Тоғжан Қасенова: «Қазақстандықтар әлі күнге кеңестік ядролық сынақтардың құнын төлеуде»

0
2543

«Қазақстан ядролық қарудан бас тарта ма, әлде Орталық Азияның Солтүстік Кореясы болуға тырыса ма?». Осы бір сұрақты әлемдік қауымдастық бұдан 30 жыл бұрын, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан кенеттен әлемдегі төртінші ірі ядролық арсенал иегері атанған кезде қойған болатын. Саяси ғылымдар докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман Тоғжан Қасенованың «Atomic Steppe. How Kazakhstan gave up the bomb» («Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы») кітабында адамзат тарихындағы ең қуатты қарудан әлемге әлі таныла қоймаған елдің бас тартқаны туралы керемет мәліметтер баяндалған. Ағылшын тілінде жарияланғаннан кейін Фридрих Эберт қоры (FES Kazakhstan) тарапынан Steppe & World Publishing баспасымен бірлесе отырып, кітап қазақ тілінде шығарылды. Қазір орыс тіліндегі шығарылымы дайындалуда. Бұдан бұрын бірнеше халықаралық марапатқа ие болған «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы» кітабы (мына жерден оқыңыз: https://library.fes.de/pdf-files/bueros/kasachstan/19571.pdf) КСРО кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның беймәлім және ерекше ядролық тарихын баян етеді. Кеңес шенеуніктері үшін қазақ даласы сүйікті отаны болған жоқ. Бабаларымыз жан алып, жан беріскен қазақ топырағы ядролық сынақтар үшін өте қолайлы бос алаң ғана болатын. Апаттың басталуы екі басты қозылардың пайда болуынан көрінді: «Атом улаған дала» кітабында Семей полигонының маңындағы адамдар мен табиғатқа жасалған кеңестік тәжірибенің салдары туралы қорқынышты сипаттама берілген. Кеңес Одағы құлағаннан кейін жас елдің алдында тек осы салдармен күресу ғана емес, сонымен бірге ядролық қауіпсіздікке қатысты көптеген күрделі мәселелерді шешу міндеті де тұрды.

«ӨТКЕННЕН АЛАР САБАҚ КӨП»

Қазақстанның өткеніне үңіліп қарағанда, тарихтан алатын сабақ аз емес. Соның ең бір қорқыныштысы – ядролық сынақтардың зардабы. «Атом улаған дала» кітабының авторы Тоғжан Қасенова отыз жыл бойы ядролық сынақ зардабын тартқандарға лайықты дәрежеде назар салынбағанын айтады. Жәбірленушілерді әлеуметтік қорғау туралы заң ескіріп, мәселе көбейгенімен, соңғы кездері өзінде болмашы үміт пайда болғанын тілге тиек етеді.   

«Қараша айының соңында Нью-Йоркте Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы елдердің екінші кездесуі өтті. Бұл алтыншы және жетінші екі бап – ядролық сынақтар мен ядролық қаруды қолдану салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге және зардап шеккен жерлерді қалпына келтіруге арналған жаңа шарт. Қазақстан Кирибати аралымен (халқы американдық ядролық сынақтардан жапа шеккен) бірге келісімнің осы екі бабы бойынша көшбасшы ел саналады. Қазақстанның сыртқы майдандағы жарқын әрі маңызды рөлі ішкі саясатты да нығайтады», – деп сенеді автор.

Саяси ғылымдар докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман аталмыш шартқа қатысушы елдер зардап шеккендер үшін не істеп жатқаны туралы есеп беруі керек екенін, сондай-ақ кеңестік ядролық сынақтан зардап шеккен қазақстандықтарға өз елінде жеткілікті түрде көмек көрсетілмесе, Қазақстан зардап шеккендерге халықаралық деңгейде көмек көрсетуде көшбасшы бола алмайтынын айтады.

«Тағы бір маңызды дүние – қоғамның өз ішінде болып жатқан өзгерістер. Меніңше, Қаңтар оқиғасынан кейін азаматтық қоғамның рөлі артты. Көптеген мәселе және сол бойынша азаматтық қоғамның үні айқын әрі нақты бола бастады. Азаматтық қоғамның өсіп келе жатқан рөлі кеңестік ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмектің жоқтығын көрсетеді. Міне, осы өзгерістер ыңғайсыз сұрақтар қоюдан тартынбайтын өскелең жастарымыздың рухымен бірге маған үміт береді», – дейді Тоғжан Қасенова.

