Су соғысы немесе жаңа құрылған министрлік мәселені шеше ала ма?

0
1133

Жоғары аудиторлық палатаның су ресурстарын басқарудың тиімділігі туралы тұжырымдары жүзімізді жерге қаратты деуге болады. Сала былыққа белшесінен батқан, ал су тапшылығы – бүгінгі күннің шындығына айналды. Жаңадан құрылған министрлік бұл мәселені шеше ала ма? Турасын айтқанда, елімізде оны шешетін кадрлар да жоқ.

Елімізде халықтың жартысына жуығы тұратын оңтүстік аймақтар суға қатты тәуелді. Бүкіл су алынатын жердің 97%-ы және бүкіл суармалы алқаптың 78%-ы осы оңтүстік өңірлерде. 

Соңғы 25-30 жыл ішінде елдің су ресурстары сарқылуға аз қалды, демек бұл тығырықтан шығудың бір жолы – оларды тиімдірек басқару. Әйтпесе, бізді апаттың айналып өтпесі анық. Жоғары аудиторлық палата оңтүстік өңірді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың іске асырылуына мемлекеттік аудит жүргізді.

Әдеттегідей, түрлі құжаттар бойынша жетіспеушілік жоқ. Су мәселесі Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында, 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарда, 2025 жылға дейінгі стратегиялық көрсеткіштер картасында және басқа да ондаған ведомстволық құжаттарда айтылады.

Кезінде су ресурстарын басқарудың 2014 жылдан 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы да бекітілді, бірақ 2017 жылы ол ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын логикалық тұрғыда аяқтамай жатып және нақты нәтижелерді келтірмей бекітуге байланысты күшін жойды.

Осы уақыт ішінде 2003 жылдан бері қолданылып келе жатқан Су кодексіне 70-тен астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, нәтижесінде құқық қолдану кезектілігі жоғалды, бұл жалпы су шаруашылығының барлық деңгейіндегі жағдайдың нашарлауына алып келді. Сонымен бірге бірқатар жүйелік мәселелер шешілмеген күйінде қалды.

Қазір міндеттердің бір бөлігі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына көшті, сондай-ақ су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Онда жаңа су қоймаларын салу және апаттық су қоймаларын, каналдарды жаңғырту, автоматтандыру және цифрландыру, гидропосттар құру, өзендер мен көлдерді тазарту, «су дипломатиясы» қызметін күшейту және т.б. жобаларды іске асыру жолымен қол жеткізілетін негізгі индикаторлар айқындалған.

Тұжырымдама жобасында бірыңғай цифрлық жұмыс кеңістігін құра отырып, гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру жүйелерін жоғары тұрған облыстық және республикалық диспетчерлік қызметтерге біріктіру, су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың бассейндік схемаларын жаңарту бойынша жоғары аудиторлық палатаның жекелеген ұсынымдары ескерілді.

Құжатта трансшекаралық өзендерден су алу көлемін есепке алудың бірыңғай тәртібінің әзірлемесі жоқ. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында жасалған трансшекаралық су ресурстары саласындағы мемлекетаралық келісімдер өзектендіруді қажет етеді. Қазірдің өзінде көршілеріміз арасындағы келіспеушілік үдей түсті. Кейбір сарапшылар дәл осы су мәселесі аймақтағы қақтығыстарды, тіпті әскери қақтығыстарды тудыруы мүмкін деп санайды.

Жағдай гидротехникалық құрылыстардың апаттық жағдайына, су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейінің төмендігіне, технологиялық ескірген суару жүйелерін қолдануға және автоматтандырудың болмауынан суды 40%-ға дейін жоғалтуға байланысты күрделене түскен.

Су арналары айдынында суды тасымалдау кезінде су алу көлемінің 50%-на дейін жететін үлкен шығындар әсіресе су арнасы конструкцияларының бұзылуынан, қолданылған құрылыс технологияларының жетілмегендігіне байланысты ағып кету салдарынан болып отыр, мысалы, аңғарларда су күшті сүзіледі, сондай-ақ жоғары температура мен желдің әсерінен ашық аңғарларда жылдам булану процестері жүреді.

