарыстың басталуымен құттықтаймын. Сіздерге тартысты жекпе-жектер мен сенімді жеңістер тілеймін, – деді Қарулы күштердің ардагері.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері жеке біріншілік және командалық есеп бойынша анықталады. Бұдан өзге ұйымдастыру комитеті «Үздік техника үшін» және «Жеңіске деген жігері үшін» номинацияларын да қарастырған.

Айта кету керек, армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат ТМД-ға қатысушы мемлекеттер достық армияларының XV спартакиадасы аясында өту үстінде.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here