Сергек ойдың кемелдісі

0
943

Әлімсақтан айтылып келе жатқан әпсана бойынша шыр етіп дүние әлемінің есігін ашқан әр пенденің маңдайына жазылған тағдыры болады деп жатамыз. Сол тағдыр атты бақталай шығармашылық дейтін күш бойына біткен пенде шіркінге өмір ұдайы ізденісті, талмай талаптануды талайына жазған сияқты. Ол өмір бойы оқып үйренеді, ізденеді, арғы-бергі тарихты, оның ішінде әдебиет тарихын аударып-төңкеріп бүгінгі заман талғамы тұрғысынан саралайды. Білгенін шәкірттерінің бойына сіңіріп, ізбасар тәрбиелейді. Бүгінде 70 жастың желкенін керіп отырған елімізге танымал журналист-жазушы Жанұзақ Аязбекұлы Аязбеков сондай тұлғаның бірі.

Жанұзақтың қысы жұмсақ оңтүстік өңірден ақшақары ат бауырына жететін Қостанай сияқты аймаққа келуінің де өзіндік сыры бар.

– Қостанайға 1973 жылы келгенмін. ҚазГУ-дың журналистика факультетінің екінші курс студенттері ауыл шаруашылығы жұмыстарына екі ай бойы жегіліп, қазіргі Ұзынкөл ауданындағы «Үйкескен» деген ауылда болған едік. Рас, табиғаты да, адамдары да ұнаған. Бірақ негізгі себеп – жастық романтика. Отбасындағы сегіз баланың ортаншысы болған соң әке-шешем де ел көрсін, жер көрсін деп университет бітірген бойы Қостанайға жолдама алуыма қарсылық білдірмеді. Сөйтсек бұл тағдырдың жазуы екен. Міне содан бергісін есептей беріңіз, – дейді ол бір әңгімесінде.

Ол алдымен Қостанай облыстық телевизия және радио комитетінде  қатардағы редактор болып жұмыс істеді. Одан соң жастар редакциясының меңгерушісі, аға редактор, облыстық радионың бас редакторының орынбасары, Қостанай облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы, Қазақ радиосы мен Қазақ теледидарының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, Қостанай облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары, осы компания құрылымындағы «Заман» телеарнасының директоры қызметтерін атқарды.

Кәсіпқой маман 45 жыл қызметінде БАҚ-тағы барлық салаға сүбелі үлес қосты. Радиожурналистикада тың аудиожорналдар мен альманахтарды таспаға түсірді. Өзі жазып өзі жүргізді. Тікелей эфирде тыңдаушылармен алуан тақырыпта сұхбаттасты. «Гүлдерайым» атты әдеби радиоальманағы танымал хабар атанды. «Замандас» бағдарламасына тыңдаушылардан хаттар көптеп келіп тұрды. Жанұзақ Аязбековтың радиохабарлары республикалық Қазақ радиосының назарына ілігіп, оның бағдарламаларын ел эфирінен бере бастады. Радио қызметінің қыр-сырын меңгерген маман Қазақ радиосының өңірдегі меншікті тілшісі қызметіне көтерілді.

Жанұзақ Аязбекұлы Қостанай облысында тұңғыш облыстық телевизияның қарашаңырағын көтеріскен тұлғалардың бірі. Ол 1989 жылы Қазақ телевизиясының Қостанай облысы бойынша меншікті тілші қызметін атқарды. Ал 1991 жылы 1 ақпанда Қостанай қаласында облыстық телевидение ашылды. Телемаманды облыстық телекомпанияны құруға шақырды. Ол бұл жұмысқа белсене кірісіп, өз алдына телевизиялық бағдарламалар жасап, өзі экранға шығып, хабарлар жүргізді. Телевизиядағы ізденістері де қомақты нәтиже берді. Табысқа кенелтті.