«Қазсушар» РМК-нің қаржылық жағдайы тұрақсыз. 2018-2023 жылдар бойынша арналарға су беру тарифі мәлімделген деңгейден 2 есе төмен бекітілген, соның салдары 2019 және 2020 жылдардың қорытындысында шығынға батырып, мекеменің қаржылық жағдайының нашарлауына әкелді. 2021 және 2022 жылдар нәтижесінде алынған кіріс бұрын жиналған шығындарды жабуға әсер етпеді.

Соның салдарынан салада білікті кадрлардың тапшылығы қатты сезіліп, жалақының төмендігіне байланысты тәжірибелі мамандар тұрақтамай отыр, ал «Қазсушар» РМК филиалдарындағы басшылық лауазымдарға бейінді су шаруашылығы бойынша және гидротехникалық білімі жоқ мамандар тағайындалуда.

Республикалық бюджет және халықаралық институттар қаражаты есебінен инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру кезінде өзара іс-қимыл үйлестірілмей қалды. Нысандар құрылысы жылдар бойы созылып, қымбаттай түсіп, оңтүстік өңірлерде әлеуметтік шиеленіс артып келеді.

Жобалар созылып, соның салдарынан суаруға жоспарланған 3 852,9 га жер ауыл шаруашылығы айналымына енбеуіне байланысты су саласын қаржыландыратын ЕҚДБ мен ИДБ-нің бұл істен көңілі қалды. Тіпті, халықаралық институттардың қарыздары бойынша жобалардың ТЭН-і де сапасыз дайындалады.

Ақтөбе облысында ЕҚДБ-ның 8 аяқталған жобасы бойынша объектілерді жобалау кезінде жіберілген қателіктерге, сондай-ақ ирригациялық жүйелердің сақталмауына байланысты жалпы сомасы 3 011,8 млн теңгеге орнатылған жабдықтар мен тұрғызылған ирригациялық жүйелердің инфрақұрылымын жер пайдаланушылар пайдаланбайды.

Сумен жабдықтау мәселелері бойынша өңірлерде анықталған көптеген бұзушылықтар жобаларды жоспарлау мен іске асыруды бақылаудың жоқтығын көрсетті.

Дәл қазір Қазақстанға озық елдердің, оның ішінде Қытайдың құрғақшылықты басқару және жаңа технологияларды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс істейтін ауыл шаруашылығына арналған суару жүйелерін құру және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі тәжірибесін зерделейтін кез келді. Сондай-ақ, Түркия, Израиль және Сингапурдың жерді суару, суды есепке алу жүйелерін енгізу және тамшылатып суару, су дайындау және суды тазарту технологияларын белсенді қолдану саласындағы тәжірибесін ескеру керек.

Естеріңізге сала кетейік, егер су ресурстарын пайдалану мен басқарудың тиімділігі артпаса, 2040 жылға қарай су тапшылығы мәселесі күшейе түседі, бұл халықтың сумен қамтамасыз етілуіне, ЖІӨ-нің өсіміне және қоршаған ортаның жағдайына кері әсерін тигізеді.

Су шаруашылығы және жалпы саладағы проблемаларды депутаттық корпус бірнеше рет айтқан. Жүйелік проблемалардың ішінде олар су объектілеріне мемлекеттік мониторингтің іс жүзінде жоқтығын, елдің трансшекаралық өзендер арқылы келетін суға тәуелділігін, кейбір жерлерде су шаруашылығы объектілерінің 90%-ға дейін тозуын (гидротехникалық құрылыстардың апатты жағдайының одан әрі өсуі), су үнемдеудің озық технологияларының баяу енгізілуін және т.б. атап өтті.

Жоғары аудиторлық палата жүйелі ұсынымдар қатарында бұрын су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға (сондай-ақ Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құруға), су саласын дамытудың бағдарламалық құжатын, сондай-ақ Су кодексіне бірқатар түзетулер енгізуге жауапты бірыңғай мемлекеттік орган құру қажеттігін жеткізді. Бірақ, құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл тапсырманы орындай ала ма? Оның үстіне сумен жабдықтау саласындағы мәселелер заңнамалық тұрғыдан екі мемлекеттік органның құзыретіне кіреді: Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Демек, сумен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеу ісінде екі жауапты мемлекеттік органның арасындағы бейберекетсіздік одан әрі жалғасады деген сөз.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here