Келелі ойлар айтылды

0
363

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетіне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген атпен сұқбаты жарық көріпті. Сұқбатта еліміздің бүгінгі күнгі саяси, экономикалық, әлеуметтік хал-ахуалына қатысты біршама сұрақтар қойылыпты. Сұрақтардың ішінде өте өткір қойылған сұрақтар да жеткілікті екен. Мұның өзі бүгінгі дүрбелеңге түсіп жатқан, геосаяси жағдай тұрақсыз болып отырған әлемдегі Қазақстанның орны мен ұстанған ішкі-сыртқы саясаты халықты алаңдататынынан хабар берсе керек. Президент қойылған сұрақтардың бәріне жан-жақты, тыңғылықты жауап беруге тырысқан. Әрине, әр бір сұрақтың мазмұнына қатысты сарапшы-мамандар талдап, ашықтап жаза жатар. Мен шығыстанушы ретінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына байланысты айтқан сөздеріне бір тоқталып кетсем деп отырмын.

Қалай болғанда да Қытай біздің көрші мемлекет. Қытайдың соңғы 30-40 жылда орын алған саяси-экономикалық өзгерістер ҚХР-ды әлемдік алпауыт елдермен қатар тұратын деңгейге көтерді. Қазақ-Қытай қарым-қатынастары қарапайым көршілік байланыстан, стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтерілді. Президентіміз осы сұқбатында айтқандай «Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо­йындап отыр». Соңғы кезде Қазақ-Қытай қатынастары жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға негіз бар. Қытайдың Орта Азия мемлекеттеріне бағытталған бастамалары мен жобалары ақырындап басталып жатыр. Оның ішінде әрине негізгі салмақ Қазақстанға салынатыны түсінікті. Осындай әлемдік экономикаға ықпал етіп отырған мемлекетпен көрші отыру және оның бізе қатысты үлкен мүдделерінің болуы, бір жағынан алып қарағанда артықшылық. Мәселе сол артықшылықты өз еліміздің мүдделеріне сай барынша тиімді пайдалану болып отыр. Екі ел арасында енгізілген визасыз режимнің де қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

Қазіргі таңда әлем өзгеріп жатыр. Осындай алмағайып заманда Қазақстанның да, Қытайдың да алдында ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық даму мен жаңғыруды жүзеге асырудың тарихи міндеті тұр. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының доцент м.а., PhD докторы Керімбаев Е.Ә.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here