Жанұзақ Аязбеков Мәскеуде өткен IV Евразиялық телевизиялық форумына «Қазақ тұлпары» авторлық бағдарламасымен қатысу мәртебесіне бөленді (2001 ж.). Осы қызметте ол облыстың қиыр-қиырын аралап, ауыл-аймақтардағы қарапайым тұрғындармен дидарласып, мың-мыңдаған шақырым жол жүрді. Сондай жанкешті еңбегінің бір нәтижесінде облыс әкімінің «Облыстық ең үздік репортері» атты арнайы сыйлығының жүлдегері атанды (1999 ж.), ал  өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын шебер сараптай білген телехабарлары үшін «Қазақстан» РТРК телебайқауында «Апта» ақпаратты сараптау бағдарламасы 1 орынға ие болды ( 2002 ж.).

Жанұзақ Аязбеков облыстық телевизияда тұңғыш рет телемарафон ұйымдастырып, оны жүргізген майталман. Ол алғашқылардың бірі болып  дельтапланмен ұшып, көк төсінен телесюжеттер жасаған тілші. Сол сияқты зәулім аспанда АН-2 ұшағымен толқыған егін орағынан теледидарда тікелей репортаж жүргізгендердің бірі.

Оның журналистік шығармашылық ізденістері лайықты бағасын алып жатты. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің (2000 ж.) және Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2007-2008 жылдары Жанұзақ Аязбековтың «Замана» телебағдарламасы көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа бөленді. Автор осы бағдарламасы үшін 2008 жылы Қостанай облыстық Меценаттар Клубының «Қазына» сыйлығын жеңіп алды. Сондай-ақ, осы жылы Қазақ теледидарының 50 жылдығына орай «Алтын жаршы» белгісімен марапатталды. Ал 2009 жылы Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» құрмет белгісіне ие болды

Оның көсемсөз мақалалары мен әдеби-мәдени еңбектері  республикалық мерзімді басылымдарда («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», т.б.)  жарық көріп жатты. Оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. 2014   жылы  облыстық Мұхаметжан Сералин атындағы сыйлыққа ие болды.

Жанұзақ Аязбеков үшін облыстық «Қостанай таңы» газетіндегі қызметі өз алдына бір төбе. Бұл журналистік қызметіндегі тың бетбұрыс еді. Газет тізгінін алысымен-ақ батыл ізденістерге барды. Газеттің мазмұны мен бет-бейнесін өзгерту үшін тынымсыз тер төкті. Ауқымды қарекеттер жасауға тура келді. Ол үшін оқырмандардың ой-пікірлері, ұсыныстары айрықша маңызды болатын. Сондықтан ұжым мүшелері болып, өңірдің барлық қала мен аудандарына сапарға шықты. Шалғайдағы қалыс-қалтарыстағы ауылдық жерлерге ат басын бұрды. Жүздесу мен кездесулерде газет оқушыларының талабы мен талғамына құлақ түрді. Сын-ескертпелеріне мұқият мән берді. Басылымды қайткенде оқылымды етуге болады деген сауалға да жауап іздеді. Нәтижесінде газеттің «Қостанай ақшамы» атты қосымшасы жарық көрді. Сондай-ақ, әдеби қауым үшін «Шұғаның белгісі» айдары дүниеге келді. «Сән мен сымбат», «Тылсым», «Дода» арнаулы беттері оқырмандардың  ықыласын аударды.  Әсіресе, өзі нөмір сайын «Бас редактор әлемі» атты айдар ашып, қоғамдық өмірдің  алуан түрлі ащы шындығын айтуға ұмтылды. Оқырмандар болса бұл бастаманы қызу қолдады. Хаттар ағылып келе бастады. Кездесулерде  қауым өкілдері осы бағыттан таймай жалғастыра беру туралы аманаттарын жеткізді. Ізденіс пен маңдай тер еңбек елеусіз қалған жоқ. 2015 жылы Жанұзақ Аязбеков еліміз бойынша байқау қорытындысында Республикалық Г.Толмачев атындағы «Қазақстандағы ең үздік облыстық газеттің  Бас редакторы» жүлдесін жеңіп алды. Ал 2017 жылы «Қазақ журналистикасының  қайраткері» деген құрметті атағы мен медаліне ие болды.   