Бүгінгі таңда әлем бойынша Қазақстан туралы түрлі талқылаулар жүріп жатқаны белгілі. Олар әсіресе отарсыздандыру жайын айтады. Еліміз өз өткеніне қайта назар салып, ұлтымыздың өзін-өзі тануы күшейіп жатқандай. Десе де, бұның бәрі баяу жүріп жатқан секілді. Осы мәселе бойынша да Тоғжан Қасенова өз ойын батыл айтып жүр. Ядролық сынақ туралы кітаптың авторы бұл мәселелердің де күн өткен сайын бұлақтай табиғи түрде сыртқа атылып шыға бастағанын жеткізеді. Тоғжан Қасенова отарсыздандыру туралы мәселенің өте маңыздылығын, сондай-ақ бүгінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысы ұзақ уақытқа созылған отарсыздандыру мен еліміздің бастан кешкен кеңестік кезеңін қайта қарау үдерісін күшейткенін, оған қоса кеңес әскерлері үшін ядролық сынақ полигоны ретіндегі жұртымыздың қайғылы тәжірибесі осы мәселенің елеулі бөлігі екендігін баяндайды.   

«Кеңестік кезеңді ой елегінен өткізгенде, «Кеңес Одағы қаншама сұмдық жасады, өкінішке қарай біз құрбан болдық» деп, құрбандық күйінде қалып қоюға болмайды. Қазақстанның тәуелсіз егемен ел болғанына 30 жылдан асты. Егер мемлекеттің өзі өз халқына, зардап шеккендерге қамқорлық жасамаса, біз жәбірленуші күйінде қала бермекпіз. Иә, өткенімізде бізге жасалған қиянат қорқынышты. Кеңестік өткенді қайта қарастыру – қазір болып жатқан маңызды процесс, бірақ бүгінгі жағдай үшін қандай да бір жауапкершілікті өз мойнына алмай, оны қайта қарау мүмкін емес. Мен Қазақстанның өзі кеңестік ядролық сынақтардан зардап шеккен өз азаматтарына лайықты көмек көрсетуге қабілетті деп есептеймін», – дейді автор.

«РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНДА
АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН
САЛМАУЫ КЕРЕК»

Бүгінгі таңда «Росатомпром» компаниясының атом электр станциясын салуы туралы мәселе айтылып жатыр. (Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу туралы түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтты). Елімізде атом электр станциясын салуы туралы да Тоғжан Қасенованың өзіндік пікірі маңызды. Ол бұл жайлы былай дейді: «Мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қарсы емеспін. Әйтсе де, Қазақстанға атом энергиясы керек пе, жоқ па деп айтатын инженер-энергетик болмаған соң, бұл мәселе бойынша сауалдарға елдің энергетикалық матрицасын түсінетін мамандар жауап беруі керек деп есептеймін. Бірақ, ядролық саясат пен қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын адам ретінде білетінім, егер Қазақстан атом энергетикасын енгізу туралы шешім қабылдаса, оған бірқатар өте маңызды мәселелерді шешу қажет болады. Ал қазір олардың кейбіріне елде мардымды жауап жоқ. Мысалы, ядролық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына сай болу қажеттілігінен бастап, сыбайлас жемқорлық сияқты кеңірек мәселелерге дейін. LRT құрылысын есіңізде сақтаңыз: қаншама ақша белгісіз нәрселерге жұмсалды және оның бәрі аяқталмай қалды. Атом электр станциясы – инвестицияны қажет ететін, автоматты түрде сыбайлас жемқорлыққа негіз жасайтын қымбат жоба. Сонымен қатар, егер сіз бірдеңені дұрыс жасай алмай, қате құрастырсаңыз немесе материалдарды үнемдесеңіз, тәуекелдер тым жоғары болмақ. Техникалық ядролық мәселелерге келетін болсақ, әлемнің бірде-бір мемлекеті ядролық қалдықтарды түпкілікті сақтау мәселесін әлі шешкен жоқ. Ұзақмерзімді сақтау нұсқалары болғанымен, бірақ түпкілікті жоя алмайды».

