Ахмет Байтұрсынұлының монологы (RAFT әдісімен)

0
1190

Дүниенің жүзін көрдім қапылған,

Қайта алшындап,

Рең ала ма тақыр маң?

Келешекті шолып қайттым рухыммен,

Өзім өмір сүріп кеткен ғасырдан.

Әр елдің бар кәуекбас пен кәуірі,

Тыйылған ба кәндендердің шәуілі?

Сенен тыныш,

Сенен жарық екен-ау,

Патефон мен пілте шамның дәуірі.

Ылаң салсаң,

Қалды ұят, қалды аят,

Сезесің бе тұрғандығын жар таяп?

Қыр қазағы сақтап еді бірлігін,

Екі әріптің басын қоса алмай-ақ.

Үйелменім!

Биікте бол, сауғаңды ал,

Рухың сынса,

Алға қандай болжам бар?!

Телефоннан қазақ тілін таңдай ма,

Бір-бір кіші құдай болып алғандар?

Жиналыста

Жалау менен шарды ұстар,

Шала қазақ әрекеті жан қыстар.

Қайда бара жатырсың сен,

Ұрпағым,

Тілмәшсіз-ақ түсінісер аң-құстар.

Отар болып,

Сан ығыстың шетке сен,

Көсегеңді көгертпеді көп көсем.

Дақыл атын өз тіліңде жаттайсың,

Жапондардай жерді емуден кетпесең.

Асылдарын қырып салған аңдарша,

Үркіншілік заманда әлсіз заң барша.

Жағаластым

Жансебіл боп ел үшін,

Жансыз денем күлдей суып қалғанша.

Қайтарам деп басқа жаққа бақты ауған,

Елемеді соққан желді қапталдан.

Боздақтар-ай

Барсакелмес – бақиға,

Тоғыз грамм салмақ қосып аттанған…

Шашты ағартты келер күнді уайымдау,

Сен жығылсаң,

Жұлмалауға дайын жау.

Құндылықтың тек қаңқасын қалдырар,

Сырлаушы мен суретшіні айырмау…

Қазақ үшін атсын алдан таң ізгі,

Тарих қайта аршып алар әр ізді.

Ұлтқа қызмет –

Алда жүру алқынып,

Болашақтан келген адам тәрізді!

Бекжан Әшірбаев

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here