Газет ұжымы – бұл тірі ағза, өзіндік бітімі, қайшылығы бар  ұйым. Ондағы шығармашылық және қосымша қызмет адамдарының қабілет-қарымы, ой-көзқарасы, қажыр-қайраты әр түрлі. Олардың бәрінің бір арнаға бұрып, бір мақсатқа жұмылдыра білу өнер. Ал журналистердің дарыны мен қарымын қозғау салып, бойдағы талант көзін ашуға тынымсыз ізденіс керек. Жанұзақ Аязбеков осындай талап үдесінен шыға білді. Оның басшылық  өнері мен өнегесін журналистер қауымдастығы айрықша назарға алды. Еңбектері мен қызметінің нәтиесін жоғары жақ сараптауға алдырды. Соның  игі  нәтижесінде 2019 жылы Алматы қаласында Жанұзақ Аязбековты  Қазақстан Журналистер Академиясының академигі етіп сайлады. 2021 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды,

Жанұзақ Аязбеков өзінің бай журналистік тәжірибесін кейінгі жас шәкірттерге, атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика бөлімінің студенттерін үйретуге де уақыт таба білді. Ондаған жылдар ол болашақ журналистерге дәріс берді, кәсіптік шеберлікке баулыды. Қазір  көптеген шәкірттері  облыстық,  республикалық БАҚ-та абыройлы қызмет атқаруда. 

Жанұзақ Аязбекұлы ес білгелі көркем әдебиетті жанындай жақсы көріп, рухани серігі еткен жан. Кішкентайынан қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорынан нәр алған ол оның інжу-маржандарын жатып-жастана оқып, рухани көркемдік түсінігі ертеден қалыптасқан қаламгер. Ол мектепте жүргенде өлеңдер жазды, балауса әңгімелері аудандық, облыстық,  республикалық басылымдарда жарық көрді. Жанұзақ Аязбекұлы журналистік қызметте жүргенде көркем әдебиеттің тыныс-тіршілігін үнемі қадағалаумен, сүбелі туындыларды оқып сусындаумен ғұмыр кешті. Қолы қалт еткенде өзі де ауық-ауық туындыларын қағазға түсірді. Алғашқы жинағы «Ағайынның арасы», содан соң «Тіршілік сауалы», «Кие мен ие», «Ел сөзі» кітаптары басылып шықты.

2019 жылы Жанұзақ Аязбековты Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Сол жылы оны Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры етіп сайлады. Ұзақ жылғы әдеби ізденісінің арқасында «Бальзак неге жылады?» атты сараптамалық әдеби-сын кітабы дүниеге келді. Кәсіби оқырмандар автордың бұл еңбегін жоғары бағалады. 2022 жылы Жанұзақ Аязбекұлына осы кітабы үшін Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

Әдебиет әлеміне туа бітті келетіндер де, жол-жөнекей қосылатындар да бар. Жанұзақ солардың алдыңғы легіне әбден лайық. Бала күннен бастап өзі мұрат еткен сыншылық жолға жан-жақты дайындықпен келген қаламгер. Өйткені, оныншы сыныпта оқып жүргенде «Жастық жалыны ма?» деген рецензиясымен сол кездегі беделді «Жұлдыз» журналында жарқ етіп көрінуі тегін болмаса керек. Оның бергі жағында ҚазГУ-де оқып жүріп бес жыл бойы Мәскеуде шығатын «Вопросы литературы» журналын жаздырып алып, басына жастап жатып оқуы оның сыншылық болмысын қалыптастырудағы ең алғашқы баспалдақ болғаны анық. Содан да болар ол өзін әдебиетке құлай берілгендердің сойынанмын деп есептейді. Сонау кеңес заманнан бері әдебиеттің киелі табалдырығын аттап алып, киесіз дүниемен айналысатын жазармандарға өкпелі. Әдебиет ардың ісі екенін біле тұра арзан шығармаларды үсті-үстіне шығарып, қолдан мақтатып, биліктің күшімен жарнамалап, елдің көз алдында көлбеңдеуді әдет қылғандарымен жаны қас. Айталық «Горио әкей» романының соңғы нүктесін қоя салып басты кейіпкері Гория әкейді романда өлтіргеніне бола Бальзак ағыл-тегіл жылап, отырған орнында столынан құлап қалыпты. Бәлкім, бұл Бальзак танушылардың әсірелеген аңызы болып-ақ қойсын, ең бастысы – жан терлемей, жүрек толғанбай шынайы туынды шықпайды дегенді айту. Мен ұзақ жылдар бойы Бальзактың романдары туралы жазғандарды оқыдым. Соны барынша бойыма сіңірдім. Содан барып «Бальзак неге жылады?» атты сараптамалық әдеби-сын кітабы дүниеге келді. Негізінде Жанұзақ не жазса да тереңнен толғап алған объектісінің ұңғыл-шұңғылын зерттеп барып қалам ұстайтын жазушы. Бұл тұрғыдан алғанда қаламгер кермек ойды кемерінен асырып, заманауи ой толғамдарымен өрнектеп, үкілеп барып оқырманына ұсынатын талғампаз жазушы, сыншы, сараптамашы.