Қазақстан атом электр станциясын салу кезінде ең маңызды екі нәрсені – ядролық қауіпсіздік пен транспаренттілікті қамтамасыз етудің техникалық мәселесін, сыбайлас жемқорлықтың жоқтығын ескеруі қажет.

Тоғжан Қасенова Қазақстанның геосаяси жағдайы мен практикалық мүдделері тұрғысынан елдегі атом электр станциясын Ресейдің салуына қарсы екенін айтады. Оның ойынша, бұл әсіресе осы кезеңде үлкен қателік болады. Ресей әскерлері әлі күнге дейін басқа егемен елдің ядролық объектісінің аумағында – Запорожье атом электр станциясында қалды. Олар Украинаның ядролық нысанына қауіп төндіреді, өйткені олар сол жерде. Бұған дейін Ресей әскерлері Чернобыль атом электр станциясының жанындағы иеліктен шығару аймағына басып кірген. Ресей өзінің бүгінгі мінез-құлқымен әлемдік стандарттар мен ядролық қауіпсіздік нормаларын құрметтемейтінін көрсетті. Әрқашан БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына сай әрекет етіп, халықаралық аренада өзін жақсы жағынан көрсете білген Қазақстан үшін Ресейді атом электр станциясының құрылысына тарту орынсыз деп есептейді автор. Соңғы екі жылдағы оқиғаларды ескере отырып, ресейлік тараппен келісімшартқа отыру Қазақстанның имиджі мен беделіне кері әсер етуі мүмкін. Бірақ, практикалық тұрғыдан алғанда, «Росатомның» еншілес компаниялары қазірдің өзінде санкциялар астында екенін есте ұстау керектігін және Ресеймен ынтымақтастық, әсіресе санкциялық режимде Қазақстанды қиын жағдайға қоюы мүмкін екенін меңзейді автор. Атом электр станциясының құрылысы ұзақмерзімді салдары бар стратегиялық шешім екенін айтқан Қазақстан үкіметі бұл мәселеде барлық тәуекелдерді ескере отырып, өте мұқият әрекет етеді деп сенеді.

Ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман Қазақстандағы атом электр станциясын салуға серіктес болуы мүмкін елдер жайында өз ойын былайша жеткізеді: «Қазақстанда сапалы сараптама жүргізе алатын біліктілігі жоғары мамандар бар. Қазақстанның шағын қуаттарды қажет ететінін ескере отырып, ең жақсы нұсқаларды ұсына алатын жеткізушілердің ұсыныстарын қарастырған жөн. Әрине, атом өнеркәсібіндегі ортақ тіл мен кеңестік мұраның арқасында Қазақстандағы көпшілігі Ресеймен ынтымақтастық орнатуға ыңғайлырақ екені анық, бірақ мен жаңа әлеуетті серіктестерді қарастыру маңызды деп есептеймін. Сондықтан мен техникалық сарапшы болмағандықтан, ешбір елді ерекше атамаймын. Дегенмен, саяси және геосаяси тұрғыдан алғанда, серіктестік Ресеймен болмауы керек деп есептеймін».

ЯДРОЛЫҚ САЯСАТТАН ЯДРОЛЫҚ ТАРИХҚА ДЕЙІН

«Атом улаған дала» кітабының авторы Тоғжан Қасенова өзінің бұл салаға келуіне әкесі ықпал еткенін айтады. «Ядролық саясат саласындағы мамандықты таңдау менің әкем Өмірсерік Қасеновтың осы салада белсенді жұмыс істеуімен алдын ала анықталды, дегенмен бұл оның мүдделерінің жалғыз саласы емес еді. Ол Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы әрі бірінші басшысы болатын. Оның құзыретіне стратегиялық сипаттағы барлық негізгі мәселелер кірді. 1990 жылдардың басында ядролық мәселе Қазақстан үшін өте маңызды болғанымен, сол кезеңде елде ядролық саясат мәселелерін талдай алатын және ол бойынша ел басшылығына кеңес беретін мамандар аз еді. Сондықтан менің басты мотивациям әкемнің ізімен жүру болды», – дейді Тоғжан Қасенова.

