«Ай қораланды» соғысы

0
725

Қазақ халқы ерте кезден жауынгер, батыр болғандығы, ұлан-байтақ ұлы даланы жаужүрек батырларымыздың арқасында сақтап қалғандығы тарихтан белгілі. Қазақтың батыр қолбасшыларының жауға қарсы қолданған соғысу әдіс-тәсілдері де әр түрлі болған. Енді осы соғыс тәсілдерінің ішіндегі «Ай қораланды» соғысы туралы қысқаша айтуды жөн көрдік.

Қазыбек бек Тауасарұлы «Тұп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында осы соғыстың куәгері ретінде соғыс тәсілін өте керемет суреттейді.

«Ай қораланды» соғысы – жауды айналдыра құпия түрде сыртынан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу тәсілі.

1726 жылы Сарысу бойындағы «Айран төгілген» деген жерде қалмақтармен қырғын алапат соғыс болды. Бұл соғысқа Қанжығалы Бөгенбай батыр бір түмен сарбазын бастап келді. Орта жүз түменін Қаракерей Қабанбай батыр бастап жүрді. Кіші жүз қолы жеті мың әскер еді. Оны Әбілхайыр хан басқарды. Бұл соғысқа қазақтан қырық төрт мың адам қатысты. Жер-көктің бәрі қазақ болып кеткендей болып көрінді…

Ұрыстың алғашқы үшінші күнінде «жекпе-жек» соғысы болды. Қалмақтармен «жекпе-жекке» басы Сатай болып, тоғыз батыр шықты. Олардың Қоңқай батырдан басқасының бәрі тірі қайтты. Мұнан соң қырғын майдан басталды. Қалмақ әскері көп еді. Дегенмен, қазақтың рухы мықты еді, әскеріміздің саны да көп болды. Майдан төрт жерде жүріп жатты. Қазыбек бек батыр жетісулықтар араласқан ұрысты бастады. Төрт күн дегенде, нағыз алапат қырғын соғыс жүріп жатты. Нақ осы майданның қызған сәтінде жаныма Көкбарақ батыр келді де, «Төле би шақырып жатыр» дегенді айтты…

– Қазбек батырым-ау, «Ай қораланды» соғысыңды қашан қолданасың? Соныңды баста! – деді Төле аға.

– Ойбай-ау, оған қол аз ғой, – дедім.

– Дулаттың (ру атауы) екі мың қолын беремін, өзің басқар.

Сәлден соң ұрысқа Дулаттың екі мың сарбазы кірісті. Біз көбейген соң, жауды қоршай бастадық. Сарбаздардың бәріне майданды тастап, сыртқа беттеуге жарлық бердім. Алғашқыда біздің батырлар мұны «қашу» деп түсініп қалып, көпке дейін соғыса берді. Түс кезінде сарбаздарымыз ұрыс майданынан шетке толық шығып үлгерді.

Қалмақтардың арасынан өздерінің тілінде «Құрыдық, құрыдық, бізді қамады» деген сөздер естілді. Қалмақтар майданның ортасында тай шаптырым жерде, жерді алып тұрды. Біз жауға бірте-бірте жақындап, қыса түстік. Садақ оғын қардай бораттық, әрине олар да атып жатыр, бірақ сирек тұрған бізге оқтарының оннан бірі тимейді. Ал біздің жеті мың адамның оғының жетеуінің біреуі тисе де, мың оқ тиеді. Міне, солай болды да. Ойбайлаған дауыстар, қарыннан тиген оқтан тулаған аттар, ат бауырына тығылған жаяу қалмақтар…

Сарбаздарымыз жауды қыса түсті. Сөйтіп, біздің жауынгер батырларымыз қамаған бес мың қалмақтан тірі кеткені аз болды. Дәл осындай «Ай қораланды» соғысын Қабанбай, Бөгенбай, Әбілхайыр қолы да салды. Олардың қораларынан да тірі қалмақ шықпады. Жау бет-бетіне қаша бастады. Өрге қашқанның артынан Қазыбек бек батыр бастаған Жетісу сарбаздары түсті. Шығысқа қашқандарын – Қабанбай қолы, терістікке қашқандарын – Бөгенбай әскері, батысқа қарай қашқан жаумен Әбілхайыр әскері соғысып, қуып кетті.

Міне, қазақтың жұдырықтай жұмылып, бірігуінің арқасында сарбаздарымыз  жауды тұқыртып, жеңіске жетті. Осы жеңіс қазақ халқының рухы мықты батыр, жауынгер халық екендігін тағы да дәлелдеп көрсетті. «Айран төгілген» даласы осы бір алапат соғыстан соң «Қалмақ қырылған» деп аталды.

Міне, «Ай қораланды» соғысының қысқаша тарихы осы…  

Айбол БИТУҒАНОВ,
жоғарғы білімді ұстаз

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here