Оның постмодернизм туралы ой-толғамдары да қызық. Бұл әдебиет   тарихындағы классицизм, романтизм, сентиментализм, символизм, авангардизм, реализм тағы сондай «измдер» секілді заман тудырған құбылыс екенін айтады.

– Бірақ мұның тұрпаты бұрынғыдан ерекше. Бұл адамзат қоғамының жоғары даму сатысында дүниеге келді. Мұнда табиғат заңдарына қарсы тұру, құдайды мойындамау, дәстүр атаулыны жоққа шығару т.с.с.  көзқарасты сипаты басым. Сондықтан да тамыры тереңге кеткен дәстүрлі әдебиеті бар елдер мұны қабылдай қоймауы заңды. Өйткені әр қоғамның даму деңгейі әртүрлі. Дамыған, озықпыз деген елдердегі киберәдебиет  яғни ғаламтор кеңістігінде пайда болған технологиялық, желілік әдебиеттің болмысы мүлдем бөлек. Қазір айтып жүрген постмодернизмнің салқыны солардан келді. Бұл әл-әзір қазақ топырағында өсіп-өніп көктей қойған жоқ. Бірақ бізде болмайды дегендік емес. Заманында Абай поэзиялық модернизмнің қазақы үлгісін жасады. Кемелдеген социализмде Төлен Әбдік «Оң қолын» жазды. Тәуелсіздік кезеңінде Мұхтар Мағауин «Жармақты» ұсынды. Дәстүрлі әдебиеттің уызы аузынан кетпген біздің оқушыға бұлар бәріне бірдей оң жамбасына келеді дей алмаймын. Радикалды постмодернизмнің үркітіп отырғаны – дәстүрлі әдебиетті күресінге тастап, көркем ойды жоққа шығарды. Сырт көзге жаңғыру, жаңару секілді көрінгенімен, шын мәнінде адам ойына келгенін істеп, табиғи құмарлығы мен құштарлығына шексіз еркіндік беру деген тобырлық санаға мәтіби. Мұндай сипатын алғанда рухани құндылықты жоққа шығарушы деуге қисыны бар.

Жанұзақ Аязбекұлының облыс ақын-жазушылар ұйымының тізгінін алғалы бергі жұмысы да игі нәтижелерін берді. Облыс тарихында тұңғыш рет  бірден 6 қостанайлық талантты адамдарды Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдауға мұрындық болды. Облыста тұңғыш рет дарынды жас ақындар жырының театрландырған көрінісін облыстық қазақ драма театрында қойды. Елге танымал қазақ әдебиетінің классиктері Сырбай Мәуленов, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин секілді жерлестеріміздің мерейтойлары тартымды өткізілді. Облыстағы жас ақын-жазушылардың тырнақалды жинақтарының да таныстырылымы қалың оқырмандарға паш етілді.

Журналистика  тағдырына айналған, әдебиет жан қуаты, серігі  болған Жанұзақ Аязбекұлы  қазір  нағыз  кемеліне  келген  жаста. Шалқар ойлы, кең парасатты, жаны шуақты азаматтың алдағы күнде де берер тағлымы, етер қызметі жалғаса бермек.

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here