Жас кезінен бастап көзбен көріп, көңілге түйгендері Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабын дүниеге әкелуіне ықпал етті. Автор 15 жыл бойы жұмыс істеген кітабын ақыры жарыққа шығарды. Ол әрі ғалым, әрі жазарман ретінде өзін таныта білді. Кітапты жазуға түрткі болған дүниелер жайлы автор былай дейді:

«Мен ядролық саясат мәселелерін зерттеп, өз кітабымды жаза бастағанда, әлемде ядролық қарумен санаулы елдер ғана айналысып келгенін, Қазақстанның да солардың бірі екенін түсіндім. Біздің еліміздің ядролық тарихы халықаралық дискурста іс жүзінде жоқ болды, мен оны сарапшылар мен оқырмандардың кең ауқымына жеткізгім келді.

Тағы бір маңызды жайт, әкемнің отбасы ұзақ уақыт Семейде тұрды, ал әкем жастық шағының бір бөлігін сонда өткізді. Атам мен әжем өмірінің соңына дейін сонда қалды. Бала кезімде Семейге соларға қонаққа бардым. Мұның бәрі менің Семей өңіріне деген ерекше көзқарасыма әсер етті.

Бірақ мен онымен жұмыс істеп жатқан кезде кітапта өзгерістер болды. 15 жылдан астам уақыт бұрын, кітап жазу жайлы ой келгенде, тек саясат туралы, Қазақстанның ядролық қарудан қалай құтылғаны жайында жазуды жоспарлағанмын. Не өзгерді дейсіз бе? Мен осы тақырыпты зерттей бастағанда, мұрағаттарда жұмыс істеп, ядролық сынақ құрбандарымен кездескен кезде, кеңестік кезеңді жазбай, бұл жерде және ондағы адамдарға не болғанын көрсетпей саясат туралы бір бөлігін ғана айтқым келмейтінін әрі айта алмайтынымды түсіндім. Кейіннен менде басқа амал жоқ сияқты сезім пайда болды. Бұл менің Қазақстанда туып-өскен, ядролық мәселелермен айналысатын адам ретінде, әкемнің қызы ретіндегі міндетім мен жауапкершілігім сияқты. Маған бұл кітапты жазу қажет екенін түсіндім. Осы жылдар бойы мені қандай да бір толқын көтеріп жүрді. Кітап жазу жұмыс берушінің немесе университеттің міндеті емес еді, бұл менің жеке жобам әрі оны аяғына дейін апару керек болды».

Тоғжан Қасенова «Атом улаған дала» кітабын басқа тілдерге аудару жайы талқыланып жатқанын айтады. Кітаптың қазақ тілінде басылып шыққанын, қазір оның орыс тіліне аудармасы дайындалып, сондай-ақ украин тіліне аударылуы мүмкін екендігі туралы хат келгенін автор қуанышпен жеткізеді. Бұнымен шектелмей, авторға адамдар кітап бойынша деректі немесе көркем фильм түсіру туралы ұсыныстармен жүгініп те жатқан көрінеді. Бірақ, автордың айтуынша, олардың арасында әлі идеалды нұсқа жоқ.

Тоғжан Қасенова еліміздің атом саласындағы жас зерттеушілері жайлы былай дейді:

«Мен Қазақстанның жас зерттеушілері мен белсенділерінің жаңа ұрпағы осы тақырыпқа қызығушылық танытып, бұл миссияны одан әрі жалғастырғанын қалаймын. Осы бағытта жұмыс істеуге бел буған жас ғалымдардың іздеп табуы жеңіл болсын деп, библиографияда қандай құжаттардың қай архивте екенін арнайы көрсеттім. Бұл зерттеу тақырыбын ғалымдардың жаңа жас буыны жалғастырады деп үміттенемін.

Жуырда қазақстандық «Атом улаған дала» басылымының шығуына тікелей атсалысқан алты қазақстандық жас Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы елдердің үлкен конференциясына Нью-Йоркке ұшып келді. Олардың арасында сынақтан зардап шеккен төртінші буын өкілдері де бар. Конференция аясында БҰҰ-ның штаб-пәтерінде олар жаңа ұрпақтың ядролық мәселелерге қалай қарайтынына арналған іс-шара өткізді. Олар жиналғандарға қатты әсер еткені сонша залда тыныштық орнады. Мен бұл жігіттер үшін өте қуаныштымын. Олардың барлығы Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры екі рет ұйымдастырған Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мектебінің қатысушылары немесе ұйымдастырушылары болды. Олар «Жастар» ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт бағдарламасына қатысуға өтініш берді және қазір осы бағдарлама аясында Қазақстанды абыроймен таныстырып отыр. Жақында олар «Қазақстан жастары ядролық әділет үшін» бастамасын құру туралы бағдарламасын жариялады. Мен олардың жетістігіне шын жүректен қуанамын. Олардың барлығы өте ақылды, талантты және білімді әрі менің көкейіме Қазақстанның жарқын болашағына деген сенім ұялатады. Ал, олардың алдағы уақытта әлі талай пайдалы істер атқаратынын білемін».

Сонау Америкада еңбек етіп жүрген білікті тұлға өз елінде болып жатқан оқиғаларға бейжай қараған емес. Қазақстанды көркейту үшін өз үлесін қосуға тырысады. Ол бұл туралы көкейдегі ойын былайша жеткізеді:

«Өкінішке қарай, мен Қазақстанда тұрмаймын және тұрақты түрде сабақ бере алмаймын. Бірақ, білім беру сипатындағы маңызды шаралар туралы сөз болғанда келуге тырысамын. Мен Қазақстанда ядролық қарусыздану және таратпау бойынша мектепті ұйымдастыруға қолдау көрсеттім, ғылыми кеңесші және лектор рөлін атқардым. Ядролық тақырыпта дәрістер өткізу үшін осы іс-шараларға АҚШ-тан арнайы келдім. Осылайша, мен бұндағы талантты жастармен таныстым.

Бақытыма орай, менде ядролық тақырып бойынша университеттерде дәріс пен баяндамалар арқылы қазақстандық жастармен тұрақты қарым-қатынас жасау мүмкіндігі бар.

Білесіз бе, мен кішкентай әрекеттердің күшіне сенемін. Егер сіз өз жұмысыңызды дұрыс және өз орнында жасасаңыз, бұл үлкен өзгеріс әкеледі. Бейресми талқылауларда да әркім өз үлесін қосатынын ескеру маңызды. Академиялық және үкіметтік емес ортадағы әріптестерім болсын немесе Астанада не Алматының креативті индустриясында үкіметте жұмыс істейтіндер болсын қазақстандық құрдастарымның өз істерін істеп жатқанын көру маған қуаныш сыйлайды. Елде бәрі дұрыс емес деп шағымданып қана қоймай, өзінің оң үлесін қосатындарды құрметтеймін. Мен үшін мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік қызметтің дамуы да маңызды. Білемін, кейде кейбіреулер министрліктерде бәрі жаман деп санайды. Әңгіме осы бағытта жүріп жатқанда, мен әңгімелесушілерге Үкіметте қазақстандықтар жұмыс істейтінін еске салуға тырысамын, олардың көпшілігі өз еліне жамандық тілеуі екіталай. Ақ-қара пікірлер әсіресе қиын сәтте бізге көмектеспейді. Біз бәріміз өз үлесімізді қосуға және жағдайды жақсарту үшін жұмыс істеуге міндеттіміз. Енді бізге үмітті жоғалтпау, жай шағымдану емес, әрекет ету маңызды».

Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабы еліміздің ұлттық трагедиясын, Семей полигонының халыққа тигізген зардабын, атом энергиясының көлеңкелі тұстарын, сондай-ақ кеңес үкіметінің Қазақстанға жасаған сұм саясатының кесірін әлемге паш етеді. Әрбір оқырман одан керегін алып, ой түйсе құба-құп.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Тоғжан ҚАСЕНОВА – саяси ғылымдар докторы, Олбани университетінің саяси зерттеулер орталығының (SUNY-Albany) аға ғылыми қызметкері, Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының резиденттен тыс ғылыми қызметкері, БҰҰ-ның заңсыз қару-жарақ саудасын қаржыландырудың алдын алу жөніндегі кеңесшісі. Мамандығы: халықаралық ядролық саясат және қаржылық қылмыстардың алдын алу.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here